Жаңалықтар

Қосшыда қос мектептің құрылысы жүріп жатыр

Заңды түрде мектеп салу және оған бюджеттен қаржы бөлу әкімдіктердің құзырында
Қосшыда қос мектептің құрылысы жүріп жатыр
Фото: facebook.com 30.10.2022 02:32 1884

Қосшы қаласында екі мектеп салынып жатыр. Бұл туралы Ақмола облысы мен Астанадағы мектептер құрылысының барысымен және «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын нысандарды жобалаумен танысқан Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.

«Қосшыда биылғы қыркүйек айында 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қазір мұнда тағы екі жаңа мектеп салынып жатыр. Олар 2023 жылдың жазына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарымен таныстым. Президенттің тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» жобасы аясында келесі жылы 11 000 орындық тағы 3 мектептің құрылысы басталады (екі ауысым). Бұл оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді», - деп жазады министр әлеуметтік желідегі парақшасында .

Ведомство басшысы заңды түрде мектеп салу және оған бюджеттен қаржы бөлу әкімдіктердің құзырында екенін алға тартады.

«Оларды жобалау, құрылыс мекемелерін таңдау жұмыстарымен де жергілікті құрылыс басқармалары айналысады. Алайда, бұл мәселені бақылауда ұстау маңызды», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен бірге, 2023 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Талапкер ауылында 4 800 орындық екі мектеп, Қажымұқан ауылында 1 800 орындық бір мектеп салу жоспарда бар (екі ауысым).

«Бұл оқушы орнының тапшылығы мәселесін толығымен шешеді. Сонымен қатар, Үркердегі №69 мектеп-гимназиясында да болдым. Оқу кабинеттерін, психологиялық-педагогикалық түзету, робототехника кабинеттерін аралап шықтым. Мұғалімдермен әңгімелестім. Бұл мектепте 28 бала инклюзивті білім алады. Мектеп үш ауысымды. Оған жақын жерден 2023 жылы «Жайлы мектеп» аясында 2 000 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады», - деп атап өтеді министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға