Жаңалықтар

Қазбек Бейсебаев: Елімізде сыртқы саясатты Тоқаевтан артық білетін адам жоқ

Қазбек Бейсебаев: Елімізде сыртқы саясатты Тоқаевтан артық білетін адам жоқ
Фото: Қазбек Бейсебаев 29.05.2023 09:02 1099

Қазақстан сыртқы саясатта соңғы кездері өте белсенділік танытып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында сол елдің іскер топ өкілдерінің қатысуымен өткен инвестициялық дөңгелек үстел аясында жалпы сомасы 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойды. Батыс елдеріне сапары да олжалы болды. АҚШ-тың іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Нью-Йоркте Қазақстан-Америка инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-ло­гистика, цифрландыру, қаржы және жаңартылатын энергия көз­дері сала­ларындағы бірлескен инвес­ти­циялық жобаларды іске асыру мүмк­індіктері қарастырылды. Қазақстанда АҚШ-тың жаңа ірі кәсіп­орындарының құрылуына қолдау білдірді. Түркия және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық Түркі мемлекеттерінің одағы аясында қарқынды дами бастады.

Мәскеуде өткен Еуразия экономика форумында  Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Беларусь интеграциясын және ЕАЭО-ның өзге мүшелері арасындағы қарым-қатынастың айырмашылығын сөз етті. «Бірақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения интеграцияның басқа деңгейінде тұр. Осы шындықпен санасуымыз керек. Осындай жағдайда қалай жұмыс істейміз. Бұл – концептуал мәселе. Менің ойымша, осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылауымыз керек», – деп мәселе көтерді Президент.

Қазақстандық саясаткер әрі дипломат Қазбек Бейсебаев еліміздің сыртқы саясаты, геосаяси ахуал және әлемдік үрдістер жөнінде El.kz тілшісіне сұхбат берді.

 – Тоқаевтың Еуразия экономика форумында жасаған мәлімдемесін жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. Ресейлік БАҚ-тар түрліше жорып жатыр. Қазақстандық сарапшылардың да өзінше тәпсірлегенін байқадық. Сіз қандай жорамал жасар едіңіз, Президент нені ұқтырғысы келді?

Тоқаевтың жел сөзге түрткі боларлықтай артық ауыз ештеңе айтқан жоқ. Елді елең етерлік жаңалық ашпады. Қалыптасқан жағдайды нақтылап көрсетті. Еуразиялық экономикалық одақтың ішінде Беларусь пен Ресейдің «екі ел – бір мемлекет» құрылғанын, ядролық қару-жарағы да ортақ екенін меңзеді.

Енді бұл сөзімен президенттің не айтқысы келгеніне тоқталайық. Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одағының форумы өтті. Бұл одаққа аталған екі мемлекеттен бөлек, Қазақстан, Қырғызстан және Армения кіреді. Беларусь пен Ресейдің арасындағы интеграция өте жоғары деңгейде. Мәселен, Ресей Беларуське өнімдерін – газ бен мұнайын арзан бағада сатады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев одақ ішіндегі өзге елдермен қарым-қатынаста тұжырымдамалық тәсіл керек екенін алға тартты. Осы жағын талқылап, ақылдасу керек екенін меңзеді. Біздің Мемлекет басшысының айтып отырғаны өте дұрыс. Ресей мен Беларусьтің бір мемлекетке айналды. «Мұндай жағдайда біздің өзара қарым-қатынасымыз қалай түзілуі керек?» деген мәселені көтерді.

Осы мәлімдемеден кейін іле-шала Президенттің баспасөз хатшысы Қазақстанның Ресей мен Беларусь одағына кіру ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Бұл нені көрсетеді?

– Иә, біз бұл одаққа қосылайын деп отырғанымыз жоқ. Оның қажеті де жоқ. Еуразиялық экономикалық одақтың өзі жеткілікті.

Қазақстан осы уақытқа дейін көпвекторлы саясат ұстанып келді.  Халықаралық аренада ұстанымын ашық жариялап келді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанымызбен Ақорда өзге елдермен де жақсы қарым-қатынасты сақтауды көздейді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Батыс елдеріне, Қытай мен Түркияға ресми сапарлары куә. Украина мен Ресей соғысы басталғалы сыртқы күштер тарапынан «бір тарапты таңдау қажет» деген талап қойыла бастады. Бұл тығырықтан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шығатын амал бар ма?

Дәл қазіргі уақытта «көпвекторлы саясат» деген сөзді көп пайдаланбаймыз. Бұл да тегін емес. Жаңылыспасам, еліміздің Ресеймен тауар айналымы 25-26 млрд доллар көлемінде. Басқа елдермен сауда қатынасымыз бұған мүлде жуықтамайды.

Жеңіс күнінде осы бес мемлекеттің басшылары түгелдей Мәскеуде бас қосты. Парад үшін ғана емес. Ешкім «парадқа барамыз» деп арнайы жоспарлаған жоқ. Бұл жай ғана осы кездесуге сәйкес келді. Бір жағынан алғанда, бұл мереке бізге жат емес. Біздің де аталарымыз қан майданда оқ пен оттың арасында жүрді. Опат болды, мүгедек болып оралды, денсаулығынан айырылды, тағысын тағылар. Жеңіс күнін тойлау бұрыннан келе жатқан ортақ дәстүр десек те болады.

Содан кейін Тоқаев Қытайға барып, Си Цзиньпинмен кездесті. Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де Ресей мен Қытай құдай қосқан көрші. Сонда біздің векторымыз қандай? Екі векторлық шығар деп пайымдаймын. Өйткені, осы екі алпауыт мемлекеттің арасында тұрмыз.

Сонда Қазақстанның сыртқы саясатында бетбұрыс болғаны ма?

– Сыртқы саясат елдің орналасқан жеріне тікелей байланысты. Егер Каспий мен Қара теңіз қосылып жатса, Қазақстанның сыртқы саясаты да басқаша болушы еді. Каспий Парсы шығанағымен жалғасса, мүлде өзгеше болады. Қазақстан Әзербайжанның, Грузияның немесе Беларусьтің орнында болған да солай.

Демек, елдің сыртқы саясаты географиясына қарай түзіледі. Біз Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт елдің арасында орналасқанбыз. Геосаясат дегеніміз – осы. Мұны қалай есепке алмауға болады? Мұны ескермесе, мемлекетімізден ештеңе де қалмайды.

Ұстанып отырған сыртқы саясатымыз шынайы өмірден туындап отыр. Біздің Президентіміз – кәсіби дипломат. Бұл саланың қыр-сырын өте жетік меңгерген. Шынын айту керек, елімізде сыртқы саясатты Қасым-Жомарт Тоқаевтан артық білетін адам жоқ.

Ата-бабаларымыз аю мен айдаһардың ортасында отырса да, осыншама ұланғайыр жерді сақтап қалды. Ендеше, бұл – біздің сыртқы саясатымыз дұрыс жолда деген сөз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп тіл біледі. Оның ішінде қытай тілі де бар. Аспан асты елінің журналистеріне Қытай тілінде сұхбат беріп жүргенін көріп жүрміз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы қазір қандай деңгейде?

Турасын айтайық, Қытай – бейшара мемлекет емес. Әлемдегі алпауыт елдердің тізімінде екінші орынды иемденеді. Тіпті, ұлы держава АҚШ-тың өзімен иық тірестіріп тұр. Өте мықты, дамыған ел. Қытай экономикасы бүкіл әлем тәуелді десек, қателеспейміз. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынасты түзу жолға қойған абзал. Достықты алға тарта отырып, өз мүддемізді де ұмытпағанымыз жөн.

Президенттің қытай тілін білгені – үлкен артықшылық. Бұл – тіл білген адам сол халықтың психологиясын да біледі деген сөз. Мәселен, қазақ тілін білетін адам қазақтың салт-дәстүрін, дүниетанымынан да хабардар.

Қазіргі таңда Батыс елдерінің лауазымды шенеуніктері Қазақстанға, жалпы, Орталық Азия елдеріне жиі ат басын бұратын болды. Бұл аймаққа деген қызығушылығының артқанын көрсете ме?

Бәрін география шешетінін айттым. Өкінішке қарай, Еуропа тым алыста. АҚШ болса, тіпті, мұхиттың арғы жағында жатыр. Қарым-қатынас жоқтың қасы. Бізде көп мүмкіндікті жоғалтып алдық. Кінә өзімізден де бар. Ақшамыз көп кезде ЭКСПО өткізгенше, немістермен бірлесіп, темір жол торабын жаңартып, француздермен ауыл шаруашылығын көркейтіп, Оңтүстік Кореямен зауыт ашуға болар еді. Олардың тәжірибелері, заманауи технологиялары бар. Өзіміз түк істемедік. Қазақстанда ақшалары, зауыттары болса, әрине, олармен қарым-қатынасымыз жақсы болар еді. 

Батыс шенеуніктері Ресейге салынған санкция мәселесімен келіп-кетіп жатыр. Олар бір жағынан дегенін істеткісі келсе, бір жағынан мұнайымызды сатып алады. Олар да бізге тәуелді болып тұр. Бұл – геосаясат. Олармен қалай сөйлесуді Президентіміз өте жақсы біледі.

–  Қазақстанның сыртқы саясатында оңтүстіктегі Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан секілді көрші елдерге баса назар аударады. Оның үстіне, Түркі мемлекеттерінің одағы құрылып, іргетасы қаланып жатыр. Бұл ұйым болашағы жөнінде не айтар едіңіз?

Тек шындықты айтайын. Түркі тілдес мемлекеттердің ішінде ең дамыған мемлекет – Түркия ғана. Сол Түркиямен бірлесіп қолға алынған үлкен жобалар жоқтың қасы. Сыртқы саясатты, интеграциялық бағыттарды айқындайтын дүние – экономика. Бүкіл әлем экономиканың негізінде ынтымақтастық орнатады. Түркияның Қазақстанда мейрамханаларынан басқа ештеңесі жоқ. Бұрын құрылыс компаниялары бар еді. Олардың да қатары сиреді. Қазір өзіміздің компаниялар құрылыс салып жатыр.

Тіл, дін, мәдениет бірлігі экономиканың орнын баса алмайды. Мәселен, Өзбекстан – бізге өте жақын ел. Бірақ экономиканы қайтпекпіз? Бізде де, оларда да түйткіл бар. Оларда халық саны көп. Жұмыссыздар жетіп артылады. Оларды елімізге кіргізіп, жұмыс орнын бере аламыз ба? Сөз жоқ, туыс халықпыз. Бірақ бәрі экономикаға келіп тіреледі. Капиталистік әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, интеграцияға негіз етіп алатын ештеңе жоқ. Не бізде, не оларда!

Қырғызстан туралы да соны айтуға болады. Ал Түркіменстан – жабық мемлекет. Әзірбайжан Каспийдің арғы жағында жатыр. Олар Түркиямен бірге.

–  Әңгімеңізге көп рахмет!   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға