Жаңалықтар

Қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге үйінді астынан әйелді шығарып алды

Қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге үйінді астынан әйелді шығарып алды
Фото: ТЖМ 08.02.2023 14:59 995

Түркияға көмекке барған қазақстандық құтқарушылар басқа әріптестерімен бірлесіп үйінді астынан зардап шеккен әйелді шығарып алды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ТЖМ сілтеме жасап.

«Түркияға келген қазақстандық құтқарушылар күрделілігі жоғары объектілерге бекітілген болатын. Өткен тәулікте бірінші топ өте көлбеу келген алты қабатты үйді зерттеді, үй шөгіп жатыр, құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеуде. Блоктан шығару және үйге кіру жүргізілді, іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесі табылып шығарылды, үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жүріп жатыр», - делінген хабарламада.

Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді тексеруге алды. Сонымен қатар жергілікті құтқарушылармен бірге тірі адамды - зардап шеккен әйелді шығарып алды.

Осы объектіде құтқарушылар бір адамның денесін тапты. Қирау орнында күрделі жағдай қалыптасуда. Құтқарушылар үйінділер арасынан адамдарды жылдам іздестіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде.

Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды.

Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар.

Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар береді.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Соңғы мәлімет бойынша Түркияда зілзала құрбандарының саны 6,2 мыңнан асты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға