«Қызылжар» клубының бұрынғы президентіне мемлекетаралық іздеу жарияланды

«Қызылжар» клубының бұрынғы президентіне мемлекетаралық іздеу жарияланды
Фото: «Қызылжар»

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігі оған қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істің мән-жайын жариялады.

Агенттік мәліметінше, 1954 жылы туған Григорий Лория бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 414 миллион теңгеден асады.

ҚМА-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасының азаматы, «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы ЖШС-нің бұрынғы президенті, 1954 жылы туған Григорий Отарович Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады, – делінген агенттік хабарламасында.

Лорияның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан Қаржылық мониторинг агенттігінің кезекші бөліміне +7 7172 70 84 78 телефоны арқылы хабарласу сұралды.

Тергеу нұсқасы: бюджет қаражаты қалай жұмсалған?

ҚМА дерегінше, 2023 жылы «Қызыл-Жар» футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген. Тергеу нұсқасы бойынша, Григорий Лория клубтың бас есепшісімен және өзге де адамдармен сөз байласып, бюджет қаражатын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.

Агенттік мәліметінше, күдіктілер жалған қаржылық құжаттарды пайдаланып, негізсіз аударымдар арқылы ақшаны жеке шоттарға жіберген. Сонымен қатар бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізілген деген күдік бар. Атап айтқанда, декларацияларда қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және жылдық жиынтық табыс көлемі төмендетіліп көрсетілген.

Бұған дейін клубтың бас есепшісі сотталған

Айта кетейік, Григорий Лория – Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лорияның әкесі. Давид Лория мансабында бірнеше қазақстандық клубтың намысын қорғаған. Кәсіби футболдағы мансабын аяқтағаннан кейін менеджмент саласына ауысты. 2026 жылдың маусым айында елордалық «Жеңіс» клубының бас директоры болып тағайындалды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында Григорий Лорияға іздеу жариялау туралы ақпарат 7 қарашада пайда болды.

Бұған дейін, 2024 жылы «Қызыл-Жар» футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған еді. Осы іске қатысты клубтың бас есепшісі Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 2026 жылдың қаңтарында сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Қазір ол жазасын өтеп жатыр.

Ал Григорий Лорияға қатысты қылмыстық іс 2026 жылғы 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Бұл іс бұрынғы бас есепшіге қатысты тергеуден бөлек қарастырылып жатыр.

Еске салайық, 2025 жылдың қарашасында Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубы кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру бағдарламасы аясында жеке меншікке өтті. Клубты кәсіпкер Сергей Кан сатып алған.

Оқи отырыңыз