Әлемдік футболдың жарық жұлдызы Роналдиньо қазақтың тұсаукесер дәстүріне қатысып, қазақстандық Ислам Әбенбаевтың ұлының тұсауын кесті.
Ерекше рәсім баланың бір жасқа толған туған күнімен тұспа-тұс келіп, Дубай қаласында өтті.
Ұлының туған күнін ерекше атап өтуді қалаған
Ислам Әбенбаев отбасымен бірге Дубайда демалып жүргенде Роналдиньомен кездесіп, ұлының тұсаукесеріне қатысуға өтініш білдірген. Әкесі баласының алғашқы туған күнін өзгеше атап өтуді жөн көрген.
Қазақтың тұсаукесер дәстүрі бойынша, бала қаз-қаз басып, алғашқы қадамдарын жасай бастағанда аяғына байланған ала жіпті кеседі. Бұл рәсім сәбидің жолы ашық, қадамы нық, өмірі берекелі болсын деген ниетпен жасалады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әдетте баланың тұсауын елге сыйлы, көпшілік құрметтейтін, өнегесімен өзгеге үлгі болатын адамға кестіреді. Ислам Әбенбаев та ұлының тұсауын әлемге танымал футболшы Роналдиньоға кестіруді ұйғарған. Айтуынша, футболшы бұл рәсімге ақысыз қатысуға келіскен.
Бала Роналдиньоны бәрінің ішінен өзі таңдағанын көрсететін видео ұсындық. Оған бұл ерекше әсер етіп, көңіліне қуаныш сыйлады. Біз оған қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін мақтанышпен таныстырдық. Осындай деңгейдегі адамның отбасымыз үшін маңызды сәттің бір бөлігіне айналатынын елестету де қиын еді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе болды, – дейді Ислам Әбенбаев.
Роналдиньоның толық аты-жөні – Роналду де Ассис Морейра. Ол 1980 жылғы 21 наурызда Бразилияның Порту-Алегри қаласында дүниеге келген. Футбол тарихындағы ең танымал ойыншылардың бірі саналатын бразилиялық дриблингімен, допты ерекше игеру шеберлігімен және көрерменді тәнті ететін ойынымен танылды.
Бразилия құрамасымен бірге 2002 жылы әлем чемпионы атанды. Испанияның «Барселона» клубында өнер көрсетіп жүргенде екі рет ел чемпионатын жеңіп алып, 2006 жылы Чемпиондар лигасының кубогын иеленді. Ал 2005 жылы футболдағы ең беделді жеке марапаттардың бірі – «Алтын допқа» қол жеткізді.
«20 жылдан кейін Қазақстан әлем чемпионатын жеңуі керек»
Роналдиньоның қазақ баласының тұсауын кескен сәті әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Желі қолданушылары ерекше рәсімге қатысты түрлі пікір жазып, баланың болашағына ақ тілектерін арнады.
Пікір білдіргендердің арасында:
- «Енді 20 жылдан кейін Қазақстан әлем чемпионатын жеңуі керек. Әкесіне құрмет!»;
- «Бала 20 жылдан кейін әкесінің өзі үшін не істегенін түсінеді»;
- «Міне, тұсаукесер деген осы! Өзі де Қазақстаннан шыққан танымал әрі талантты футболшы болсын»;
- «Мұндайды армандаудың өзі қиын. Роналдиньоның өзі тұсауын кесті. Керемет!» деген жазбалар бар.
Ал Ислам Әбенбаев ұлының болашақта елге сыйлы, абыройлы азамат болып өскенін қалайды. Әкесі баласының жетістікке жетуімен қатар, өз мәдениеті мен ұлттық дәстүрін құрметтеп өскенін де тілейді.
Айта кетейік, Роналдиньо 2018 жылғы қаңтарда кәсіби футболдағы мансабын аяқтағанын жариялаған. Алайда 2026 жылғы 15 қарашада 46 жастағы футболшы 11 жылдық үзілістен кейін алаңға қайта оралып, Италияның «Равенна» клубы сапында алғашқы матчын өткізді.