Қуандық Бишімбаевтың інісі түрмеден шығуға өтініш берді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжанов жазасын өтеу мерзімін қысқарту туралы сотқа өтініш берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірнеше апта бұрын Бақытжан Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев, егер рақымшылық туралы заң қабылданса, қорғаушысының жазасы үштен бірге қысқаруы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл шамамен сегіз айға тең.
2024 жылғы 9 шілдеде Бақытжан Байжанов рақымшылық туралы заңға сәйкес жазасын өтеу мерзімін қысқарту туралы өтінішпен Степногор аудандық сотына жүгінді. Қарау күні әзірге белгіленген жоқ, - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, адвокаттың айтуынша, Байжанов тек рақымшылыққа ғана емес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға да үміткер бола алады.
Ол жазасының жартысын өтеп болғандықтан, заң бойынша сотқа мекеме әкімшілігі арқылы шартты түрде босату туралы өтініш беруге құқығы бар. Оның тәртібі мен көтермелеу жағдайлары жақсы, - деген еді адвокат Ғазиз Ынтықбаев.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал, қылмысты жасыруға көмектескен Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған еді.

