Жаңалықтар

Қытай мен Қазақстан өзара тәжірибе алмасатын серіктестер – Қытай елшісі

Қытай мен Қазақстан өзара тәжірибе алмасатын серіктестер – Қытай елшісі
Фото: El.kz/Ақмарал Ағзамқызы 25.09.2024 15:54 468

Астанада Қытай Халық Республикасы құрылғанына 75 жыл толуына арналған шара өтті. Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Сяоның арнайы қабылдауына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты жиын басында екі елдің әнұраны шырқалды. Жиынға Үкімет мүшелері, шет мемлекеттерінің елшілері мен дипломаттары қатысты. Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Сяо құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.

Қытай Коммунистік партиясының берік басшылығымен Қытай әлемде сирек кездесетін қарқынды экономикалық даму мен ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылықтың «екі әлеметін» жасап, әлемдегі ең ірі өндіруші, тауар саудасы бойынша ең ірі елге, тауар тұтыну және валюта резервтері бойынша ең ірі елге және әлемде екінші орындағы экономикасы дамыған елге айналды. Қытай Коммунистік Партиясының 18-ші Ұлттық съезі Қытай ұлтының қытай үлгісіндегі модернизациямен ұлы жаңғыруын жан-жақты ілгерілетудің жаңа кезеңін бастады. Ханымдар мен мырзалар, достар! Өткен 75 жылда жүріп өткен даму жолы оңай да, тегіс болған жоқ. Қытай «күшті мемлекет міндетті түрде үстемдік етеді» деген жолмен жүрмейді және «әлсізді күшті жұтады» деген қағиданы ұстанбайтынын атап өткім келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай бейбіт даму жолымен жүруді табанды түрде жалғастырады және тең құқылы, реттелген әлемдік көпполярлы және инклюзивті экономикалық жаһандану қағидаларына белсенді түрде бастамашылық етеді, - деді Чжан Сяо.

Елші Қытай мен Қазақстан өзара дипломатиялық тұжырымдаманы ұстанатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта әлем тағы да бірлік пен бөлінудің қиылысында тұр. ҚХР-ның Төрағасы Си Цзиньпин адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құру тұжырымдамасын ұсынып, «Қандай әлем құру керек және оны қалай құру керек?» деген сұрақтарға жаңаша жауап берді. Қытайдың дамуы тұрақты аймақтық ортадан бөлінбейді, сонымен қатар Қытайдың дамуы оның айналасына пайда әкелетіні сөзсіз. Қытай «көршілермен тату-тәтті өту, көршіні дос тұту» дипломатиялық саясатын, сондай-ақ «жақын өту, адал болу, тиімділік жасау, кең пейіл болу» дипломатиялық тұжырымдамасын ұстанады. Қытай-Қазақстан қатынастары осы саясат тұжырымдамасының сәтті тәжірибесі болып табылады. Қытай мен Қазақстан - өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ табысқа негізделген жақсы серіктестер. Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 41 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға өсті. Ағымдағы жылдың қаңтар- тамыз айлары аралығында екі ел арасындағы сауда көлемі 29,1 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және инвестицияның маңызды көзіне айналды, - деді Чжан Сяо.

Қытай мен Қазақстан өзара тәжірибе алмасатын серіктестер – Қытай елшісі

Сондай-ақ Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерінің қытайлықтар арасында кең қолданысқа ие екеніне тоқталды.

Қытай брендіндегі жаңа энергия көздерімен жүретін көліктерді Қазақстанның көшелерінен өте жиі кездестіреміз. Қытайлық компаниялар салған «Ақмола жел электр станциясы», «Тұрғысын су электр» станциясы секілді жасыл энергия жобалары сәтті аяқталды. «Қытай-Еуропа» жүк пойыздары Қазақстанның кең- байтақ даласында жүйткіп, Қазақстанның сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері Қытайдағы қарапайым халықтың дастарханына жетті. Қытай мен Қазақстан шынайы достыққа негізделген, өзара тәжірибе алмасатын серіктестер. Екі ел бір-бірінің ұлттық жағдайларына сай даму жолын қолдай отырып, өздерінің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қорғауды берік қолдайды. Сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ, Қытай - Орталық Азия, АӨСШК секілді көпжақты механизмдер аясында тығыз ынтымақтаса отырып, бір-бірінің маңызды халықаралық бастамаларын белсенді түрде қолдайды, - деді Қытай елшісі.

Табиғи апаттар мен пандемия кезінде екі ел бір-біріне өзара қолдау көрсеткенін тілге тиек етті.

Індет, су тасқыны сияқты табиғи апаттар кезінде Қытай мен Қазақстан бір-біріне қолдау көрсетіп, қиындықтарды бірге еңсерді. Өзара визадан босату күшіне енгеннен бері екі ел халқының арасындағы қарым-қатынас жиілеп, олар бір-бірін жақынырақ танып, достықтарын нығайтып келеді. ҚХР Ақтөбедегі жаңа Бас консулдығы, Қазақстандағы қытай университеттерінің филиалдары, Лұбан шеберханалары, мәдени орталықтар сияқты жобалар іске асырылып, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастыққа жаңа серпін беруде. Келесі жылы Қазақстанда «Қытай туризмі жылы» өткізіледі, бұл да мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Болашаққа көз жүгіртсек, Қытай тарапынан Қазақстанмен модернизация жолындағы «серіктес» болуға, бір-біріміздің негізгі мүдделерімізді қорғауға, үш маңызды жаһандық бастаманы бірге жүзеге асыруға, халықаралық жүйені БҰҰ-мен бірлесіп қолдауға және халықаралық құқыққа негізделген тәртіпті қорғауға, сондай-ақ адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құруды бірге ілгерілетуге дайынбыз, - деді Чжан Сяо.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қытай халқына арналған құттықтау сөзін сөйледі.

Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуына орай қытай халқына ізгі тілегімді жеткізуге рұқсат етіңіздер. Қытай елі бүгінде әлемдегі ең ірі денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелерінің озық моделін қалыптастырды. Осылайша халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік теңдік мәселелерінде жетекші елдердің алдыңғы қатарынан орын алды. ҚХР төрағасы Си Цзинпиннің дарынды саясатының арқасында бүгінде Қытай бүкіл әлемге орнықты дамудың «Ұлы қытай» арманына жету жолында табандылық пен қайсарлықтың керемет үлгісін көрсетті. Біздің еліміз Қытаймен ежелден көрші, сенімді серіктес ретінде зор құрметпен қарайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтарымызды жақындататын шынайы диалог пен серіктестігімізді жоғары бағалайды. Мызғымас достық пен өзара қолдаудың арқасында екіжақты ынтымақтастық бүгінгі таңда мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында жалғасын тауып келеді, - деді вице-премьер.

Қытай мен Қазақстан өзара тәжірибе алмасатын серіктестер – Қытай елшісі

Үкімет басшысының орынбасары екі ел арасындағы сауда саттық көлемін екі есеге арттыру көзделіп отырғанын айтады.

Қазақстан-Қытай қатынастарының жаңа алтын отыз жылдығы аясында сауда, инвестиция, өнер мен мәдениет және технология сияқты түрлі салалар бойынша ықпалдастық деңгейі өсуде.Тауар айналымы 100 есе артып, өткен жылы рекордтық 40 миллиард долларға жетті. Ендігі мақсат – жақын арада өзара сауда қарқынын екі есеге арттыру. Қытай Қазақстанның ТОП-5 инвесторларының қатарына кіреді. Бүгінде жалпы көлемі 25 миллиард долларға жуықтады. Екі елдің көлік-логистикалық саласындағы ықпалдастық Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында жаңа деңгейге көтерілді. Шығыс пен батысқа орасан зор мүмкіндік ашып отырған бұл бағыт Қытайдың жаһандық «Бір белдеу – Бір жол» бастамасымен қайта жаңғырды. Визасыз режимді енгузі туристік және мәдени-гуманитарлық байланыстарға жаңа серпін беріп, Қазақстан мен Қытайды бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өтуде. Ал келесі 2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы жарияланады. Ашылуы жоспарланып отырған Қазақстан-Қытай орталықтары екі халықтың арасындағы достықтың берік көпірі болғалы тұр, - деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға