Xiaomi күнделікті қолдануға арналған ықшам құрылғылар қатарын жаңа электр ұстарасымен толықтырды.
Компания таныстырған Mijia Portable Electric Shaver Pro шағын өлшемі, ұзақ автономды жұмысы және интеллектуалды басқару жүйесімен ерекшеленеді. Құрылғының көлемі құлаққаптың футлярына ұқсас болғанымен, функционалдығы толық өлшемді ұстараларға жақын.
Автоматты басқарылады
Өндірушінің мәліметінше, құрылғы бір рет толық қуатталғаннан кейін 60 күнге дейін жұмыс істей алады. Сондай-ақ ұстараны қуатталып тұрған кезде де пайдалануға мүмкіндік бар.
Модельдің басты ерекшеліктерінің бірі – автоматты іске қосылу функциясы. Кіріктірілген сенсор ұстара теріге тиген сәтте жүздерді өздігінен іске қосады, ал құрылғы беттен алыстағанда жұмысын тоқтатады. Бұл батарея қуатын үнемдеуге және құрылғыны пайдалануды ыңғайлы етуге арналған.
Суға төзімді корпус
Mijia Portable Electric Shaver Pro толықтай металл корпуста жасалған және алтын түсті, күміс пен қою сұр нұсқаларда ұсынылады. Қырыну сапасын қос сақиналы тор жүйесі, тот баспайтын болаттан жасалған жүздер және түктерді тиімдірек қамтуға арналған арнайы конструкция қамтамасыз етеді. Компанияның айтуынша, бұл жүйе түктердің кептеліп қалу ықтималдығын азайтады.
Құрылғы IPX8 су өткізбейтін қорғаныс стандартына сәйкес келеді. Сондықтан оны ағын сумен қауіпсіз жууға және ылғалды ортада пайдалануға болады.
Қазір Xiaomi Mijia Portable Electric Shaver Pro Қытайдағы Xiaomi Youpin платформасында 349 юаньға (шамамен 24 мың теңге) сатылымға шыққан.