«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Жыл сайынғы дауға нүкте қойылды

«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Жыл сайынғы дауға нүкте қойылды
Фото: Threads желісінен алынды

Жыл сайын «қыркүйек», «қыргүйек» сөзінің емлесіне қатысты дау туады. Тіл білімі институты осы пікірталасқа нүкте қоя алмай келе жатқанына да біраз болды. Десе де Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да өз ойын білдіріп, Тіл комитеті жауабын берген екен.

«Ғалымдар турасын айтсын»

Үкімет отырысында журналистер Оқу-ағарту министрінен «қыркүйек», «қыргүйек» сөзінің қайсысы дұрыс екені туралы сұрады. Сәйкесінше, Жұлдыз Сүлейменова бұл сұрақ өзін де қызықтыратынын, ғалымдардың, соның ішінде Рәбиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінетінін айтты. Өзі әлі күнге «қыркүйек» деп жазатынын, мектепте солай оқытқанын атап өтті.

1980-жылдар мен 2000 жылдардағы зерттеулерде «қыркүйек» нұсқасының қолданысы 93 пайызға жеткен. «Қыркүйек» деп те, «қыргүйек» деп те жазған адамды қателесті деуге болмайды. Ал қай нұсқа тілдік норма ретінде қолданылуы тиіс екеніне ғалымдар нақты нүкте қоюы қажет. Егер ғалымдарымыз, Тіл білімі институты «қыркүйек» емес, «қыргүйек» дұрыс дейтін болса, біз ғалымдардың үнін естуіміз қажет. Ғалымдар нүктесін қоюы керек деп санаймын, – деді министр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Ал А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты әуелден «қыргүйек» нұсқасын дұрыс дейді. Мұны талай рет мәлімдеп, ғалымдар емле бойынша талдап берген.  Мысалы институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің айтуынша, 1963 жылы шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» «түбір сақтау» ұстанымын басшылыққа алған. Шекара сияқты сөздер осы ұстаным бойынша жазылған.

«Қыргүйек деп жазу тілдік әуезді сақтайды»

Кейіннен Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» пьесасын сахналар тұста жазушы мәдени жұртшылыққа қолқа салып, пьеса атауын «Қарагөз» деп жаздыртқан деседі.

Бірақ мәселенің барысы бір ғана Қарагөз деп жазумен тына қоймаса керек. Ғалым Рәбиға Сыздық атап көрсеткендей, радионың құлағын бұрап қалсаңыз да, телевизордың тетігін басып қалсаңыз да қыздарымыздың әп-әдемі әуезді есімін әншілеріміздің өзі Меңді[қ]ыз-ау, Меңдіқыз деп «қақалап» айтатыны әдетке айналған еді. Сөз ішіндегі дыбыстардың үндесім мен үйлесімі бұзылды. Осы тұста сөздің айтылу нормаларын көрсететін Р.Сыздықтың «Сөз сазы», Қ.Неталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» де жарық көрді, – дейді ғалым.

Фото: Нұргелді Уәлидің Facebook парақшасынан
Фото: Нұргелді Уәлидің Facebook парақшасынан

Институттың тағы бір қызметкері, профессор Құралай Күдеринованың айтуынша, Рабиға Сыздық біраз жылдан кейін «Қазақ тілінің негізгі емле ережелеріне» өзі бас болып түзетулер мен толықтырулар енгізді. Ереже 2001 жылы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» жарияланды. Онда «Бірге жазылатын сөздер» тарауының §26 «Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: ...қыстыгүні, ашудас, ерғашты, жарғанат, қарағаш, алтатар, көгөніс, қыргүйек, шегара, көгала» (11б) деп көрсетті.

2005 жылы үкімет үлкен «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» 5-басылымына тапсырыс бергенде, бас редактор Р.Сыздық сөздіктің алғы сөзінде былай деп түсіндірді: «Біріккен сөздердің ішінде фонетикалық тұлғасын өзгертіп, пайда болған топтардың қатарына тағы бірнеше сөзді кірігіп кеткен тұлғалар тізбегі деп, дыбыстық жағынан қиюластырып, үндестік заңына сәйкестеп айтуға және жазуға болады деп есептеп, 2001 жылғы басылымның өзінде шегара, қыргүйек, көкөніс, көгет деп жазу ұсынылған болатын. Бұл қатардағы 5-6 сөздің бұрынғы да, соңғы да жазылу түрін алдағы 4-5 жылдың барысында қолданыла беруін қате деп есептемеу қажеттігін ескертеміз. Әсіресе мектеп оқушыларының жазба жұмыстарын тексергенде бұл ескерту күшінде болады» (Қазақ тілі орфографиялық сөздігі. А, 2005, 9 б.). Яғни ғалым жұртшылық үйреніп кеткенше екі формасы да дұрыс деп табылсын деді, – дейді профессор Құралай Күдеринова.

Фото: Айзат Жолдасова/Al
Фото: Айзат Жолдасова/Al

Екі нұсқа да қате емес

Сол сияқты шекара/шегара, көкөніс/көгөніс сөзінің емлесіне қатысты профессор Нұргелді Уәли былайша түсініктеме береді.

Шегара, шег- шегін, шектен (шықпау) дегендер, түптеп келгенде, бір түбірден өрбіген ұялас сөздер. Сол сияқты көгөніс, көгал, көгілдір, көгершін, көгаршын, көгілжім сөздерінің түбірі - көк. Бірақ бұларды ешкім түбір қуалап көкал, көкілдір, көкілжім, көкаршын, көкершін деп айтпайды, айтпаған соң түбір қуалап жазбайды да, – дейді Тіл білімі институтының бас-ғылыми қызметкері.

Қоғам «қыркүйек» деп жазылатынын қанша айтып, туласа да, 1963 жылы жарық көрген Емле сөздігінде: ада-гүде, айгөлек, айғабақ, алагеуім, алагөбе, алагүлік, алағаншық, алаңғасар, алдыңгүні, алмағайып, арагідік, әнеугүні, бейғам, жедеғабыл, жаздыгүні, жегжат, желғабыз, көгал, көгершін, көгілжім, көгіс, күздігүні, қолғабыс, қолғап сөздері ұяңданып жазылған.

Сондай-ақ апыл-ғұпыл, ұлан-ғайыр, кішігірім, байғұс, сайгүлік, саргідір, жарғанат, ерғашты болу, соғұрлым, неғұрлым, байғұтан, қолғанат, алагүшік (жау қолына түскен жесір), алагөбе, анағұрлым,  байғазы,  байғұтан, байғыз, бозғалдақ сияқты сөздердің сыңар мағынасы көмескіленгені де, көмескіленбегені де айтылуға сәйкес ұяңданып жазылатынына біраз жыл болған. Десе де қыркүйек не қыргүйек деп жазу қате емес. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Қазақ Бабыл • Qazaq Bubble (@qazaqbubble)

«Қазақ тілінің дыбысталуға негізделгенін ұмыттық»

Егер мұндай түсіндіру тым күрделі болса, Qazaq Bubble парақшасы жариялаған жазбаға үңіліп көріңіз.

Қазақта біріккен сөзде «қ» мен «к» дыбыстарын ілгерінді ықпалға бағындырып, «ғ» не «г» деп жазу – тосын жайт емес, қалыпты нәрсе. Оның көз үйренген мысалы өте көп: құлагер, Амангелді, Майлығожа, Айғаным, Ботагөз, қолғап, қолғабыс, – делінген Instagram-да.

Сондай-ақ Qazaq Bubble-дың жазуынша, ел арасындағы дауға себеп болған –  жазба тілді бір саты жоғары қойып, қазақ тілінің әуелден ауызекі сөйлеу, орфоэпияға негізделгенін ұмытып кеткеніміз себеп. Оған қоса Ахмет Байтұрсынұлы да «қазақтың тілі дыбыстауға, дыбыстап айтуға негізделгенін» жазған. 

фото: Threads желісінен
фото: Threads желісінен

Бұл даудың барлығы, сайып келгенде, бәлкім модернитет, бәлкім басқа бір құндылықтар жүйесі қалыптастырып кеткен жазба тілді көкке көтере беретін әдеттен туғандай. Ал шындығында кез келген жазу – тілдің визуал репрезентациясы ғана, оның қисық айнадағы бейнесі ғана, – деп жазды Qazaq Bubble Instagram парақшасында. 

Ал Тіл саясаты комитеті Tengrinews-қа берген жауабында «қыргүйек» деп жазылатынын кесіп айтқан екен. Дегенмен халық құзырлы органдардың өзара келісіп, пішіп арнайы норма қабылдағанын күтіп жүр. 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сәйкес, «сентябрь» сөзі қазақ тіліне «қыргүйек» деп аударылады", – деп жауап берген Тіл саясаты комитеті, – деп жауап берген Тіл саясаты комитеті.

Оқырман, сіз қай нұсқаны таңдайсыз?

Оқи отырыңыз