Коллаж El.kz

Қыздың жігітке бірінші болып сезім білдіруі дұрыс па?

Қоғамда махаббатта бастаманы ер адамның көтеруі – қалыпты, ал қыздың сезім білдіруі – тосын әрекет ретінде қабылданады. Алайда феминистік теория бұл түсінікті патриархаттың бір бөлігі деп қарап, әйелдің ашық сезім білдіруін – оның құқығы, еркін таңдауы ретінде ұсынады. Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісі халықаралық құқық маманы Әйгерім Құсайынқызының бұл тақырыпқа қатысты пікірін білді.

Махаббат – эмоция емес, саяси әрекет

Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, кездесуде студенттердің бірі оған: «Қыз баланың бірінші болып сезім білдіруіне феминизм қалай жауап береді?» деп сұрақ қойған.

Маман көп ғасырлар бойы романтикалық бастаманы тек ер адамдарға тән норма ретінде қалыптастыру – патриархаттың маңызды элементі, бұл норма әйелдерді пассив, өзгелерді күтуші, тәуелді кейіпте ұстауға бағытталған деп есептейді.

Феминистік теория бұл үлгіні сынға алады және әйелдің сезімін ашық білдіруін – субъект ретіндегі құқық деп қарастырады. Әйелдің бастамашыл болуы, яғни:

«Маған сен ұнайсың» деуі,

Кездесуге бірінші болып шақыруы,

Махаббатын ашық айтуы – бұл ер адамның үстемдігінен еркін болуға бағытталған қадам екенін айтады.

Заманауи қарым-қатынас түрлері уақытпен бірге өзгерген қатынас тілінің бір көрінісі ғана емес. Олар гендерлік күш, көрінбейтін еңбек және эмоционалдық әділетсіздік туралы ұғымдарды да қамтиды. Феминистік теориялар, әсіресе Эва Иллуз, Сара Ахмед, Белл Хукс еңбектерінде махаббат – жай ғана эмоция емес, саяси әрекет ретінде сипатталады.  Махаббаттағы шекаралар, келісім, еңбек бәрі де патриархатпен, еркек үстемдігімен, әйелдің бейнесімен тығыз байланысты, – дейді сарапшы.

Феминистік зерттеулер үшін бұл қарым-қатынастар – интимдік шекара мен эмоционалдық әділеттіліктің, келісім мен субъектіліктің күресі. Бұл – кім шешім қабылдайды, кім жауапты, кім көрінбей қалуға құқылы, кім сезінуге «мәжбүр» деген сұрақтарды да қамтиды.

Жаңа қарым-қатынас түрлері тек тілдегі өзгеріс емес, олар әлеуметтік құрылымдардың, әсіресе гендерлік рөлдердің жаңа үлгілерін де қалыптастырады. Жаңа типтегі қатынастардың көпшілігі – белгісіз, «жартылай» байланыс. Олар серіктестің шекарасын сыйламайтын, эмоциялық тұрақсыздықты тудыратын жүйеге айналған. «Сүйемін» деу – бұл сезім ғана емес. Бұл – жауапкершілік, ниет және шынайы терең байланыс жайлы маңызды мәлімдеме, – дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Қазіргі қарым-қатынастың түрлері – белгісіздік пен манипуляция

Спикер заманауи қарым-қатынастардың кейбір түрлерін мысалға келтіріп, олардың көбінің гендерлік күш теңсіздігіне, эмоционалдық тұрақсыздыққа, манипуляцияға негізделгенін айтады:

Бенчинг (бос үміт беру)

Сені шын мәнінде қаламайтын, бірақ мүлде жоғалтып алғысы да келмейтін адамның мінезі. Ол ара-тұра хабарласып, бірде жылы, бірде салқын қатынас жасап, оған деген қызығушылығың сөне бастағанда қайта пайда болады. Барынша нақты әрекеттен жалтарады, бірақ сенен үміт үзе де қоймайды. Сенің уақытың мен сезімің – оның іш пыстырмайтын ойынына айналады. Мұндай қатынас өзіңе сенім мен анықтық емес, күмән мен жалған үміт ұялатады.

Орбитинг (айналсоқтау)

Ол сенімен тікелей сөйлеспейді, хабарласпайды. Бірақ үнемі көлеңке секілді жаныңда жүреді хикаяларыңды қарайды, жазбаларыңа үнсіз лайк басады, кейде қысқа пікір тастап кетеді. Өзіңе көрінбей, бірақ байқалмай қалмайтын беймәлім бір қозғалыс. Қатынас жоқ, бірақ назар бар. Бейне бір сенің өміріңнің маңында айналып жүрген ғаламшар секілді. Мұндай қатынас – үміт пен белгісіздіктің арасындағы тұман. Ол сенімен емес, бірақ сенен де кетпейді. Бұл – сезімге емес, сенің реакцияңа құрылған көрінбейтін ойын.

Зомбинҝ (қайта тірілген қатынас)

Ол кеткен. Жоғалған. Ұмытылған. Бірақ бір күні аяқ асты қайта пайда болады ештеңе болмағандай, ауыр сөздер, ұзақ үнсіздік, жүрек жарасы болмағандай. Сәлемі – салқын, сөзі – таныс. Ал сенде – жүрек дүрсілі мен ескі жараның сыздауы әлі бар. Бұл – өткеннің елесімен ойнау. Көңілде қалған тәтті сәттер қайта жаңғырып, бір сәтке болса да жүректі жылытуды мүмкін. Сен тұрақтылық емес, манипуляция мен белгісіздікке тап боласың.

Покетинг (жасырын ұстау)

Сен екеуің жеке кеңістікте жақынсыңдар. Ол саған сырын айтады, кеңес сұрайды, мейірім танытады. Бірақ бұл жақындық тек төрт қабырға ішінде ғана. Қоғам алдында сен жоқсың. Ешкімге сені айтпайды, бірге түскен сурет те жоқ, достарымен, отбасымен таныстыру туралы әңгіме де болмайды. Сен оның өмірінде бар, бірақ көрінбейтін адамсың. Бірақ бұл көбіне сенен ұялу, не сені «уақытша нұсқа» ретінде қарау. Уақыт өте келе ішкі дауыс: «Неге мені көрсетпейді?» деп күмәнданатын болады.

Ситюэйшеншип (бұлыңғыр жақындық)

Сендер бірге уақыт өткізесіңдер, сөйлесесіңдер, кейде тіпті бір-біріңе бауыр басып қалғандай боласыңдар. Бірақ бұл қарым-қатынаста аты да, айдары да жоқ. «Қыз-жігітпіз бе?», «Біз қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтарға нақты жауап жоқ. Уақытша бір толқында жүзгендердейсіңдер – бағытсыз, межесіз. Бұл байланыс еркін. Ешкім ешкімге міндетті емес. Қысым жоқ, талап жоқ. Бір сәттік еркіндік – ұзақ мерзімді эмоциялық шаршауға ұласады.

Лавбомбинг

Барлығы ертегі секілді басталады. Ол сені жақсы көреді, сыйлайды, гүл мен сөз жаудырады. Секундына бір хабарлама, таң сайын тәтті таңғы тілек, кешкісін жүректі елжіретер видео. Бірақ бұл сезім тұрақты емес шарықтау тез басталып, күрт құлайды. Ол қызығушылығын жоғалтады немесе салқын қабақ танытады. Ал сен не болғанын түсінбей, жүрегіңмен жалғыз қаласың.

Бүкіл сүйіспеншілік пен назар шынайы сезім емес, бақылау мен биліктің құралы. Бұл – махаббат емес, эмоционалдық жарылыс, сосын үнсіздік.

Брэдкрамбинг

Ол нақты қарым-қатынас ұсынбайды, бірақ сенен де алыстамайды. Анда-санда хабарлама жазады, бір-екі жылы сөз айтады, үміт отын сөндірмейді. Бірақ ешқашан шынайы жақындаспайды. Бұл – үміттің үзік- үзік ұнтағы секілді: сен тек оны ұмытпас үшін берілген уақтылы үміт сынықтарымен өмір сүресің. Бұл қатынас сенің эмоцияңмен «тамақтанады», бірақ ештеңе ұсынбайды.

Вокфишинг

Ол өзін прогрессивті, феминизмді қолдайтын адам ретінде көрсетеді. Посттарында әйел теңдігі жайлы жазады, талқылау кезінде дұрыс сөздер айтады. Бірақ іс жүзінде психологиялық шекараңды бұзады, эмоционалдық еңбекке мәжбүрлейді, тіпті сексизммен жасырын өмір сүреді. Алғашында сіздің құндылықтарыңызбен үндесіп тұрғандай көрінеді. Оның «феминизмі» — бетперде. Бұл қолдау емес, ұнау үшін ойнайтын рөл.

Хардболлинг

Ол ойын жасырмайды. Бірінші кездесуде-ақ: «Мен некеге отыруды көздеймін» немесе «Мен тек достық қана қалаймын» деп ашық айтады. Бұл – жасырын код емес, тікелей ниет. Айқындық бар. Саған уәде беріп, кейін тайқып кететін адам емес. Әркім өз картасын ашық жайып салады. Бұл шындық бәріне бірдей ұнай бермейді. Егер сен әлі өз сезіміңе сенімді болмасаң, не көп нәрседен үміт күтсең, бұл қатынас сені ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін.

Бұл типтер – тек тілдік не мінез-құлық сипаттары емес. Олар эмоционалдық әділетсіздік пен гендерлік рөлдердің трансформациясын білдіреді. Маманның айтуынша, «Сүйемін» деген сөздің өзі тек сезім емес – бұл жауапкершілік пен келісімге құрылған әрекет.

Әйгерім Құсайынқызының ойынша, жаңа заманда қарым-қатынас түрлері мен оған деген көзқарас түбегейлі өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістер гендерлік теңдік үшін күресте маңызды орын алады. Әйелдің сезімін ашық білдіруі – оның еркіндігі мен субъектілігінің айқын көрінісі. Ал заманауи қарым-қатынас формаларына сын көзбен қарау – тек жеке өмірді емес, қоғамдағы әділеттілік пен теңдікті нығайтудың да жолы.