Жаңалықтар

Сәбит Шілдебай: Архивте қазақтың тарихы қаттаулы

Сәбит Шілдебай: Архивте қазақтың тарихы қаттаулы
29.04.2022 17:18 5489

Орталық мемлекеттік архив РМК директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебаймен сұқбат.

Сәбит Шілдебай: Архивте қазақтың тарихы қаттаулы

– Қандай да мемлекеттің тарихы өз архивінде қатталып тұрғаны дұрыс қой. Бұл тұрғыдан келгенде деректерді жинау, бар деректерді реттестіру, дерекқорларды түзуде сіз басқарып отырған мекеменің іс-тәжірибесі қандай?

– Өздеріңіз де білесіздер, ҚР Орталық мемлекеттік архиві – Қазақстандағы ең көне архив. Былтыр, 2021 жылы ҚР Орталық мемлекеттік архивінің құрылғанын 100 жыл толып, оны бүкіл Қазақстандағы архив саласының мерекесі ретінде жоғарғы деңгейде атап өттік. Президентіміз біздің ұжымға құттықтау хат жолдап, мәртебемізді бір көтеріп тастады. Сол құттықтауында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Халқымыздың тарихи жадын сақтап қалу үшін мұрағаттың атқаратын рөлі зор. Біз ел-жұртымыздың басынан өткен оқиғаларды түпнұсқа дерек көздерінің негізінде жан-жақты зерделей аламыз. Сондай-ақ бүгінімізді бағамдап, болашаққа бағдар түземіз... Біздің міндетіміз – осы мол мұраны сақтап, ұрпаққа аманаттау. Сондықтан, қазіргі таңда бүкіл мұрағат қорын түгел цифрлық жүйеге көшіру айрықша мәнге ие болып отыр» деген болатын.

Кез-келген архивтің қызметі негізгі үш сала бойынша жүреді. Біріншісі, құжаттарды жинайды. Екінші қызметі, жиналған құжаттарды сақтайды. Үшінші, жиналған құжаттарға ғылыми-анықтамалық аппарат жасап, жол сілтейтін анықтамалық көрсеткіштер түзеді, сонымен қатар ғылыми құжаттарды ғылыми айналымға түсіреді. Міне, осы үш үлкен саланың басын қосып отырған архивтің маңызы өте зор. ҚР Орталық мемлекеттік архиві еліміздегі ең көне архив болғандықтан, тәжірибесі де ең бай архив. 1920 жылдан бастап 1991 жылға дейінгі аралықта, әуелі ҚазАКСР-і, кейін ҚазКСР-і болған еліміздің жоғарғы билік органдарының және алғашында халық комиссариаттары деп аталған, кейіннен министрлік болған салалық мемлекеттік билік органдарының, республикалық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің құжаттарының барлығы біздің архивке жиналған болатын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1994 жылы астанада ҚР Ұлттық архивін құру туралы шешім шығып, 1996 жылдан астанада Ұлттық архив құрылды. ҚР тәуелсіздік алғаннан бастап одан кейінгі уақыт бойы мемлекеттік мекемелердің құжаттары сол мекемеде жиналатын болды. Біздің Орталық мемлекеттік архив 1991 жылдан бері қарай Алматы қаласындағы республикалық мемлекеттік мекемелердің және республикалық деңгейдегі маңызы бар меншік нысандары болып саналатын мекемелердің құжаттарын жинап, соларды сақтап отырмыз. Ол құжаттар жиналады, тізімдер жасалады. Болашақта тарихты жазушылар, ізденушілер үшін айналымға түседі.

– Жалпы архив құжаттары қалай сақталуы керек? Оларды сақтау, жинақтау тәртібі, арнайы стандарты заман ағымына сай өзгере ме?

– Қоғам бір орнында тұрмайды, қоғам да, қоғамдағы қарым-қатынастар да даму үстінде. Ғылыми-техникалық прогресске сәйкес заңнамалар да жетіліп отыр. Жетіліп отырған заңнамаларға сәйкес құжаттар жинау, сақтау тәртібіне қатысты стандарттар, ережелер, нұсқаулықтар үлесі өзгеріп отырады. Бұрын архив құжаттарын қағаз түрінде сақтайтынбыз. Қазір архив құжаттарын бірден электронды түрде және цифрландырып сақтау мәселесі күн тәртібіне шықты. Архивте жинақталған қағаз құжаттарды цифрландыру талабы қойылды. Сондықтан архивке, архив құжаттарын жинау, сақтау, жариялауға байланысты стандарттар үнемі өзгеріп, жетіліп отырады. Қазақстандағы көптеген архивтер өз қорындағы құжаттарды цифрлауды бастады. Біздің архивте де бұл жұмыс жүріп жатыр. Бірақ біздің архив – Қазақстандағы ең үлкен, бай архив. Оның қоры бір жарым млн-ға жуық. Сондықтан ол құжаттың бір пайызының өзін бір жылда цифрландыру біздің архив үшін өте үлкен күш. Оның негізгі себебі, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мен штат санының жетіспеушілігі. Мысалы, 1992 жылы қоры бір млн-ға жетпеген біздің архивте 102 адам штатта жұмыс істеген. Ал қазір бір 1 млн 344 мың іс сақталып тұр. Істің саны көбейгенімен, штат азайып кеткен. Қазір 58 адам ғана жұмыс істейді. Оның он тоғызы оқу залына қызмет көрсетумен айналысады. 1733 жылдан бастап түпнұсқа құжаттарды, 16 ғасырдан бастап Қазақ хандығына қатысты шетелдерден алып келген құжаттарды сақтайтын тарихи архив болғандықтан, бізге Қазақстанның да, шетелдің де зерттеушілері көп қызығады. Біздің оқу залымыз зерттеушілерден босамайды. Он тоғыз қызметкер бір ғана оқу залына қызмет көрсетумен айналысады. Директор, директордың орынбасарлары барлығымыз осы мәселеге біраз уақытымызды жұмсап отырамыз. Екіншіден, біздің архив Кеңес заманындағы бүкіл мемлекеттік билік органдары, мемлекеттік мекемелер қорын сақтап отырғандықтан, әлеуметтік маңызы бар сұраныстар өте көп түседі. Бұрынғы жұмыс орнына қатысты анықтама сұрайды, еңбек өтіліне байланысты, әсіресе зейнетке шығатын жандар әлеуметтік анықтамаға сұраныс жасайды. Әлеуметтік сұраныстарға анықтама беру мемлекеттік қызмет түріне жатады. Оған біз тегін қызмет көрсетеміз. Бізде бес-алты адам осындай әлеуметтік сұраныстарды орындаумен айналысады. Ал қалған архив қызметкерлерінің жартысы мен жоғарыда айтқан басқа қызмет түрлерін атқаруға күш жұмсайды. Олар архив құжаттарын жинау, сақтау, оны жариялау мәселесімен айналысады. Сондықтан архив штатын көбейту бүгінгі таңда күн тәртібінде тұр. Мұны өз тарапымнан бірнеше мәрте көтердім. Алдағы уақытта шешіледі деген ойдамыз. Өткенде біздің архивке ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев келіп кетті. Біздің ғимаратта орналасқан үш мемлекеттік архив – біздің Орталық мемлекеттік архив, Орталық мемлекеттік кино-фото және дыбыс жазбалары архиві, ҚР Орталық ғылыми-техникалық құжаттама архиві қызметімен танысты. Министр архив мамандарының қызметіне жоғары баға беріп, «Жердің, елдің тарихын сақтап отырғандағы еңбектеріңіз ерекше құрметке ие» деп атап көрсете отырып, біздің тарапымыздан қойылған бірнеше мәселені алдағы уақытта оң шешуге уәде берді. Оның біріншісі, бізде архив қоры сақтау қоймалары әбден толған. Қосымша қор сақтау қоймасын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Ауламызда ғимарат салуға лайық алаң бар. Сол жерге қосымша қор сақтау қоймасын салатын болып, сол бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Екіншісі, архив қорындағы еліміздің ақтаңдақтарын үнемі жариялап отыру алдағы уақытта даңғыл жолға қойылады деп жоспарлап, өте жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Былтырдың өзінде он екі кітап шығардық. Бұл үлкен көрсеткіш және «Архив – 2025» жоспары аясында әр жыл сайын бес-алты басылымнан шығарып отыратын болып жоспарға енгіздік. Бұйырса, осы жоспарда тұрған кітаптарды шығарып, елге таныстырып отыратын боламыз.

Енді цифрландыру мәселесіне келейік. Мұны тарқатып айтып отырғаным қазіргі штатта және оның жұмысының көлемінде цифрландыру мәселесі өте күрделі. Қазіргі штат архив жұмысын жандандыруға, алға бастыруға жеткіліксіз. Бұл штаттың күші архивті ұстап отыруға ғана жетеді. Ал архивті ары қарай дамытуға, архив қорларына ғылыми-анықтамалық аппарат жасап, оны жариялауға бүгінгі штаттың шамасы жетпейді. Сол үшін қазір архив штатын көбейту мәселесін де шешуіміз қажет.

– Осы күні құжаттардың көпшілігі цифрланды. Орталық Мемлекеттік архив құжаттары да цифрланған болар. Ал ол цифрлы құжаттар жалпы көпшілікке қолжетімді ме?

– Цифрландыру – құжаттарды сканерден өткізіп цифрлы форматқа көшіре беру, ал ол оңай ғой деп ойлайтындар бар. Олай емес. Әр заман құжаттарының өзіндік тігілу формасы бар. Оның қағаздарының көлемі әртүрлі. А5, А4, А3, А2 деген стандарттарға біздің істердегі қағаздар келе бермейді. Бізде көлемі тоқсан түрлі қағаздар бір іске тігілген. Ал тәуелсіздіктен кейінгі уақыттағы құжаттар А4 форматында. Оларды сканерлеу өте оңай, жылдам. Құжаттың түбінен сөгеді де бір сәтте 300-400 парақты автоматты түрде сканерге салса, ол екі жағын да сканерлеп бере қояды. Себебі, ол қағаз жаңа, тозбаған, жазулары жақсы көрінеді, сканерден өткізуге ыңғайлы, стандартқа сай. Ал біздің істердегі құжаттардың сапасы, өлшемі мүлдем басқа. Бір Істің өзінде әртүрлі өлшемдегі қағаз кездеседі. Тіпті А5-тен де кішкентай жапырақ қағаздар, тіпті қиындылар көп. Сканерлегенде беттің реттілігін сақтау керек қой, міне, осы кезде әртүрлі өлшемдегі қағаздарды сканерлеу көп уақыт алады. Біздің архивтің құжаттарын автоматты сканерге салу мүмкін емес. Біріншіден, қағаз сапасы өте нашар. ХХ ғ. 20-30 жылдары қағаз өндірісіне химияның араласуына байланысты, сол кезде қағазға басылған құжаттардың кейбір әріптерін химикаттар жеп қойған, тиісінше құжатты оқу қиындаған. Ол құжаттарды қышқылдан тазалау керек, ал оны тазалайтын құрал-жабдық жоқ. Қағаздар үлбіреп, үгітіліп тұр. Ал патша заманындағы құжаттарды сканерлеу одан да қиын. Құжатты сканерлеу үшін оны тігіндісінен сөгіп аламыз. Сөкпесек қағаз түбіндегі жазуды көре алмаймыз. Қазір қағаздың оң жағынан, сол жағынан екі см бос орын қалдырып жазады ғой. Бұрынғы уақытта ондай талаптар сақтала бермеген. Сол үшін Патша, Кеңес заманындағы құжаттарды қайта сөгіп, әр қағазды жеке алып сканерлемесе ол жұмысты жүргізу өте қиын. Сөгілген соң құжаттар қайта өңделеді. Жыртылған жерлері арнайы желіммен жапсырылып, қалпына келтіріледі, қағаздың түбіне жазуы қайта көрінетіндей болып түп жалғап, болашақта кедергісіз оқылатындай етіп қайда жиналады. Бұл бір өте нәзік, зергерлік жұмыс іспетті. Көп уақыт алады, шабан жүретін іс. Бізде қалпына келтіру жұмысымен айналысатын екі-ақ маман бар. «Архив – 2025» жоспары аясында мықты зертхана берілді, енді реставрация жасауға қажет қосымша материалдар алу керек, ал ол қомақты қаржыны керек етеді. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, цифрландыру жылдам жүргізілетін жұмыс емес. Орталық мемлекеттік архивтегі цифрланған құжаттарды сақтау – жеке мәселе. Оны сақтайтын қатты дискілер керек. Ол құжаттар кем дегенде екі бөлек дискіде, яғни цирфланған құжаттың дубликаты да сақталып тұрғаны дұрыс. Цифрланған құжаттардың қолды болып кетпеуі де алаңдатады. Бізден көпшілік «қанша жылда қанша пайыз құжатты цифрландырасыңдар?» – деп сұрайды. Министрлік архив қорын бес пайыз цифрландыру туралы тапсырмажоспар берді. Ол мүмкін емес. Мұны дәлелді түрде негіздеп, хат жазып жібердік. Біздің архивтегі бес пайыз деген жұмыс жетпіс бес мың істі сканерлеу деген сөз. Бір пайыз жұмыс – он бес мың істі цифрландыру. Ол дәл қазіргі жағдайда мүмкін емес болып тұр. Цифрландыру жұмысы ОМА үшін жүз жылға созылатын жұмыс. Себебі ең алдымен ғылыми-техникалық, штаттық базаны ретке келтіріп алған дұрыс. Архивке келгенде таңғалдым, кейбір архивистерде мектепте оқыған кезде пайдаланған ескі компьютерлер тұрды. «Архив – 2025» жоспарының арқасында былтыр он бір компьютер алдық, биыл да аламыз.

– Орталық мемлекеттік архивтегі ең құнды құжат деп қайсысын атар едіңіз? Неге?

– Ең құнды құжат мынау деп айту өте қиын. Қорда бір жарым млн құжат болса, оның әрқайсысы біз үшін, елеміздің тарихы үшін өте құнды. 

–Қаңтар оқиғасы көп құжаттардың сақталу мәселесін, деректердің қауіпсіздігі туралы жайттардың бетін ашып берді. Осы тұрғыдан келгенде біздегі құжаттардың сақталуындаы қауіпсіздік, жауапкершілік мәселесі қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Ол мәселеде біраз кемшіліктердің бар екені белгілі болды. Оны «Ана тілі» газетінде жазған мақаламызда атап көрсеттік. Архивтің айналасы биік қоршаумен қоршалуы керек. Қозғалысты тіркеп, тиісті сигнал беріп отыратын жабдық қажет. Архивтің бірінші қабатындағы терезелердің барлығы кешке жабылып, күндіз ашылатын мықты темір перделермен (рольстав) қорғалуы қажет. Оның барлығына өте үлкен қаржы жұмсалады. Біздің министрге осы мәселені баяндап бердік. Жазда бюджет қайта қаралып, нақтыланатын кезде мәселені шешетінін айтып, уәде берді.

Ал жауапкершілік архив қызметкерлеріне ғана емес, ҰҚК, жергілікті әкімшілік, Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне де тиісінше жүктелгені жөн. Архивті аман сақтап, ұрпаққа аманаттап жеткізу біз үшін де, мемлекет үшін де маңызды.

– Кім кім үшін де жеке архиві, жеке басына қатысты құжаттары өте жақын, өте қадірлі. Ал ол құжаттар мемлекеттік архивке өтуі үшін қандай сүзгілер, критерийлер бар?

– Жеке тектік архив құжаттары бар. Роза Бағланова, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы сияқты белгілі тұлғалардың, жалпы саны үш жүзден аса жеке тектік қор бар. Оларға ғылыми сараптама жасалып, анықтамасы жазылған. Жыл сайын жеке тектік құжатқа екі-үш мың құжат қабылдап отырмыз. Әрине, кім-көрінгеннің құжаты қабылданбайды. Республикалық масштабтағы мемлекет, қоғам, ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет және т.б. қайраткерлердің құжаттары жиналатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға