Лента новостей

Тілекқабыловтар әулеті: әр саланың білікті мамандары

Тілекқабыловтар әулеті: әр саланың білікті мамандары
17.07.2019 16:53 6952

Берік отбасы әрқашан туған жеріне деген сүйіспеншілікке баулып және патриот азаматтарды тәрбиелеп отырады. Елдегі отбасылар мәртебесін арттырып, олардың имиджін көтеруге бағытталған республикалық «Мерейлі отбасы» байқауы  биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Отбасы мүшелерінің адамгершілік құндылықтарын қайта түлетіп, рухани сыйластығын нығайтуға бағытталған жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған жанұялардың бірі – Тілекқабыловтар. Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылын мекен ететін жанұя бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттырып, отбасылық өмір салты мен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және  жауапкершілік сынды ұғымдардың мән-мағынасын ұрпағының санасына сіңіртуден жалыққан емес. Осындай айрандай ұйып отырған берекелі жанұя мүшелерімен әңгімелескен болатынбыз.

 

Әулет отағасы Төлеш Тілекқабыл 1933 жылы 24 желтоқсанда Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Төлеш Тілекқабыл Қазақстан Республикасының «Оқу ісінің үздігі» белгісімен екі рет марапатталған және аудандық, облыстық Құрмет грамоталарына ие болған азамат. 1958 жылдың сәуір айында Аймекен Қабдешқызымен шаңырақ көтеріп,  ортақ некеден алты ұл мен екі қыз дүниеге келген. Ғұмырын білім беру жолына арнаған ұлағатты ұстаз 2014 жылы 24 қыркүйекте  81 жасына қараған  шағында дүниеден өтті. Ақ адал еңбегімен ел-жұртқа еленген әрі Индер ауданының  құрметті азаматы болған Төлеш Тілекқабыл ұлдарын имандылыққа, қыздарын инабаттылыққа тәрбиелеп, ұрпағының бойына ұлттық салиқалы салт-санасын сіңіртіп кеткен.

Әулет отанасы Аймекен Қабдешқызы 1936 жылы 3 қаңтарда Атырау облысы Кулагино селолық округіне қарасты  «Хоз ауыл» учаскесінде ақын Қиса Көбжанұлының үлкен баласы Қисеев Қабдеш (Қабдығали) мен Қисеева Жібектің отбасында дүниеге келген. 

– Әкем Қабдеш  1941 жылдың шілде айында Ұлы Отан соғысына аттанғанға дейін түйе фермасында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. Анам Жібек колхоздың мал шаруашылығында әртүрлі жұмыстар істеді. Әкем 1942 жылы майданда із-түзсіз жоғалып кетті, - дейді Аймекен Қабдешқызы.

Аймекен Қабдешқызы 1945 жылы «Хоз ауылы» бастауыш мектебіне қабылданып, 1955 жылы Кулагино селосындағы Жамбыл орта мектебін аяқтаған. Сол жылы Алматы қаласындағы ҚазКСР Мәдениет министрлігінің жанындағы кітап сатушылар мектебіне түсіп, 1956 жылы аға сатушы мамандығын алып шыққан. Ал 1956 жылдың ақпан айынан Атырау облысы Индер ауданы Өрлік селосындағы кітапханада алғаш еңбек жолын бастаған.  Ал 1962 жылдан бастап, 1980 жылға дейін Индер аудандық тұтынушылар қоғамында әртүрлі қызметтер атқарды. 1980 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Индер ауданындағы Борат руднигінде есепші болып жұмыс істеді.

Бүгінде сегіз перзент өсірген «Алтын алқа» иегері Аймекен әжей  олардан 22 немере, 6 жиен, 16 шөбере сүйіп отырған іргелі әулет.

Тілекқабыловтар шаңырағында 1961 жылы шыр етіп дүниеге келген  тұңғыштары Арман Төлешұлы бала кезінен өте зерек болып өскен. Мектепті бітірген соң, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Содан оқуды аяқтап, қолына диплом алып, туған аулына келіп, агроном болып қызмет етеді. Тіпті ауыл әкімі болып тағайындалып, сол ауылдың көркейіп, өсіп-өркендеуіне  көп жұмыстар атқарады. Содан 1996 жылы жұмыс бабымен Индер орталығынан ауылына көлікпен төрт адам болып келе жатқан жолда жол апатынан қаза табады.

Арман Төлешұлы 1984 жылы Әмина Ысқаққызымен отау құрған.  Небәрі 35 жыл ғұмыр кешкен Арман Тілеккабыловтың артында аяулы жарымен үш перзенті қалды. Жұбайы Әмина Ихсанова жалпы білім беретін мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.

Арман Төлешұлының үлкен ұлы Абай Тілекқабылов 1985 жылы Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Атырау политехникалық институтын аяқтап, жоғары білімді мұнайшы болды. Қазіргі кезде «Шеврон» компаниясында қызмет ететін Абай Арманұлы келіншегі және қос баласымен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. 1988 жылы дүниеге келген Абай Тілекқабыловтың бауыры Айбар Арманұлы Орал қаласының Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетін тәмамдап, қазір «Шеврон» компаниясында жоғары білімді мұнайшы болып қызмет етеді. Бос уақытында футбол ойнағанды ұнататын Айбар Тілекқабылов үйленген. Қазіргі кезде сүйген жарымен екі баланы өсіріп отыр. Арман Төлешұлының кенжесі Айкүн Арманқызы  1995 жылы 15 қаңтарда Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында дүниеге келген. 2001 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен түрлі олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. 2012 жылы мектепті «Үздік аттестатпен» бітіріп, Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық  университетінің «Радиотехника электроника және телекоммуникация» мамандығына грантқа оқуға түсіп, оны 2016 жылы тәмамдап шыққан. Сол жылы Атырау қаласындағы «ҚазақТелеком» акционерлік қоғамына инженер-техник болып жұмысқа тұрған. Қазіргі кезде «Logitex» компаниясында қызмет етіп жатқан Айкүн Арманқызы былтыр Айдын Сейтжанұлына тұрмысқа шыққан.

– Екінші перзентіміз Абзал 1964 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының механика факультетіне оқуға түскен. Кейін оны тәмамдаған соң алғаш еңбек жолын Ақтау қаласында «Қаражаңбас» жерінде мұнайшы болып жұмысқа орналасты, - дейді отанасы Аймекен Қабдешқызы.

Еңбек жолын мұнайшы болып бастаған Абзал Тілекқабылов 1987 жылы Райса Мәжитқызымен шаңырақ құрған. Бүгінде келіншегі Атырау облысы Индер ауданындағы Қалам Есқалиев атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Олардан тараған балалардың ең үлкені, 1988 жылы дүниеге келген Әсем Абзалқызы қазіргі кезде заң саласында қызмет етеді. Және сүйген жарымен төрт баланы тәрбиелеп отыр. Әсемнің сіңлісі Әсел 1990 жылы дүниеге келген. Үйдің екінші перзенті – жоғары білімді қаржыгер. Әсел Абзалқызы да жолдасымен бірге екі баланы бағып-қағып отыр. Әселден кейін 1997 жылы 27 маусымда Атырау облысы Индер ауданы Есбол селосында дүниеге келген Әнел Абзалқызы 2015 жылы мектепті бітірген. Ал 2019 жылы Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әнелдің соңынан ерген сіңлісі Ақыл биыл Атырау медициналық колледжінің «Дантист» мамандығын бітіріп шыққан. Үйдің кенже баласы Айжан биыл 9-сыныпты бітіріп, 10-сыныпқа көшті.

– Менен кейінгі бауырым Асхат 1966 жылы 17 наурызда Атырау облысы Индер ауданының Жарсуат селосында дүниеге келген. 1983 жылы Жамбыл атындағы №21 орта мектепті аяқтап, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсті. Ал 1986-1988 жылдары әскерде болып, оқуын тек 1990 жылы бітіріп шықты. Алғаш еңбек жолын Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды, - дейді ағасы Абзал Тілекқабылов.

Ал 1996 мен 2003 жылдары Асхат Төлешұлы аудандық ішкі істер бөлімінде милиция қызметкері, 2003-2004 жылдары Жамбыл атындағы №21 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта Кулагино ұлттық гимназиясының директоры міндетін абыроймен атқарып жүр.  Асхат Тілекқабылов қызмет еткен жылдарынан бастап шебер ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, Индер аудандық білім беру бөлімінің «Жылдың үздік директоры» атанса, 2007-2008 оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеу қортындысында мектеп 100% көрсеткішпен 93,1 балл болып, «Жылдың үздік директоры» атағына ие болды. Және өзінің туған ауылы Кулагино селолық округі әкімінің, Индер ауданы әкімінің, Атырау облыстық білім беру департаментінің және Атырау облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қоса, Асхат Төлешұлына 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты» да табыс етілді.

Отыз жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Асхат Төлешұлының жұбайы Нарни Абдоллақызы 1969 жылы 10 қарашада Орал облысы Чингирлау ауданы Полтавка совхозында дүниеге келген. 1987 жылы Полтавка орта мектебін бітіріп, Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, ағылшын және неміс факультетінің  3-курсын тәмамдап, тұрмысқа шығуына байланысты Атырау облысы Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Ал 1996 жылдан бастап қазіргі кезде Есбол ауылында Есбол орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Отбасындағы жайлылыққа себепкер отағасы мен отанасы яғни ата-ана десек, олардың өміріне мән-мағына беретін бала екені белгілі. Ұлағатты отбасы бүгінде екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп отыр. Олардың 1991 жылы дүниеге келген тұңғыштары Айбибі Асхатқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үздік түлегі әрі Назарбаев стипендиаты. Қазіргі кезде «Qazaqstan» ҰТА-ның шығармашылық бірлестігінде қызмет атқарады.

– Айбибіден кейін 1993 жылы дүниеге келген перзентіміз Абылай бала кезінен спортқа жаны құмар болып өсті. Үлкен ұлымыз Қазақстанның көк туын көкке желбіреткен спортшылардың бірі. Абылай Ресей астанасы Мәскеуде өткен панкратионнан Әлем чемпионы атағын жеңіп алды және самбодан АҚШ-тың Флорида штатында өткен грэпплинг турнирінің жеңімпазы атанды. Ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионы әрі 2018 жылдың «Үздік спортшысы» атанған баламыз былтыр отбасын құрды. Олардың Адилия есімді қызы бар, - дейді анасы Нарни Абдоллақызы.

Абылайдың қарындасы 2000 жылы дүниеге келген  Алтынай Асхатқызы  Есбол орта мектебін «Алтын белгіге» тәмамдаған. Қазіргі кезде ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университетінің гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің студенті. Оған қоса университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, «Үздік студент-2018» атанды. Ал 2002 жылы дүниеге келген Айбын Есбол орта мектебінде оқиды. Және халықаралық, республикалық, облыстық түрлі байқаулардың жеңімпазы әрі облыстық шахмат жарысынан жүлделі орындарға ие болып жүр. Асхат пен Нарни Тілекқабыловтардың кенжесі 2006 жылы дүниеге келген Айымгүл Есбол орта мектебінің үздік оқушысы. Ол халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық орыс тілі пәнінен әрі ғылыми жоба жұмыстарының жеңімпазы.

- Қарындасым Анар 1968 жылы Атырау  облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Анар мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің орыс тілі мен әдебиет факультетіне оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң алғаш еңбек жолын Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектебінде орыс тілі пәні мұғалімі болып қызметке орналасты, - дейді ағасы Асхат Төлешұлы.

Ұстаздық қызмет жолында оқушылары аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардан жүлделі орындарға ие болған. Осындай қызметпен қоса, Анар Төлешқызы үйде аяулы жар, қамқор ана бола білді. 1989 жылы Берік Нұғмановқа тұрмысқа шығып, ортақ некеден  төрт бала және бүгінде олардан  бес немере сүйіп отыр.

- Артымнан ерген сіңлім Айнаш 1971 жылы дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң, бұрынғы Гурьев педагогикалық институты қазіргі Атырау мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтады. Сіңлім қазір өзінің жеке кәсібімен айналысады әрі «Кәсіпкер боламын» жобасының авторы. Бұл жоба Маңғыстау облысында 2018 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылып келеді. Жоба оқушылар мен жасөспірімдердің және олардың ата-аналары мен мұғалімдері арасында кәсіпкерлік сананы дамытуға бағытталған, - дейді Анар Төлешқызы.

Айнаш Тілеккабылова 1990 жылы Еркін Қарақұловқа тұрмысқа шығып, ортақ некеден қос ұлды тәрбиелеп отыр. 48 жастағы жолдасы қазір заман талабына сай өзінің  жеке кәсібімен айналысады. Ал олардың 1990 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлы Елдос қазір Алматы қаласында  Менеджмент университетінде координатор болып қызмет етсе,  одан екі жасқа кіші кенже ұлы Айдос та Алматы қаласында дизайнер болып жұмыс істейді.

Әулеттің алтыншы перзенті Артур Төлешұлы 1973 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық университеттің мұнай және газ бұрмалау факультетін тәмамдаған. Қазір  жұбайы әрі химия пәнінің мұғалімі  Самал Молдағалиевамен төрт ұлды тәрбиелеп отыр. Тұңғыш ұлы 1997 жылы дүниеге келген Айзат Атырау политехникалық университеттің 4 курс студенті әрі баскетболдан Атырау облыстық командасының құрамында ойнайды. Оның інісі Азамат Назарбаев зияткерлік мектебінің биыл  10-сыныбына көшті. Әрі  республикалық олимпиадалар жүлдегері. Үйдің кенжелері Ақылбек пен Әділбек бала-бақша тәрбиеленушілері.

– Әулеттің менен кейінгі баласы әрі інім Алмаз 1975 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Атырау политехникалық университетіне оқуға түсті. Оны тәмамдаған бауырым қазіргі кезде мұнай саласында мұнайшы болып қызмет атқарады. 1998 жылы Ляззат Елтайқызымен шаңырақ құрып, қазір олар төрт ханшайымды тәрбиелеп отыр, - дейді ағасы Артур Төлешұлы.

Алмаз Төлешұлы мен Ляззат Елтайқызының 1997 жылы дүниеге келген тұңғыштары Орал педагогикалық университетінің шет тілі факультетін бітіріп, қазіргі кезде мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Ал 2006 және 2008 жылдары дүниеге келген оның сіңлілері Ардақ 9-сыныпқа, Айнагүл 4-сыныпқа көшкен. Кенжесі сегіз жастағы Аяулым биыл 1-сыныпты бітірді.

- Тілекқабыловтар шаңырағының кенжесі Аман 1979 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Қазіргі кезде жеке фирмада қызмет ететін інім 2000 жылы Гаухар Сағындыққызымен отау құрған. Олардың 19 жастағы қызы Асылай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  аударма ісі және шетел тілі факультетінің студенті әрі сол жоғары оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, көптеген марапаттарға ие болып жүр, - дейді ағасы Алмаз Төлешұлы.

Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында тұратын Тілекқабыловтар әулеті берекелі шаңырақ ретінде өз ауыл-аймағында ерекше беделге ие. Бұл әулет ғибратты ғұмырларының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Олар мерейлі отбасы болудың құпиясы ағайынның татулығы мен сыйластығы әрі бір-бірімен бауырмал болуында деп есептейді. Шаңырағында ықылым заманнан дәстүрге айналған қонақжайлылыққа ерекше мән береді.

– Қонақжайлылық – «қонағы айтпай қонатын, көршісі айтпай кіретін» халқымыздың қанына сіңген дәстүрлік әдебі. Біздің әулет қонаққа үйдің төрін, астың дәмдісін ұсынып, ақжарқын көңілмен жақсылап күтуді – көргенділік, адамгершілік, азаматтық қана емес, міндет деп есептейді. Және шаңырағымыздағы барлық келіндеріміз осы дәстүрді бүгінгі күнге дейін берік ұстанып келеді, - дейді әулеттің отанасы 83 жастағы ақ жаулықты әжей Аймекен  Қабдешқызы.

Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана болмасын, өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келген кезде оған ерекше мән беріп, ең жақсы есімді қоюға тырысады. Тілекқабыловтар әулетінде дүниеге келген перзенттеріне, немерелеріне және шөберелеріне  тек  «А» немесе «Ә» әрпінен басталатын есімді марқұм аталары Төлеш Тілекқабылов өзі қойып отырған. Бұл дәстүрді қазіргі кезде әулеттің балалары жалғастырып келеді.

– Туған күн – адам өміріндегі ең ұмытылмас елеулі күндердің бірі. Бүгінде жыл сайын әулет мүшелерінің туған күнін тойлау дәстүрі әжеміздің отбасында қалыптасқан. Сондықтан біз үй-ішімізде әрқайсысының жеке мейрамында кішігірім дастархан жайып, ағайын-туысты, дос-жараңды шақырып, тілек айтып, үлкен кісінің батасын алуды дәстүрге айналдырғанбыз. Қазіргі кезде бұл дәстүрді барлық отбасы мүшелері асыға күтеді, - дейді келіні Нарни Абдоллақызы.

Бақытты да өнегелі отбасы өмірлерінде болған қызықты оқиғалармен де бөлісуді ұмытпады. Әулеттің үшінші перзенті Асхат Төлешұлының тұңғыш қызы  Айбибі дүниеге келгенде, дәрігер шатасып, Нарни Тілекқабылова ұл босанды деп барлық әулетке хабарлаған. Мұны естіген Тілекқабыловтар  бәрі мәз-мейрам болған. Содан кешке қарай жолдасы келіншегіне тамақ апарып тұрса, сондағы дәрігерлер «Сіз сұлу ханшайымның әкесісіз» деп құттықтапты. Сөйтіп, Асхат Төлешұлы үйіне барып, ата-анасына, туыс-туғанға айтып, қайтадан көрші-көлем, ағайын, достардың басын қосып, дастархан жайып, нәтижесінде бір күнде екі рет думандатып тойлапты.

Отбасының осындай үлгілі өмірі әрі өзіндік салт-дәстүрі бар, рухани құндылықтары басым өнегелі жанұяның келер ұрпағына берер азығы мол екенін байқауға болады. Бұл әулет «Отбасы – адам баласының алтын діңгегі» дегенді ұстанады. Өйткені адам баласы ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап ата-анасының жанында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан отбасы – барша адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын мекені деп есептейді.

Ұрпағымен көктеп-көгеріп әрі көпке үлгі болып отырған Тілекқабыловтар әулеті  алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының ақтық кезеңінде Атырау облысының намысын қорғайды.

(Суреттер  Тілекқабыловтар  отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Поделитесь:
Telegram
Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!