Қытайда 110 робот бір мезетте билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енді

Қытайда 110 робот бір мезетте билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енді
Фото: ЖИ иллюстрациясы

Қытайдың Цзинань қаласында 110 гуманоид робот бір мезетте синхронды би билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. AgiBot компаниясы әзірлеген Expedition A3 роботтары секіру, төңкерілу және сап түзеп орын ауыстыру сияқты күрделі қимылдарды бірдей орындаған. Бұл туралы El.kz интернет порталы хабарлады.

Роботтардың қойылымы 24 қазанда өтті. Олардың үйлесімді қозғалысын LinkBots платформасы мен құрылғылардың орналасқан жерін сантиметрлік дәлдікпен анықтайтын ультра кең жолақты позициялау жүйесі қамтамасыз еткен.

Әзірлеушілер мұндай роботтарды болашақта туристік және мәдени іс-шараларда, қоғамдық қызмет көрсету саласында, білім беру мен ғылыми зерттеулерде пайдалануды жоспарлап отыр.

Роботтар өндіріс орындарында да қолданыла бастады

Қытайлық компаниялар гуманоид роботтарды өнеркәсіпке енгізу жұмыстарын қатар жүргізіп келеді. Robotera компаниясы 15 қойма кешенінде сәлемдемелерді сұрыптауға арналған 100-ден астам робот жеткізгенін хабарлаған.

Ал DexForce компаниясы Lens Technology зауытында роботтарды өндіріс үдерісіне енгізуде. Олар мобильді құрылғыларды қаптау жұмыстарына қатысады.

Өндіріс көлемі артып келеді

Қытай билігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында жергілікті әзірлеушілер гуманоид роботтардың 400-ден астам моделін жасап, 40 мыңнан астам құрылғы шығарған. Жыл қорытындысында өндіріс көлемі 100 мың данадан асуы мүмкін.

Дегенмен мұндай технологияларды кеңінен қолдануға роботтардың қымбаттығы, сенімділігіне қатысты мәселелер және өзгермелі ортада жұмыс істеу кезіндегі қиындықтар кедергі келтіреді. Жарықтың өзгеруі, еден бетінің ерекшеліктері мен күтпеген кедергілер роботтардың тапсырманы орындауына әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақытқа созылатын жұмыстар барысында қателер жинақталып, қозғалыс дәлдігі төмендеуі ықтимал.

Қытай 2026 жылдың соңына дейін ондаған мың гуманоид роботты ауқымды түрде қолдануға қажетті жағдай қалыптастырып, оларды пайдаланудың 100-ден астам перспективалы бағытын дамытуды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз