Жаңалықтар

Құрбан айт қазақ үшін діни ғана емес, ұлттық мейрамға айналды - дінтанушы

Құрбан айт қазақ үшін діни ғана емес, ұлттық мейрамға айналды - дінтанушы
Фото: Коллаж El.kz 16.06.2024 10:00 1138

16 маусым қасиетті Құрбан айт мейрамы басталады. Ол мұсылмандардың басты діни мерекелердің бірі. 3 күн ішінде құрбандық шалынып, қайырымдылық жасалады. Бұл күндері мұсылмандар бір-біріне ақ ниетпен жақсылық жасап, қоғамды мейірімділікке шақырады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі барша мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесіне орай теологтармен тілдесіп, бұл күні қандай амал-әрекеттер жасалу қажеттігін біліп қайтты.

El.kz: Ислам дініндегі Құрбан айттың мән-мағынасы қандай? Бұл күні қандай діни жоралғылар орындалған жөн?

Кеңшілік Тышқан, теолог: Негізі Құрбан айт Аллаға жақындау деген мағынаны білдіреді. Бұл - адам өзінің қолындағы бар мүмкіндікті Алла жолына құрбан етіп, сол арқылы жақындауға әрекет жасау деген сөз. Символикалық түрде төрт түлік мал сою арқылы Жаратушыға пейілдерін білдіру дегенге саяды. Сондықтан Құрбан айтты Аллаға жақындау деп түсінген абзал. Қасиетті мерекеде адамдар береке-бірлікке ұмтылып, ағайыншылыққа жақындап, Ораза ұстап, жақсылыққа ниет етеді. Айт намазын оқу үшін мешітке жиналып, мерекелік көңіл-күйде жүреді. Жаңа киімдерін киіп, таңертең айтшылап, құрбандықтарын шалып, сон соң малдың үштен бір бөлігін туысқандарына, тағы үштен бірін өз отбасына, ендігісін жарлы-жақыбайларға бөледі. Сол күні қанша жыл ет жемеген адамдар етке, қызылға ауыздары тиіп, айналада жайлы атмостфера қалыптасады. Сол себепті Құрбан айт мерекесінің мағынасы зор дер едім.

Мұхитдин Исаұлы, PhD докторы, исламтанушы: Қазақ халқында маңызы зор үш мейрам бар. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз, Құрбан айт пен Ораза айт. Құрбан айт қазақ үшін діни ғана емес, ұлттық мейрамға айналып кетті десек болады. Сырына үңілсек, Құрбан айттан бір күн бұрын, қажылар Арафатқа барады. Сөйтіп Арафатта бәрі жиналып, «бұл дүние мен ақыреттің жақсылығын бер» деп дұға жасайды. «Әлемде қантөгіс болмасын, бейбіт аспан астында өмір сүрейік» деп Алладан жалбарынып сұрайды. Ертеңіне Жаратушы «дұғаларыңды қабыл қылдым» деген ниетте Құрбан айтты жібереді. Дұғаларымызды қабыл қылғаннан кейін, шүкіршілігі ретінде «құрбан шалыңдар» деп айтылады. Осылайша, байлар және жағдайы барлар құрбан шалады. Тұрмыс жағдайы төмендерге құрбан шалу міндетті емес. Құрбандықты  мұсылмандар ғана шалады деген шарт та жоқ. Жақсылық жасау ниеті болса жеткілікті. Бұл күні орындалатын діни жоралғыларға тоқталып өтейік. Айт намазына қатысып,  жақсы киімдерін киіп, бір күн бұрын жуынып, тазаланып мерекеге дайындалу қажет. Араздасып немесе ренжісіп қалған адамдармен табысқан да маңызды. Басқаша айтқанда, барлық негативтерден арылған жөн. Қасиетті күні жақындарыңның, достарыңның үйіне қонаққа барған абзал. Барлығы жеті үйге кіріп шығу керек. Сөйтіп үйді-үйді арлап, дастарқаннан дәм татып, арқа-жарқа болған дұрыс. Сол күні дастарқан жиылмайды. Мейрамда аспанға отшашу атып, дүркіретіп тойлату емес, мерекенің қасиетін жан дүниеңмен сезіне отырып, шаттық сезімге бөлену маңызды.

El.kz: Мерекеде құрбандық шалудың маңызы қандай?

Кеңшілік Тышқан: Ислам дінінде Нисаб деген түсінік бар. Ол «мөлшер» деген мағынаны білдіреді.  Шариғатта 85 грамм алтын деген сияқты байлыққа ие адамның Құдай жолында құрбандық шалуы уәжіп болып есептеледі. Уәжіп - парыз емес. Бірақ орындалуы тиіс амалға жатады. Сол себепті құрбан шалу маңызды болып саналады. Кедей-кепшіктің ақысы, көрші-қолаңның ақысы бар, туыстардың, бала-шағаңың ақысы бар дегендей.  Айта кететіні, егер адамның малы кішкентай болса, бір адамның атынан шалынады. Ал егер түйе, сиыр сияқты үлкен ірі қара болса, ол жеті адамның атынан беріледі.

Мұхитдин Исаұлы: Құрбандық шалумен, қан ағызумен бойдағы негативтер кетеді. Астарына үңіліп көрсек, сол күні құрбандық шалған әр адам бала-шағам, елім, жерім аман болсын деп тілейді. Қайырымдылық қорлары мен билік басындағылар құрбандық шалып, халқына таратып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

El.kz: Құрбан айтқа қалай рухани түрде дайындалсақ болады?

Кеңшілік Тышқан: Исламда екі мереке бар: Құрбан айт және Ораза айт. Құрбан айт - Ораза айттан соң 72 күннен кейін келетін мереке. Қажылық рәсімдер орындалады. Бұл жерде қажылықтың уақыты құрбан шалу уақытымен сәйкес келеді. Аллаға деген шынайы ықылас, шынайы құлшылық, шынайы ниет керек. Алла жолында ештеңені аямау қажет деген мағына. Кезінде Ибраһим Пайғамбар Құдайдың бұйрығына байланысты құрбан ретінде баласын шалуға дайын болыпты. Сол үшін Алла Тағала оған қошқар жіберді деген діни аңыздар бар. Материалдық игіліктерімізді дін жолына сарп етпейінше, Жаратушыға жақындау қиын болады. Қолында мүмкіндігі бар бола, азғантай садақасын, құрбандығын Құдай жолына арнай алмаса, ол адамның руханиятында мәселе бар деген философия.

El.kz: Құрбан айт мерекесінде мұсылмандардың отбасы және қоғам мүшелерімен, мұқтаж адамдармен қарым-қатынасы қандай болғаны дұрыс?

Кеңшілік Тышқан: Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау,  ағайын-туыстардың арасында құрбан шалып, көрші-қолаңмен бірге жеу сияқты жоралғылар орындаудың әлеуметік қарым-қатынасты нығайтуда  ықпалы зор дер едім. Кедей-кепшікке мал етін жегізу белгілі бір деңгейде олардың байларға деген көзқарасын қалыптастырады. Оларға деген сыйластығы, байлардың кедейлерге деген қамқорлығы  сыйластық қатынас қалыптастырады. Сол себепті достық қарым-қатынасты жаңғырту үшін аса маңызды болып саналады.

Мұхитдин Исаұлы: Бұл күні бала-шағасы барлар сый-сияпат жасаса, ол бала санасында ұмытылмастай қалып қояды. Ер жеткенде ата-анасына деген жақындық сезімдері қайта оянып, шаттық күйге бөленеді. Сол себепті ағайын-туыстардың үйіне балаларымен барып, мерекелік жақсылықтарды бөліскен дұрыс.

El.kz: Құрбан айт кезінде оқуға міндетті дұғалар қандай?

Кеңшілік Тышқан: Құрбан Айт кезінде намаздан кейін оқылатын Тәкбір ташриқ сияқты дұғалар бар. Міндетті түрде осы дұға оқылуы тиіс деген қатып қалған қағида жоқ. Құрбандықтың өзі Алла жолына ниет етіп бауыздалады. Алланы ұлықтайды. Салауаттар айтылады. Қажылар айтатын Тәкбір ташриқ бар. Сондықтан ел бірлігін, отбасы амандығын тілеуге болады.

Мұхитдин Исаұлы: Міндетті дұғалар жоқ. Айт - мереке деген сөз. Үй-үйді аралап жүріп, ақсақал аталар мен ақ жаулықты әжелердің ақ батасын алуға таптырмас мүмкіндік. Әр ұлт дінді өзінің ұлттық бояуымен әрлеп тастайды. Сол себепті дінді үйренгенде әр ұлт өз ұлттық бояуымен үйренгені дұрыс. Ал басқа ұлттың бояуымен боялған жөн-жоралғыны ұстану проблемаларға әкелуі ықтимал. Мәселен, шегірткені жеуге исламда рұқсат берілген. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде сахабаларына рұқсат беріп, «Харам деп айта алмаймын, өздерің шешіңдер» деген екен. Шегірткені арабтардың ғасырлар бойы жеп келеді. Шегіртке сататын арнайы базарлары да бар. Бірақ ұлты қазақ мұсылмандар үшін шегірткені жеу – жат. Себебі бұл біздің ұлттық бояуымызға сай емес. Яғни, шариғатта «шегіртке жеу керек» деген қағида, пәрмен, заң жоқ. Сол себепті біздің қазақ оны жемеген. Ислам дінін ұстанғанда өзінің ұлттық бояуыңды ұстанған жөн.

El.kz: Бұл қасиетті мерекеден қандай сабақ алуға болады? Қандай құндылықтарды адам бойына сіңіруге септігін тигізеді деп ойлайсыз?

Кеңшілік Тышқан: Құрбандық шалу - Аллаға деген шынайы ниет. Қолымыздағыны дін жолында жұмсай алу, жомарттыққа тәрбиелеу, көрші-қолаң, туыстарыңмен қарым-қатынасты орнату, отбасы мүшелеріне деген қамқорлықты нығайту болып табылады. Сол себепті  қоғамдық қатынастарда адамдардың бір-бірінің үйіне айтшылап баруы, ағайын туыстардың арасын жалғап, ренжіткендерді кешіру деген сияқты үрдіс ретінде қарастыруға болады. Теологиялық жағынан діни басқарма мүшелері, имамдар тарапынан арнайы түсіндірме жасалып жатса, қарсылығым жоқ.

Мұхитдин Исаұлы: Құрбан айт мерекесін лайықты дәрежеде тойлауды  жастар арасында қайта жаңғырту керек. Себебі бүгіннің жастары өзге ұлттық бояуларға мән бермей, қазақи бояудағы ислам дінін ұстануы қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға