Жаңалықтар

Рудольф Гикл: Серіктестік тек екіжақты ғана болады

Рудольф Гикл: Серіктестік тек екіжақты ғана болады
14.10.2019 15:48 2795

Чехтар Қазақстанда тұратын саны аз этностар қатарына жатады. 2009 жылғы санақ бойынша олардың саны небары 271 адам болған. Чехтардың қазақ даласына алғаш келуі 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында орын алған. Әуелгі уақытта Украинаға табан тіреген чех шаруалары мен қолөнершілері кейін жайлы қоныс іздеп шығысқа қарай қозғалады. Осылайша, олар Қазақстаннан пана табады. Олар бүгінге дейін Қазақстанның батыс аймағында шоғырланып өмір сүріп келген. 2000 жылдардың басында чех диаспорасының көп бөлігі тарихи отанына оралды. Бүгінде Ақтөбе қаласында чехтардың мәдени-ағартушы орталығы жұмыс жасайды.

Қазақстан мен Чехия арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылы ресми түрде орнатылып, сол жылы Чехияда Қазақстан Елшілігі ашылды. Ал Қазақстанда Чехия Республикасының елшілігінің ашылуы 1994 жылдың желтоқсан айына сәйкес келді.  

Кеңес үкіметінің кезеңінде Чехославакия экспортқа шығарылатын тұтыным тауарларының сапалылығымен тартымды болатын. «Шкода» чех автокөліктері бүгін де сұраныс нарығынан ығыса қоймады. Естеріңізде болса, кеңестіктер «Цебо» фирмасының етігін, қазір де бағасы төмендей қоймаған чех хрусталін іздеп жүріп алатын. Мұның айғағы ретінде, Қазақстан астанасының орталығында орын тепкен «Прага» дүкенінің тауарларының түрлілігі Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Рудольф Гиклдің өзін де таң қалдырмай қоймады. Жұмыс уақытының тығыздығына қарамай, Елші мырза біздің оқырмандарымыз үшін екі ел арасындағы экономикалық-әлеуметтік ынтымақтастық туралы әңгімелеп берді.

Рудольф Гикл: Серіктестік тек екіжақты ғана болады

- Қазақстанда Чехия Республикасының елшілігі 1994 жылдың желтоқсан айында ашылды. Одан бері де ширек ғасыр өтті. Біздің елдегі қызметіңіз туралы баяндап берсеңіз?

- Елшілік қызметті үлкен абырой, сенім мен міндет деп білемін. Меніңше, біздің елдер арасындағы байланыс саяси жоғары деңгейде қалыптасып, дамуда. Екі ел Президенттері Қазақстанда, Чехияда өткен түрлі халықаралық шараларда кездесіп, сан алуан салалар бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізді. Сондай-ақ, үкімет басшыларының, Парламент депутаттарының да түрлі кездесулері өткізіліп, диалог алаңдары құрылған. Ең бастысы, екі елдің қарапайым тұрғындары арасындағы тұрмыстық, әлеуметтік байланыстың беріктігі деп ойлаймын. Қазақстандықтар Чехияның курорттық аймақтарына, Прагаға жиі сапарлайды. Әсіресе, қазақ студенттері чех тілін үйренуде көп қиналмайтын секілді, себебі, олардың ішінде Чехияға білім алуға жолдама алушылардың қатары көп. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен жылы 1000 студентке виза бердік. Осы жылы студенттік виза алуға берілген өтінім саны 2,5 мыңнан асып жығылады. Туристер ағыны да жыл аралатып артып келеді. Өткен жылы Қазақстаннан Чехияға 17 мың турист саяхаттаса, осы жылы 23-24 мың адамға виза берілген. Бұл Чехияға жолға шығушылардың саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айғақтайды. Бұған сауда-саттық көлемінің артуы да себеп болып отыр деп ойлаймын. Біздің қызметіміздің өзі сауда-саттыққа қолдау көрсету болып табылады. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 1 млрд доллардан асты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қазақстаннан Чехияға экспортталатын тауардың негізгі бөлігі мұнай өнімдері.

- Сауданың тағы қай салаларын дамытуға мүмкіндік бар деп ойлайсыз?

- Біздің сараптауымызша, ауылшаруашылығы саласында сауда-саттық қарқынды дамуда. Осы жылы Қазақстанға Чехиядан 3 мыңға жуық ірі қара мал жеткізілді. Қазақстанда өз шикізатынан өнім өндіруге басымдық берілуде екенін жақсы білеміз. Осы мақсатта Чехия Республикасы ауылшаруашылығында мал күтіміне, мал азығын дайындауға, генетикалық зерттеулер үшін түрлі технологиялар жабдықтарын жеткізе алады. Осы жылы біз Қазақсатанға екі бизнес-миссия ұйымдастырдық. Оған фермерлер, азық түлік өндірісінің, сусындар өндірісі зауытының өкілдері енді.

Қазақстан бүгінде шикізат экономикасынан шығу үшін өңдеу және өндіру ісін дамытуға ниетті. Инновация мен технология бойынша өндірісі жоғары дамыған елдер бар. Бұл тұрғыда серіктестікті бірнеше бағыт бойынша дамытуға болар еді. Мәселен, энергетика, өндіріс өнеркәсібіне байланысты түрлі тауарлар, газбен қамту құралдарын жеткізу. Өскемендегі көлік құрастыру зауытына Чехиядан машинаның қосалқы бөлшектерін, жабдықтарын жеткізу ісі жолға қойылған. Қарағанды мен Өскемен қалаларына шикізат өндірісіне қатысты заманауи технология жаңалықтарын ұсынып жатырмыз. Бұлар ірі өнеркәсіп қалалары. Сондықтан мұнда, жоғарыда айтып өткенімдей, бизнес-миссия жобасы бойынша пайдалы қазбалар, минералды шикізат өндіруге байланысты технологиялар шығаратын чех компаниялары жұмыс жасап, таскөмір өндіруге, оны шахтадан жоғарыға шығарып, тасымалдайтын замануи технологиялар мен жабдықтарды таныстырды. Мүмкіндіктер өте көп. Өзімнің жеке тәжірибемнен айтарым, Қазақстаннан Прагаға жолға шығарда мен чех кәсіпкерлерімен кездескен болатынмын. Олар Қазақстанға байланысты қызығушылықтарын жасырмады. Ал бизнесмендер экономикалық немесе сауда тиімділігі мен тартымдылығы жоқ елге босқа қаражат салмайды.

Рудольф Гикл: Серіктестік тек екіжақты ғана болады

- Қарағандылық кәсіпкерлермен өткен бизнес форумда сіздердің тараптарыңыздан кіші авиацияны дамытуға байланысты қызықты жобалар ұсынылғаны есімізде.

- Чех Республикасында авиация өндірісі жақсы дамыған. Біздің өндірушілеріміздің бірі Қазақстанға аймақтық тасымал үшін ұшақ жеткізу туралы келісімге қол жеткізді. Осы жылы Aircraft Industries компаниясының L-410 екі ұшағы Қазақстанға әкелінді. Таяу уақытта Қазақстанның әуе кеңістігінде чехиялық ұшақтардың саны артады деп үміттенеміз. Біз Алматыда азаматтық авиация академиясының ректорымен кездесу ұйымдастырылуына ұйытқы болдық. 2019 жылдың тамыз айында қазақстандық 30-дан аса ұшқыш Чехияда оқу-жаттығудан өтті. Бұл авиация саласындағы ынтымақтастықтың бір бағыты ғана. Чехия әуежайларды, радиолокаторларды жабдықпен қамту жөнінде қызмет ұсына алады, бұл да біздің салалық ынтымақтастығымыздың бір бағыты болмақ.

- Жуырда ғана әлемдік қоғамдастық қайғылы датаны жадыда жаңғыртты. Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталғанына 80 жыл толды. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Польшаға басып кірді. Соғыс алдында ғана Мюнхен келісім шартына қол қойылған еді, нәтижесінде Чехия өз территориясының біраз бөлігінен айрылып қалды. Бұл оқиғаға берер бағаңыз?

- 1938, 1939 жылдардағы оқиғалар біздің тарихымыздың ең бір өкінішті, қайғылы тұстары деп білемін. Біріншіден, біз жалғыз қалдық, бізді одақтастарымыз қолдамады. Ел ішінде өте ауыр жағдай орын алып, біз Екінші Дүниежүзілік соғыстың соңына дейін Германияның протектораты болдық. Мен тек бейбіт тұрғынның қиналғанын ғана айтып отырған жоқпын. Адамдар өз жерінде де, майдан шебінде де опат болып жатты. Екіншіден, бұл статус Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де біздің тағдырымызды айқындады. Біз жеңіске жеткен державалар арасындағы бөлініске түскен субъектіге айналдық. Бізде бұл мәселеге байланысты импликация болды. Екінші Дүниежүзілік соғыс біздің еліміздің егемендігіне төнген қауіп еді.

Рудольф Гикл: Серіктестік тек екіжақты ғана болады

- Сіз Қазақстанға 2018 жылдың қаңтар айында Малайзиядан келдіңіз. Тропикалық курорт аралынан кейін Арқаның сықырлаған аязы ауыр тимеді ме?

- Сіз сенбейтін шығарсыз, бірақ маған Қазақстанның ауа-райы жақты. Мен бала кезімде қыс түскенін күтіп жүретінмін. Бізде ешқашан тұрақты қыс болған емес, күн қатты суытты дегеннің өзінде, қар бір аптадан артық жатпайды. Қазақстанға қыс ортасында келгенімде, ертегі әлеміне түскендей болдым. Таза ауа, ашық аспан, сарышұнақ аяз, табан асты ақұлпа қар. Менің бала кезімдегі арманымдағы ертегі көрінісі. Айтпақшы, сіздердің жаздарыңыз да өте қалыпты өтеді екен. Сондықтан, бізге ауа-райы қолайсыздық тудырды деп айта алмаймын.

- Малайзияда сіз түрлі қоғамдық жобаларға мұрындық болдыңыз. Елді мекендерде жедел жәрдем стансаларын ашқаныңызды да білеміз. Қазақстанда мұндай әлеуметтік мүдделерге негізделген жобаларды жүзеге асыру туралы жоспар бар ма?

- Бұл көмек көрсету мен қолдауды дамытуға арналған бірлескен жоба болатын. Малайзияда біз экономикалық жобалар, кәсіпкерлік миссияларын ұйымдастырдық. Біз туралы көбірек мағлұмат беру үшін мәдени жобалар жасауға тырыстық. Қазақстанда көбінесе экономикалық жобаларға басымдық беріп отырмыз. Бір өте қызықты жоба бар. Чехияның кеден әкімшілігінде кинология қызметі бөлімшесі жұмыс жасайды. Олар шекара қызметіне ізкесуші иттер дайындаумен айналысады. Қазақстанда да осындай жұмыс жасайтын мүмкіндік бар. Мұнда жабайы аңдардың, мәселен, ақбөкендердің заңсыз саудасымен күрес жүргізетін үкіметтік емес ұйым бар. Кеден қызметіндегі осы екі мекеме бес жылдан бері бірге жұмыс жасап келеді. Мұндай жобаларға біз оларға кез-келген қолдау көрсетуге әзірміз.

Рудольф Гикл: Серіктестік тек екіжақты ғана болады

- Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Сіздің диполматиялық мансабыңыз қалай басталды?

- 1990 жылдары сыртқы істер министрлігінде жұмыс жасап бастадым. Бүгінгі таңда диполматиялық қызметте жүргеніме 29 жыл толды. Менің алғашқы жұмысым АҚШ-пен байланысты болды. Бұл өте қызықты кезең болатын.   Чехославакия ол уақытта АҚШ-та үлкен құрмет пен беделге ие болды, біз саяси жүйені өзгертіп, елді словактармен бөліскен тәсілімізге риза болып. Кейін мен ранг бойынша көтеріліп, Чехияның Сингапурдағы, Гонконгтегі, Малайзиядағы елшіліктерін басқардым. Мен ешқашан дипломат боламын деп ойламаппын. Алайда, менің жұмысым маған үлкен қуаныш сыйлайтыны рас. Біріншіден, елді таныстыру – үлкен абырой мен мүмкіндік. Түрлі бағыттар мен қызметтердегі адамдармен араласу, елдерде тұру қызықты. Екіжақты байланысты дамытуға жұмыс жасағаныма қуанамын. Мен үнемі бұл екіжақты жұмыс деп білемін. Бұл менің елімнің мүддесі – қолдау және қорғау, бірақ бұл бір бағытта ғана жүргізілмейді. Серіктестік тек екіжақты ғана болады. Қазақстан – бізді білетін, біздің келуімізге мүдделілік білдіретін және бізбен қарым қатынасты қалайтын ел.

Бөлісу:

Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға