Қазақстандық стартап АҚШ-тағы спорт технологиялары байқауында екінші орын алды

Қазақстандық стартап АҚШ-тағы спорт технологиялары байқауында екінші орын алды
Фото: digitalbusiness.kz

Қазақстандық deep-tech стартап Mirai Tech АҚШ-тың Силикон алқабында өткен WT Innovation World Cup USA 2026 технологиялар байқауында екінші орын алды. Компания спортшылардың қозғалысын биомеханикалық тұрғыдан талдауға және жарақат алу қаупін бағалауға арналған технология әзірлейді. Бұл туралы El.kz Digital Business-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Mirai Tech әзірлемесі спортшының жаттығу кезіндегі қозғалысы туралы деректерді тікелей жинауға мүмкіндік береді. Жүйе аяқтың төменгі бөлігінің биомеханикасын бақылап, жарақат алу қаупінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін шамадан тыс жүктеме немесе қозғалыс асимметриясын анықтауға көмектеседі.

Технологияның негізінде автономды сенсорлар орнатылған арнайы ұлтарақтар жатыр. Олар батареяны қажет етпейді, энергияны адамның қозғалысынан алады. Бұл технология бұған дейін WIPO Global Awards 2026 байқауында да жоғары бағаланған. Сол байқауда Mirai Tech «Спорт» арнайы санатындағы финалистердің қатарына енді.

АҚШ-тағы байқауда жобаны Назарбаев Университеті мен Stanford University түлегі Тамирлан Сейдахметов таныстырды. Ол бұған дейін Meta және Apple компанияларында деректермен жұмыс істеген.

Mirai Tech негізін қалаушы, Назарбаев Университетінің профессоры Гүлнұр Қалимулдина қазіргі нәтижені университетте әзірленген технологияның коммерциялану кезеңіне өтіп, халықаралық нарыққа шығуымен байланыстырады.

Технология алты жыл бойы жүргізілген университеттік зерттеулердің нәтижесінде әзірленген. Негізгі техникалық шешім Қазақстанда патентпен қорғалған, ал халықаралық тіркеу рәсімі жүріп жатыр.

2026 жылы Mirai Tech WIPO Global Awards байқауының финалында да Қазақстан атынан қатысты. Байқауға 126 елден 1300-ден астам өтінім түскен. Ал қазақстандық стартап 33 финалистің қатарына енді.

Стартап өз технологиясын кәсіби спорт командаларына, спорттық медицина және оңалту салаларына арналған бағытта дамытып жатыр. Әзірлеушілердің мақсаты – спортшының жағдайы туралы деректерді зертханалық сынақтарға үнемі жүгінбей-ақ, тікелей жаттығу алаңында алу.

Оқи отырыңыз