Республика күні қарсаңында Қазақстанның кейінгі жеті жылдағы әлеуметтік салада қол жеткізген нәтижелері қорытындыланып жатыр.
Ел қалаларында мерекелік безендірудің бір бөлігі ретінде орнатылған билбордтарда білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы және халықты қолдау бағытындағы негізгі көрсеткіштер көрсетілген. Олардың әрқайсысы қазақстандықтардың күнделікті өміріне әсер ететін өзгерістерді аңғартады.
Соңғы жеті жылда еліміздің әлеуметтік саласына жалпы 88 триллион теңге инвестиция салынған. Қаражат білім беру мен медицинаға, балаларды, студенттерді және отбасыларды қолдауға бағытталды. Осы кезеңде бірқатар жаңа нысан салынып, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық берілді.
Мектептер мен балабақшалар көбейді
Жеті жыл ішінде Қазақстанда 1 342-ден астам жаңа мектеп ашылды. Олардың басым бөлігі оқушы саны артып, білім беру орындарына сұраныс көбейген өңірлерде салынды. Әсіресе халқы жылдам өсіп жатқан қала маңындағы елді мекендер мен аудан орталықтарында жаңа мектептерге қажеттілік жоғары болды.
Осы кезеңде мектепке дейінгі білім беру желісі де кеңейді. Елде 1 483 жаңа балабақша ашылды. Бұл ата-аналарға балаларын үйіне жақын орналасқан мекемеге орналастыруға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау мен дәрі-дәрмекке басымдық берілді
Кейінгі жеті жылда елімізде 1 259 жаңа медициналық нысан ашылды. Олардың қатарында ірі ауруханалармен бірге бұрын дәрігер тұрақты қабылдау жүргізе бермейтін ауылдардағы шағын амбулаториялар да бар.
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1,3 триллион теңге жұмсалды. Халық денсаулығын сақтау мемлекеттік басымдықтардың бірі ретінде белгіленіп, дәрі-дәрмекпен қамту әлеуметтік шығындардың маңызды бөлігіне айналды.
Студенттерге грант пен жатақхана берілді
Соңғы жеті жылда студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе өсті. Бұл әсіресе ата-анасынан жырақта тұрып, грант негізінде білім алып жүрген жастар үшін маңызды қолдау болды.
Жоғары білім алуға мүмкіндік беру мақсатында мемлекеттік білім беру гранттарына 1,5 триллион теңге бөлінді. Соның арқасында мыңдаған мектеп түлегі университетте оқу ақысын төлемей білім алуға мүмкіндік алды.
Студенттерді баспанамен қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізілді. Жеті жылда елімізде 267 жатақхана ашылды.
Спорт пен мәдениет нысандары салынды
Осы кезеңде Қазақстанда 536 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында футбол алаңдары, бассейндер және жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық спорт залдары бар. Көптеген нысанда балаларға арналған спорт секциялары жұмыс істейді.
Сонымен қатар елде 312 жаңа мәдениет нысаны ашылды. Әсіресе шағын қалалар мен елді мекендерде мәдениет үйлері тұрғындардың басын қосатын маңызды орынға айналды. Мұнда концерттер, мерекелік іс-шаралар өткізіліп, шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады.
Отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылды
Қазір Қазақстанда отбасын қолдау бағытында жұмыс істейтін 160 орталық бар. Тұрғындар бұл мекемелерден психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкердің кеңесін ала алады.
Мұндай орталықтар алғаш рет 2019 жылы отбасылық соттар жанында пилоттық жоба ретінде ашылған. Кейін олардың жұмысы жергілікті әкімдіктер деңгейінде жалғасып, желісі біртіндеп еліміздің барлық өңірін қамтыды.
Тұрғын үй құрылысы мен газдандыру қарқыны
Кейінгі жеті жылдағы ірі көрсеткіштердің бірі – тұрғын үй құрылысы. Осы кезеңде Қазақстанда жалпы ауданы 118 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Жаңа үйлер мегаполистерде ғана емес, облыс орталықтары мен бұрын құрылыс қарқыны төмен болған шағын қалаларда да бой көтерді.
Сонымен қатар 772 ауылға газ тартылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрмыстық жағдайды жақсартып, әсіресе қыс мезгілінде үйді көмір мен отын жинамай жылытуға мүмкіндік береді.
Республика күні қарсаңында қалаларда орнатылған билбордтар мемлекеттік Тудың түстерімен үйлесіп, мерекелік көңіл күй қалыптастырып отыр. Онда көрсетілген әрбір санның артында елдің әлеуметтік инфрақұрылымындағы өзгерістер мен осы жұмыстарға үлес қосқан миллиондаған қазақстандықтың еңбегі жатыр.
Қазақстан Республика күні жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі.