Жаңалықтар

Қызылорда облысында оқу-жаттығудың практикалық кезеңі өтті

Қызылорда облысында оқу-жаттығудың практикалық кезеңі өтті
Фото: gov.kz 12.09.2023 21:10 977

Сырдария ауданында «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың практикалық кезеңі ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

2023 жылдың 12 қыркүйегінде Қызылорда облысының аудандарында «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың практикалық кезеңі ұйымдастырылды. 

Оқу-жаттығудың тақырыбы: «Басқару органдарын, азаматтық  қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күш-құралдарын жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындау». Оқу-жаттығудың практикалық кезеңінің өтуіне орай облыстық штаб құрылды.

2023 жылдың 12 қыркүйекте сағат 11:00-де  Сырдария ауданындағы Тереңөзек кентінің аумағында жер сілкінісі орын алғаны жөнінде шартты хабарлама келіп түсті.

Соған сәйкес №12 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетінің радиотелефонисті жедел әрекет ететін қызметтерді құлақтандырып, оларды оқиға орнына жіберді. Сағат 11-ден  10 минут өткенде  авариялық-құтқару қызметтері оқиға орнына жиналды. Төтенше жағдай орнында су, тоқ көздерін, газ қондырғыларын ажырату жұмыстары жүргізілді.

№5547 әскери бөлімі және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметтері ТЖ орнын қоршау жұмыстарын жүргізді.

Өртке қарсы қызметі жер сілкінісі орын алған жерде өрт ошағы пайда болғандықтан, сол өртті сөндіруге атсалысты. Сонымен қатар оқиға орнынан 1 адамды құтқарып, оны медициналық қызметке тапсырды. Эвакуацияланған халыққа және өрттен зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер медициналық пункттерге жеткізілді. Өрт сөндіру қызметінің психолог мамандары зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетті.

Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері 2 кинологиялық есеппен Тереңөзек елді мекеніндегі тұрғын үйлердің тұрғындары мен материалдық құндылықтарын эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге үйінді астында қалған 4 адамды құтқарды.

Сауда қызметі эвакуацияланған халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, оның ішінде тамақтандыруды ұйымдастыру, азық-түлікпен, сумен және бірінші кезекте қажетті заттармен жабдықтау жұмыстарын жүргізді. Коммуналдық-тұрмыстық қызметтер көрсетілді.

Жергілікті атқарушы органдар өкілдері, А. Тоқмағамбетов, С. Сейфуллин ауылдық округтерінің әкімшілігі эвакуациялық қабылдау пункттерін дайындыққа келтіріп, аудандық көлік қызметі зардап шеккендерді эвакуациялық жинақтау және қабылдау пункттеріне тасымалдады. Тасымалдау жұмысын 5 автокөліктің жүргізушілері атқарды. Тереңөзек елді мекенінен 287 тұрғын эвакуацияланды.

Тереңөзек кенті, Дәдікбаев көшесінің бойында жер сілкінісі салдарынан пайда болған шұңқырға түсіп кеткен автокөлікті шығару жұмыстары жүргізілді.

Ақпарат қызметі орын алған оқыс оқиғаны бұқаралық ақпарат құралдарына жариялады. «Қазақтелеком» АҚ облыстық телекоммуникациялар дирекциясының   қызметкерлері мен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының қызметкерлері байланыс жүйесі мен электр тарату жүйелерін қалыпқа келтірді.

Оқу-жаттығу барысында авариялық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінен 70 адам 25 техникасымен жұмылдырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға