Қазақстанда Құрылтай депутаттарының ай сайынғы жалақысы 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева брифинг барысында мәлімдеді. Жиында депутаттардың еңбекақысы мен жұмысына баға беру мәселесі, сондай-ақ жаңа регламентте көзделген жауапкершілік шаралары сөз болды.
Депутаттардың жалақысы қанша?
Дәния Еспаеваның айтуынша, депутаттардың еңбекақысы еңбек өтіліне байланысты.
Қазір депутаттардың жалақысы 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін. Еңбек өтілі көп депутаттардың айлығы 1 млн теңгеге дейін жетеді, – деді Дәния Еспаева.
«Мінберде сөйлемеу – жұмыс істемейді деген сөз емес»
Брифинг барысында депутаттардың пленарлық отырыстардағы белсенділігі де сөз болды. Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ депутаттың жұмысына оның мінберде қаншалықты жиі сөйлейтініне қарап баға беру дұрыс емес екенін айтты.
Депутаттық сауал фракцияда талқыланады, кейін оны пленарлық отырыста бір ғана депутат жариялайды. Бұл депутат жұмысының көрсеткіші емес, – деді Үнзила Шапақ.
Қандай жағдайда жалақыдан айырылуы мүмкін?
Құрылтайдың жаңа регламенті жобасында депутаттық әдеп талаптарын бұзғандарға қолданылатын бірқатар шара қарастырылған.
Атап айтқанда, әріптесіне тіл тигізу, қоқан-лоқы көрсету, әдепсіз ишара жасау немесе сөз сөйлеп тұрған адамның сөзін бөлу тәртіп бұзушылық ретінде қарастырылмақ. Мұндай әрекеттер үшін депутатқа жалақысынан айыруға дейінгі шара қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар депутаттарға мемлекеттік құпияны жариялауға және жалған ақпарат таратуға жол берілмейді. Әдеп талаптарын бұзғандарға сөгіс жариялау, көпшілік алдында кешірім сұрату, сөз сөйлеу құқығынан айыру немесе отырыс залынан шығару секілді шаралар көзделген.
Бұған қоса, отырыстарға себепсіз қатыспаған депутаттар жалақысынан және қызметіне байланысты берілетін бірқатар жеңілдіктен айырылуы мүмкін.