Жаңалықтар

Рүстем Әбдіраш: Қазіргі фильмдердің көбі көрерменнің талғамын төмендетіп жатыр

Рүстем Әбдіраш: Қазіргі фильмдердің көбі көрерменнің талғамын төмендетіп жатыр
Фото: instagram.com/rustem_abdirash 22.10.2024 17:40 922

Өткен жазда белгілі режиссер, сценарист Рүстем Әбдіраш «Фейковый арман» атты жаңа фильмін түсіріп бітті. Қазір экранға дайындау процесі жүріп жатыр. Осы тұста El.kz тілшісі автормен тілдесуді жөн көрді. Әңгіме бүгінгі кино және оның өзекті мәселелері жайында.   

El.kz: Мен киногерлермен, киносыншылармен сөйлескенде үнемі «Ұлттық кино деген не?» деп сұрақ қоюға тырысамын. Сіздің бұрнағы фильмдеріңізді қайта қарап отырып, сол сұраққа тағы бір жауап тапқандай болдым. Ұлттық кино осы екен ғой деген ойға қалдым. Бірақ тілі орысша немесе аралас. Неге?

Рүстем Әбдіраш: Кино өзінің заманын консервілеген сияқты уақытты консервілейді. Мысалы, мен қазір өзімнің фильмдеріме талдау жасайтын болсам, олар сол түсіріліп жатқан кездегі заманды консервіге ораған сияқты. Яғни еліміздегі қазақ тілін қолданудың сол кездегі пайыздық мөлшеріне сай келеді. «Қазақ хандығын» жасаған кезімде, тәуелсіздік алғанымызға талай жыл өтіп, әбден өзіміздің тілге, дәстүрімізге, ұлттық қасиетімізге бұрылған кезде «Қазақ хандығы» сценариі де, түсірілуі де 100 пайыз қазақ тілінде жасалды.

Ал қазір мен «Фейковый арман» деген жаңа жоба жасап жатырмын. Сценариі негізі қазақша жазылды. Бірақ бірен-саран арасында осы заманның ағылшын терминологиясы болсын немесе орыстың сөз саптауы болсын, олар әлі күнге біздің қоғамнан алыстап кетпегендіктен, мұнда да бар. Біз оны өшіріп тастай алмаймыз. Бірақ пайыздық жағына келетін болсақ, осы соңғы жобамда 90 пайыз қазақ тілі, бірен-саран 10 немесе 5-6 пайыз орыс тілі, ағылшын тілі, басқа да ұлттың тілі бар. Бұл – қазіргі қоғамның өзіне сай сөз саптауы. Енді бір 5-6 жылдан кейін біздің қоғам түгел 100 пайыз көлемінде қазақ тілінде сөйлейді деп ойлаймын.

«Фейковый арманның» бас кейіпкерлерінің арасында Ева деген бір еуропалық қыз бар. Бастан-аяқ қазақ тілінде сөйлеп шығады. Ішкі табиғаты сыртқы келбетіне сай келмейтін, түрі аздап неміс пе, орыс па, әйтеуір, еуропалық болғанымен, бүкіл ішкі дүниесі қазақтың қызы сияқты болып көрінді маған. Бұл да – қазіргі қоғамымызда болып жатқан үрдіс. Мен мұны ғаламтордан да көріп отырмын. Мысалы, немістің, орыстың, корейдің және басқа ұлттың жас қыздары, жігіттері қазір жап-жақсы қазақша сөйлейтін деңгейге жетті. Сондай кейіпкерді менің фильміме де алып келдік.

«Фейковый арманды» неге «фейковый» деп көбі сұрап жатыр. «Фейк» сөзі «жалған» деген мағынаны білдіретінін білесіз. Сіздердің салаларыңызда «жалған ақпарат» деген сөз бар. Бірақ соның жалғауы орысша болып тұр.  Неге бұлай болғанын сізге түсіндіре кетейін. Фильмнің соңындағы титрға Мархаба Сәбидің «Жүйе» деген әнін қоямыз. Сонда «фейковый арман, фейковый бақыт» деген сөздер бар. Атауды содан алдым.

Негізі, фильмнің сценариі әлі туындамай, енді ойланып, толғанып жүрген кезде осы «Жүйені» естідім. Бұл ән маған қатты әсер етті. Содан кәдімгідей шабыт алып, сценарийді жазып шықтым. Осы атау киноның ішінде жатқан астыртын ойлардың біразына келетін сияқты.    

El.kz: Бұл жерде ұлттық кино таза ұлт тілінде болуы керек емес пе дегенім ғой. Көркем шығарма, мысалы, роман не әңгіме сияқты... Ал соңғы шығып жатқан фильмдердің тілі тіпті қойыртпақтанып бара жатыр. Оған не дейсіз?

Рүстем Әбдіраш: Киноның стилистикасының өзінде ерекшеліктері болады. Мысалы, «Қазақ хандығы» таза әдеби тұрғыдан Ілияс Есенберлиннің шығармаларының желісімен жазылып шықты. Жоғарыда айтқанымдай, сценарийді жазғанда да, түсірілгенде де 100 пайыз қазақ тілінде жасалды.

El.kz: Енді бізде таза қазақ тілінде шығатын тарихи фильмдер ғана ғой...

Рүстем Әбдіраш: Енді ол – әр режиссердің өзінің авторлық құқығы. Аралас тілде жасай ма, басқа тілде жасай ма. Ең негізгісі ішінде қазақ халқының тағдыры, ұлттық қасиеттеріміз жайындағы тақырыптар болса жеткілікті.

Өзімнің соңғы туындыларымның бәрінің сценариі таза қазақ тілінде жазылып жатыр. Бірақ кейбір эпизодтарда, мысалы, қаланың қазақтары орысша араластырып немесе таза сол тілде сөйлейді. Әлі де болса, өмірде де сондайлар бар екені рас қой. Бұл – заманның көрінісі.

Өзіндік бір драматургиялық ойлары болса, сол ойлар басқа тілде сөйлеу арқылы келіп жатса, мұндай нәрседен қашуға болмайды. Бәрін мәжбүрлі түрде қазақшалап жасау керек дегенге мен өзім қарсымын. Мысалы, Лев Толстойдың «Война и мир» роман-эпопеясында француз сөздері қолданылады. Әр томның соңында солардың аудармаларының тізімі бар. Ол да заманына сай ғой енді. Сол кезде орыстардың француз тілінде сөйлеуі біздің орысша сөйлегеніміз сияқты сәнге айналған. 

Бүгінгі біздікі де сол сияқты нәрсе. Қай заманның да бейнесін дәл беретін болса, одан бас тартудың қажеті жоқ.

El.kz: Тым анайы боқтау сөз де көбейіп кетті. Киногерлер өтімді болу үшін солай жасаймыз дейді. Осы дұрыс па?

Рүстем Әбдіраш: Қазір бұрынғы совет заманындағыдай ашық цензура жоқ екені белгілі. Бірақ режиссердің, сценарий жазушының өзіндік ішкі цензурасы, ішкі редакторы болуы керек. Ал боқтықтың да түр-түрі бар. Мысалы, Александар Пушкиннің «Ай да Пушкин, ай да сукин сын» деп өзінің «Борис Годунов» тарихи драмасын жазғанына орай айтқан керемет сөзі бар. Бір жағы боқтап отыр, бірақ ол әдеби боқауызға жатады. Ал сол әдеби боқауызға жатпайтын, кәдімгі көшенің жаман былапыт сөздерінен қашу керек. Әдебиетте де, кинода да ондайға жол бермеген жөн. Құлаққа сіңімді басқа да баламаларын табуға болады. Орысша айтқанда «чернухаға» кетудің қажеті жоқ.       

El.kz: «Құрақ көрпеңіз» біздің заманымызда түсірілген сәтті комедия болды деп ойлаймын. Қазір қазақта осы жанрдағы фильм көбейіп кетті. Өтімді, яғни кассадан жақсы қаржы жинайды. Бірақ оларды әріптесіңіз Ермек Тұрсынов түкке алғысыз етіп сынап жүр. Ал сіздің ойыңыз қандай?

Рүстем Әбдіраш: «Құрақ көрпені» кезінде сол Тұрсыновпен бірігіп жазғанбыз. Негізгі желісі Ермек ағамыздың балалық кезі болатын. Біз өзіміздің заманға қарай кішкене сюжетін де, кейіпкерлерін де өзгерттік. Және бұны жанр жағынан таза комедия деп айта алмайсың. Бұл – лирикалық комедия.

El.kz: Трагикомедия шығар? Соңында апасы қайтыс болады ғой.

Рүстем Әбдіраш: Иә, лирикалық трагикомедия деуге болады. Ал таза комедия – ол да бір өте күрделі жанр. Оның ең биік шыңына жеткен – киноның негізін қалаушылардың бірі Чарли Чаплин. Соны бағыт-бағдар ретінде ұстануға болады. Сол Чаплиннен биік көтерілген ешкім жоқ деп ойлаймын.

El.kz: Ал қазіргі қазақ комедиялары туралы ойыңыз қалай?

Рүстем Әбдіраш: Бәрі нашар деп айта алмаймын. Арасында сол комедиялық кино мамандығын меңгерген жігіттер айналысса, әжептәуір дүниелер шығып жатыр. Қалай болғанда да кино дегеніміз кәсіп. Кәсіби адамдар жасаса, сөз саптауы да, стилистикасы кино деп айтуға тұрарлық болса, оған, әрине сөз жоқ. Әйтпесе, киноны құрал ретінде пайдаланып, бірақ жеңіл күлкі мен сайқымазаққа кетіп жатады.

Кезінде біздің әкеміз «Тамашаның» редакторы болып, оны біраз биіктерге көтеріп кеткен. Сол «Тамашадағы» әзіл-қалжың мен бүгінгі сайқымазақтың деңгейі екі түрлі сияқты. Қазір тілдің де, күлкінің де қадірі түсіп кеткен заман болды ғой.

Жаңа тіл туралы айтып жатырсыз. Мен толайым келісемін. Мысалы, мына Ұлттық кино орталығы неше жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Сол жерге келіп жатқан сценарийдің 70 пайызы орыс тілінде екен. Қазіргі статистика бойынша, Қазақстанның бүкіл халқының 70 пайыздан астамы – қазақтар. Оның ішінде қазақтілділер басым екені анық. Мұның үстіне мемлекеттік тілді білетін өзге ұлт өкілдері көп. Сондықтан бұл жерде жағдай керісінше болуы керек еді. Яғни тележобалар мен бүгінгі заманның анық бейнесіне сай, қазақша, ұлттық қасиетімізді, дәстүрімізді көрсететін сценарийлердің 70 пайызы қазақ тілінде болуға тиіс. Қалған 20-30 пайызы басқа ұлттың тілінде бола ма, оны өздері шешсін. Бірақ әзірге сол балансқа толық келмей жатыр. Әлі күнге дейін контентімізді бөтен елдің тілінде жасатып жатырмыз да, айналып келгенде, түпнұсқасы орысша жасалып, сосын фильмді қазақша дубляждап отырады. Ол дұрыс емес. Ресейден, Украинадан, жалпы шет елдерден келген контентті қазақша дубляж жасап жатсақ, ол түсінікті нәрсе. Бірақ өзіміздің қазақтың ақшасына киноны орыс тілінде ме, басқа тілде ме түсіріп, аяғында оны қайтадан қазақшаға дубляждаған масқара, ұят нәрсе. Ал аралас тілде жасалғанның өзінде сценарийдің ішкі құрылысы 70-80 пайыз қазақ тілінде болуы керек. Соны заңды түрде бекіткен жөн. Тілді, дәстүрді өзіміз сол заңды түрде қорғамасақ, мына түрімізбен біз алысқа бармаймыз.  

El.kz: Менің байқағаным, сіз деталь ойнатуға жақсы мән бересіз. «Сталинге сыйлықтағы» бақсының сөзі, үлкендеу балалар жүгіргенде, оларға ере алмай кішкентай баланың жылап қалатыны, жаңағы «Құрақ көрпедегі» есек-зебра, бірнеше қыздан кейін тағы да қызды болатын адам. Бұл детальдар қалай ойға келеді?

Рүстем Әбдіраш: Мастерім Иван Шенгелая Мәскеуде оқып жүргенде маған бүйтіп айтатын: «Кинода үлкен мақсаттар болады. Оны сценарийді жазған кезде өзің елеп-ескеріп, сол үлкен мақсатты айналып жүресің. Бірақ оны түсірген кезде, фильм толайым ұсақ-түйек детальдардан құралады. Егер онда деталь, ұсақ-түйек нәрселер жүрмесе, кино кино болмайды». Сол айтқандай, құрақ көрпе сияқты кішкентай маталардан құрап, үлкен бір дүниені жасауыңа болады. Дұрыс кино өзі табиғатында сол детальдардан құралады ғой.  

El.kz: Бірнеше қыздан кейін ұл күтіп жүргенде тағы да қызды болатын адам туралы жоғарыда айттық қой. Сол жері  режиссер Қанымбек Қасымбековтің «Саған күшік керек пе?» фильміндегі детальға қатты ұқсайды. Бұл кездейсоқ сәйкестік пе?  

Рүстем Әбдіраш: «Құрақ көрпедегі» кейбір сюжет желілері Ермек ағамыздың өзінің жазған сценариі негізінде болғандықтан, бұл сұрақты сол кісінің өзіне қойған дұрыс сияқты. Ал меніңше, бұл кездейсоқ ұқсастық болуы мүмкін. Немесе кезінде Қанымбек ағамыз сол детальді Тұрсыновтан естіп, содан шабыттанды ма, өз басым ол жағын біле қоймаймын.

Мысалы, мен «Фейковый арманды» жасаған кезде өзімнің жақсы көретін бір эпизодымды француз киносына, бір эпизодымды италиялық киноға, бір эпизодымды Шәкен ағамның киносына арнадым. Оны режиссер, автор ретінде өзім ғана білемін. 

El.kz: Тарихи кино жанрында да сәтті туындылар жасадыңыз. Бірақ ол да жиі сынға ұшырап жатады. Қазақ түрікке, қытай мен корейге тамсанады. Сол неліктен? 

Рүстем Әбдіраш: Мен өзімді қорғап, бірнәрсе айтқым келмейді. Бірақ мынаны айтайын. Құдайға шүкір, қазір «Қазақ хандығы» сериалы болсын, фильмі болсын, кәдімгідей әлемді шарлап жүр. Шет елдердегі кино мен телевизияда көрсетілуде. Қытай, Моңғолия, Италия... ары қарай кете береді. Сосын шегі жоқ әлеуметтік желілерді қосыңыз. Жақында осы «Қазақ хандығының» толайым екі маусымы неміс тілінде дубляждалды. Оның алдында араб тіліне дубляж жасалды. Португал тілінде жасалып, Португалия мен Бразилияда көрсетілімі жүріп жатыр. Корейдің, түріктің сериалдарын теледидардан өзіміз қалай көріп отырмыз, «Қазақ хандығы» да дүниежүзін солай шарлап кетті. Қаншама елдер қазақ деген халықтың бар екенін, тарихының осындай екенін көріп жатыр. Олар кез келген жобаға дубляж жасамайды. Өздеріне қызықты болғандықтан, оны атттай қалап сатып алып, сосын тағы толайым ақша шығарып, өз мемлекетінің тілінде жасайды. Мысалы, хинди, бенгал, вьетнам тілдерінде.

Енді мен сынға түскеніне таң қалмаймын. Есенберлиннің өзі «Көшпенділерді» жазып шыққан кезде, біраз сынға түсіп, біраз таяқ та жеді. Сол тұста оның көрмегені жоқ. Сондықтан біздің сынға ұшырағанымыз оның қасында жәй ғана нәрсе ғой.

Жалпы, бізде сынауға келгенде, бәрі дайын тұрады. Және кейбіреулер мұны тапсырыспен жасайды. Кезінде сол Есенберлинді көре алмаған адамдардың әлі де болса осы күнгі түрлері бар. Оның бұл жағдайы жөнінде бөлек кино түсіруге болады.

El.kz: Енді осы мәселеге кәсіби тұрғыдан келсек. Киногерлер бізге дұрыс ақша бөлінбейді, тарихқа қатысты жөні түзу интерьер, декорация таппаймыз деп жатады. Осы тұрғыда не айтасыз?  

Рүстем Әбдіраш: Тарихи кино мол қаражатсыз жасалмайды. Өйткені мұндай туынды сәулет, киім-кешек, қару-жарақ деген сияқты толайым мәселелерге тіреледі. Жүз жыл бұрын болған ба, елу жыл бұрын болған ба, сол кездің көріністерін дәл бейнелеу оңай емес. Бірақ бұл жерде мәселе өткен-кеткенді материалдық тұрғыдан қайтадан қалпына келтірумен шектелмейді. Костюм, декорация дегендер бергі жақтан көзге көрінетіні ғана. Оны қаншама зерттеу керек. Соның бәріне уақыт пен қаражат қажет.

Ал мына телевизиялық сериалдарды көріп жатырмыз. Кейбіреулер кино қылып та шығарады. Әлеуметтік тұрғыда қызық тақырып болғандықтан, әйтеуір, өтіп кетеді. Бірақ кәсіби тұрғыда қарайтын болсақ, өте көп қателіктер кездеседі. Нашар жобалар да баршылық қой қазір.

Шындығына келгенде, көрерменнің талғамы жоғары көтерілді деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі фильмдердің көбі көрерменнің талғамын күннен күнге төмендетіп жатыр. Енді осы үрдіспен жүре беретін болсақ, көрерменнің талғамы әбден нашарлап кетуі мүмкін. Ең қорқыныштысы – сол. 

El.kz: Сынау демекші, өзіңіз киноның сыны қалай болуы керек деп ойлайсыз?

Рүстем Әбдіраш: Бұл жерде де кәсіби сыншы болса, керемет қой. Солардың жазған дүниелері неғұрлым көптеп шықса, ол киноның дамып жатқанын дәлелдейді. Ал өзімнің байқағаным, соңғы жылдары бізде бәрі сыншы. Кәсіби сыншы емес, кішкене бірдеңе жаза білсе, кино көре білсе, солар сынауға дайын. Қазір әлеуметтік желінің арқасында бәрі сыншы болып кетті.

Ал кәсіби сыншы деген ол да бір үлкен мамандық. Мысалы, біздің әкеміз әдеби сыншылыққа өзін әдейі арнап, біраз кітап жазған. Бірде әкемнен «Өткен-кеткенді еске алғанда, неге өкінесіз?» деп сұрағанда, ол жақсы жауап берген. «Мен біраз ақын-жазушыларды сынаған кезде олардың түзелмейтінін білсем ғой, оларды сынамас едім. Соларға қуатым мен уақытымды бостан-босқа кетірмес едім», – депті. Сол айтқандай ғой нағыз сыншының жағдайы.  

Жаңа кино мен әдебиеттің тілін салыстырып жатырсыз. Енді киномыз ақырындап-ақырындап қазақ әдебиетінің деңгейіне көтерілсе екен. Қалай дегенмен де, жаңа толқын жақсы туындылар да шығып жатыр. Алда да шыға бермек.  

El.kz: Қазақтың көрнекті ақыны, сыншы, аудармашы, сықақшы, әкеңіз Жарасқан Әбдірашевті жиі мысалға келтіріп отырады екенсіз. Енді сол кісі туралы толығырақ айта кетсеңіз...

Рүстем Әбдіраш: Мен балалық кезімді еске алсам, біздің әкеміз бен оның замандастары қазақ әдебиетінің алтын заманында өмір сүрген адамдар екен деп ойлаймын. Ол кісі ауылдан келіп тіршілік жасап, кейін оны Жазушылар одағының төрінен шығарып салды... Сол екі аралықта ол осы киелі шаңырақта еңбек етті. Замандас әріптестерімен бәйгелесті, көкпарласты. Артынан ерген бауырларын біраз жерге арқалап алып келді. Әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосып кеткен адамдар ғой. Былай қарасаңыз, керемет орта болған. Жан-жағына қараған кезде неше түрлі мықты ақын-жазушылар тіршілік жасаған заман екен ғой деп ойлаймын.

El.kz: Ал қандай әке болды?

Рүстем Әбдіраш: Мен қазір өзімнің балаларыма бауырым езіліп елжіресем, сол қасиет әкемнен қалған деп ойлаймын. Өйткені үйдегі бүкіл тәрбиені анамыз берді. Қамшылаған да сол шешеміз еді. Орыстың «кнут и пряник» дегені бар ғой. Соның прянигі әкеміз болатын. Қатал емес-тін, шынын айту керек. Бостау болатын. Бірге жүріп тамақ жасайтынбыз. Өлең оқитынбыз. Шығармашылық құбылыстардың бәрін түсінуге үйретіп кеткен әкем деп ойлаймын. Өйткені ол кісі осы шығармашылықтың адамы ғой. Өзінің ақындығын ту қылып қылып көтеріп өткен адам.

Оның оқырманы өзіне әлі талай оралады. Өйткені ақын өзінің уақытынан озып, алға кетіп қалады. Мысалы, Мағжандар туған заманына сыймай кетті. Көре алмаушылар болды, қуғын көрді, аяғында атылып кетті. Бір-бірінің соңынан домалақ арыз жазып, бір-бірін құртқан кезең еді ғой. Сол Мағжанның өлеңдеріне енді қайта оралып жатырмыз. Өзінің шынайы уақыты осы заманға келіп тұрғандай. Сол сияқты, «Әлі талай-талай атпаған таңың боп ораламын» дегеніндей, әкемнің де нағыз уақыты әлі алда деп білемін.

El.kz: Өзіңізді толғандырып жүрген басқа қандай мәселе бар?

Рүстем Әбдіраш: Бізде киноны қолдайтын жалғыз ғана Ұлттық кино орталығы бар. Сол орталық өзіңіз сұхбат басында айтқан «ұлттық кино деген не?» дейтін сұраққа құқықтық тұрғыдан жауап беруі керек. Біз осыны түсініп алмайынша, қаражатты кім көрінгенге ұстатып отыра береміз. Біресе анаған, біресе мынаған шашылады. Кейбір жобалар жоқ болып та кетіп жатыр. Ақшаны белгісіз режиссерлерге де, дебютанттарға да береді. Бірақ негізгі таңдау жасаған кезде ұлттық қасиетті түсінетін, ұлттық киноға сай келетін жобалар түсірілуі тиіс деп ойлаймын. Ал жағдай әлі күнге дейін қырықсідік, анау-мынау болып отыр. Өңшең пысықтар шығып жатыр. Шындап келген кезде, ұлттық деген атқа сай келетін санаулы ғана жоба шығады. Қалған жетпіс пайызы түсініксіз бір нәрсе. Әттеген-ай, далаға шашылған ақша.

Ұлттық киноны жасаймыз деген біздерге келген кезде ақша да жетпей қалады, бәрін қысқартып тастайды. Сол ақшаны әр жақтан іздейміз де жүреміз. Мысалы, мына «Фейковый арманды» жасаған кезде бәрін қысқартып-қысқартып келді де, енді демеуші іздеп жүрміз анадан-мынадан ақша сұрап. Ал қазақылыққа түк қатысы жоқ орыстілді жобаларға аямай үйіп-төгіп беруде. Кім ақшаны көп бөліссе, соларға беріп жатқан сияқты болып көрінеді.

El.kz: Айтпақшы, «Фейковый арман» үлкен экранға қашан шығады?

Рүстем Әбдіраш: Бұйыртса, жылдың аяғына дейін бітіруге тырысамыз. Қазір постпродакшн жүріп жатыр. Бұл жерде де түйткіл бар. Киноны толық бітіргеннен кейін оны көрсетуге де қаражат керек. Мұны жаңадан ойлап шығарды. Яғни қазір дайын фильмді көрсету үшін прокатшыларға 30 миллион теңге төлейсің. Алдын ала жарнама жасауға дейді, тағы басқалары бар. Өздері сондай заң шығарып алған. Мұны монополияға қарсы күресетін орган бақылауға алуға тиіс. Өйткені бізде прокатпен айналысатын екі-ақ үлкен компания бар. Солар монополист болып, ойларына келгенін жасап отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға