Жаңалықтар

Қазақстандық Богдан Лукин семсерлесуден Әлем Кубогының жеңімпазы атанды

Ташкентте семсерлесу мен қылыштасудан жастар арасында Әлем Кубогының кезеңі өтуде
Қазақстандық Богдан Лукин семсерлесуден Әлем Кубогының жеңімпазы атанды
Фото: kazsports.kz 04.12.2022 12:30 1128

Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте семсерлесу мен қылыштасудан жастар арасында Әлем Кубогының кезеңі басталды. Ерлер арасында семсерлесу сынында Богдан Лукин чемпион атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап. 

Бәсекені бірден 1/32 кезеңнен бастаған Богдан өзбекстандық Зафар Сидиковты 15-8 есебімен ұтты. Сосын эстониялық Маркус Салм (15-11) мен жартылай финалда мысырлық Юссеф Шамельді (15-7) жеңіп финалға шықты. Алтын үшін таласта тағы бір жарыс қожайыны Мейірхан Тимуровтан 15-12 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар бұл жарыста бақ сынаған Георгий Тинников 7-ші, Ғабиден Мұстафин 8-орын алды. Ал Алексей Кассаткин 13-ші, Александр Федотов 15-ші, Нұрлыбек Ахметнаби 19-ші, Михаил Кузьмин 36-шы сатыдан көрінді. Жалпы бұл бағдарламада 10 елден келген 76 спортшы жүлдеге таласты.

Қыздар арасында 6 қазақстандық өнер көрсеткенімен, ешқайсы медаль жеңіп ала алмады. Ең жақсы нәтижені София Ақтаева (7-орын) көрсетті.

Ертең командалық сайыс өтеді. Онда Қазақстан ерлер құрамасы жартылай финал жолдамасын Өзбекстанмен сарапқа салады. Жеңгенін Мысыр құрамасы күтіп тұр. Ал еліміздің қыздар құрамасы жартылай финалда Түркиямен семсерлеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға