Қазақстан дзюдо федерациясы Әзербайжанның Баку қаласында өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың тізімін жариялады.
Әлем біріншілігінде Қазақстан намысын 15 дзюдошы қорғайды. Отандастарымыз жекелей жарыспен қатар аралас командалық бәсекеде де татамиге шығады.
Қазақстан ерлер құрамасында бес салмақ дәрежесінде бақ сынайды:
- 60 келіге дейін: Аман Бақытжан, Шерзод Давлатов;
- 66 келіге дейін: Нұрқанат Серікбаев, Асылжан Жұбатқанов;
- 73 келіге дейін: Есет Қуанов, Аңсарбек Ғайнуллин;
- 81 келіге дейін: Жалғас Қайролла, Абылайхан Жұбаназар;
- 90 келіге дейін: Данил Крылов.
Әйелдер арасында Қазақстан атынан бес салмақта бес спортшы татамиге шығады:
- 48 келіге дейін: Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева;
- 63 келіге дейін: Эсмигүл Куюлова;
- 78 келіге дейін: Аруна Жангельдина;
- 78 келіден жоғары: Ақерке Рамазанова, Камила Берліқаш.
- Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында жеке жүлделер үшін күресіп қана қоймай, аралас командалық жарыста да ел намысын қорғайды.
Биылғы әлем біріншілігі 4-11 қазан аралығында Бакуде өтеді. Байрақты бәсекеде әлемнің үздік дзюдошылары бас қосып, өз салмақ дәрежелерінде чемпиондық атаққа таласады.
Қазақстан құрамасы үшін Бакудегі жарыс әлемдік аренада өз деңгейін тағы бір мәрте көрсетуге мүмкіндік береді. Тәжірибелі спортшылармен қатар, ұлттық құраманың жас өкілдері де жоғары нәтиже көрсетуге талпынады.