Жаңалықтар

Рахметовтің ісі рахметке лайық

Бейбіт күннің батырлары
23.05.2016 11:40 2785

Рахметовтің ісі рахметке лайық

Батыс Қазақстан облысында шекара қызметкері суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды. Оқиға былайша өрбіген:

7 мамыр Оралдағы №2036 әскери бөлімінің радиотелефоншысы Әділбек Рахметов үшін әдеттегі күндердің бірі болатын. Бұл күні ол Жәнібек ауылының шетіндегі жасанды су тоғанының жағалауында жүрген еді. Әділбек өзінің қасында бір топ бала жайбарақат ойнап жүргенін байқайды. Олардың арасында 2 ер бала мен 5 қыз бала бар екен.

Бір кезде Әділбек «құтқарыңдар, ол батып бара жатыр!» деген жанайқайды естиді. Қараса, әлгінде ойнап жүрген балалардың бірі суға бір батып, бір шығып, ағып бара жатыр екен. Ойланып тұра беруге уақыт тапшы, жігіт жүгіріп келіп, дереу суға секіреді. Дегенмен, батып бара жатқан баланы құтқару оңайға түспейді. Әбден қорқып қалған балақай өзінің ебедейсіз қимылымен жүзіп келе жатқан Әділбекті өзімен бірге суға батыра жаздайды. Бірақ, әскери қызметкер бұл қиындықты жеңіп, баланы қолынан ұстап, жағаға шығарады. Осылайша, оның арқасында бесінші сынып оқушысының жаны аман қалды.

Бұл оқиға 7 мамыр күні болғанымен, жұртшылыққа ақжолтай ақпар енді ғана жетті. Бүгінде БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы Әділбек Рахметовті марапаттауға ұсыныс әзірлеуде.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға