Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланып жатыр. Олардың қатарында зейнетке шығу шарттарын қайта қарау, төлемдерді есептеу тәсілін өзгерту және ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға қатысты жаңа талаптар енгізу мәселелері бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әзірге барлық бастама талқылау деңгейінде ғана қарастырылып жатыр. Соңғы шешім әзірге нақты қабылданған жоқ.
Зейнетақы жүйесін жаңарту не үшін қажет?
Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, салалық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы енген.
Ведомствоның түсіндіруінше, негізгі мақсат – зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнет жасына жеткеннен кейінгі табысын жеткілікті деңгейде сақтау.
Ұсыныстар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында қаралды.
Зейнетақы мөлшері еңбек өтілі мен табысқа байланысты болуы мүмкін
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізу туралы бастама көтерді.
Ұсынысқа сәйкес төлем көлемін есептеу кезінде екі негізгі көрсеткіш ескерілуі мүмкін:
- азаматтың орташа айлық табысының елдегі медианалық жалақыға қатынасы;
- еңбек өтілі мен әлеуметтік жүйеге қатысу ұзақтығы.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл азаматтардың тек жинақталған қаражат көлеміне тәуелділігін азайтып, болашақ төлемдердің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс берушілердің жарналарын бөлу тәртібі өзгеруі мүмкін
Өз кезегінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын екі бағытқа бөлуді ұсынды.
Ұсынылған модель бойынша:
- 4 пайыз қызметкердің жеке зейнетақы шотына аударылады;
- 1 пайыз ортақ ынтымақты немесе сақтандыру қорына бағытталады.
Министрліктің мәліметінше, бұл ортақ компонент азаматтарды өмір бойы төлеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және адамның зейнетке шыққаннан кейін қанша жыл өмір сүретініне тәуелді болмайды.
40 жыл еңбек еткендерге жаңа мүмкіндік ұсынылды
Талқыланып жатқан бастамалардың бірі Сенат депутаты Амангелді Нұғмановтың ұсынысына қатысты.
Онда міндетті 40 жылдық еңбек өтілін зейнетке шығу талаптарының бірі ретінде енгізу көзделген.
Сондай-ақ 40 жылдан астам еңбек еткен бюджеттік сала қызметкерлері үшін зейнетке шығу мерзімін икемді түрде белгілеу мүмкіндігі қарастырылуда.
Әзірге бұл ұсыныстың нақты тетіктері жарияланған жоқ.
Ұсыныстар әзірге талқылау кезеңінде
Талқылауға мемлекеттік басқару және қаржы саласының сарапшылары да қатысып жатыр. Олардың қатарында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, сондай-ақ Болат Жәмішев, Ораз Жандосов, Елена Бахмутова және басқа да мамандар бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры Данара Қайролланың айтуынша, барлық ұсыныс бірнеше бағыт бойынша бағаланады.
Министрліктің басымдығы – ұзақ мерзімді перспективада азаматтардың зейнетке шыққаннан кейін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын тұрақты әрі теңгерімді зейнетақы жүйесін қалыптастыру. Барлық ұсыныс олардың қаржылық негізділігі, әлеуметтік әділдігі және практикалық жүзеге асырылуы тұрғысынан қарастырылады, – деді Данара Қайролла.
Биыл қандай өзгерістер күшіне енді?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақы көлемі 10 пайызға ұлғайтылды.
Сонымен қатар базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан 118 пайызына дейін көтерілді. Ал 2027 жылы бұл көрсеткішті 120 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен өсіп келеді. Қазіргі таңда оның мөлшері қызметкер табысының 3,5 пайызын құрайды. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін ұлғайтылмақ.
Айта кетейік, әзірге аталған ұсыныстардың барлығы талқылау сатысында. Оларды енгізу мәселесі қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты сараланғаннан кейін ғана шешіледі.