Қазақстандағы соңғы Ан-26 әскери ұшағы 44 жылдық қызметін аяқтады

Қазақстандағы соңғы Ан-26 әскери ұшағы 44 жылдық қызметін аяқтады
Фото: Ұлттық ұлан

Қазақстандағы Ан-26 әскери-тасымал ұшағының тарихы аяқталды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиациясында 44 жыл қызмет атқарған әуе кемесі соңғы рейсін орындап, пайдаланудан шығарылды. Осылайша Қазақстандағы Ан-26 типіндегі соңғы әскери ұшақ өзінің ұзақ жылдық қызметін аяқтады.

Әуе кемесінің тарихы 1981 жылдан басталады. Киев авиациялық зауытында шығарылған Ан-26 алғашқы он жыл бойы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлері авиациясы құрамында қызмет етті.

Ұшақ Қазақ КСР аумағында орналасып, оңтүстік шекараны күзетуге байланысты тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдауға пайдаланылды.

1992 жылдан бастап Ан-26 Ұлттық ұланының авиациясы құрамында қызметін жалғастырды. Осы уақыт ішінде әуе кемесі әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдау, сондай-ақ басқа да қызметтік міндеттерді орындауға тартылды.

44 жылда 8400 сағат ұшты

Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған Ан-26 заманауи талаптарға бейімделіп, бірнеше рет жаңғыртылды. Әуе кемесі ИКАО стандарттарына сәйкестендіріліп, бұл оның Қазақстан аумағымен қатар жақын шетел мемлекеттеріне де ұшуына мүмкіндік берді.

Ұлттық ұлан авиациясындағы қызметі барысында ұшақ 8400 сағат әуеде болды.

Жалпы қызмет жолы 44 жылға созылған Ан-26 осы кезеңде мыңдаған шақырымды еңсеріп, әскери тасымал міндеттерін орындады.

Соңғы рейс — ерекше сәт

Ан-26 ұшағының соңғы рейсі экипаж мүшелері үшін де ерекше оқиға болды.

3656 әскери бөлімінің ұшқышы, подполковник Медет Сейтов осы үлгідегі ұшақты 15 жыл бойы басқарған. Ол Ан-26 экипажындағы соңғы ұшқыш-нұсқаушы ретінде тарихта қалды.

Соңғы рейс аяқталғаннан кейін экипаж мүшелері ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әуе кемесімен қимай қоштасты.

Ан-26 Ұлттық ұлан авиациясының бірнеше буын әскери қызметшісіне қызмет етіп, тасымал міндеттерін орындауда маңызды рөл атқарды.

Осылайша Ан-26-ның пайдаланудан шығарылуымен Қазақстан әскери авиациясындағы осы ұшақ түрінің 44 жылдық қызмет тарихы аяқталды. Әуе кемесі ондаған жыл бойы әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдап, Қазақстанның әскери авиация тарихында өзіндік із қалдырды.

Оқи отырыңыз