Жаңалықтар

Қазақстандықтар үшін Сейшел аралдарына визасыз режим енгізіледі

Қазақстандықтар үшін Сейшел аралдарына визасыз режим енгізіледі
23.09.2023 17:58 569
Елдер келісімді ратификациялаған соң қазақстандықтар Сейшель аралдарына 30 күн бойы визасыз бара алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының аясында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және Сейшель аралдарының сыртқы істер және туризм министрі Сильвестр Радегонд екіжақты қатынастарды дамыту және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдар бойынша келіссөздер жүргізді.
 
М.Нұртілеу Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтастығының нығайып келе жатқанын атап өтті.
Ол екіжақты негізде және көпжақты бірлестіктер шеңберінде өзара қызығушылық тудыратын салаларда қазақ-сейшел ынтымақтастығын дамытуға бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын екенін растады, - деп жазылған хабарламада.
Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Республикасының үкіметі мен Сейшель Республикасының үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Ол әрбір жарты жылда 30 күнтізбелік күнге дейін кіру кезінде паспорттардың барлық түрі үшін визалық талаптардың күшін жоюды көздейді.
 
Аталған келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға