Жаңалықтар

Қазақстанда үздік журналистерге құрмет көрсетілді

Қазақстанда үздік журналистерге құрмет көрсетілді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 28.06.2024 16:30 376

Қазақстанда 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні деп белгіленген. Журналистерді кәсіби мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент БАҚ қызметкерлерінің қоғамдық сананы жаңғыртып,  ұлт тұтастығын нығайтуда айрықша рөл атқаратынын сөз етті.  Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту және журналистердің құқығын қорғау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Сіздер қай кезде де халыққа шынайы әрі жедел хабар таратып, кәсіби біліктіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Болашақта да елдік мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сонымен қатар, аға буыны қалыптастырған ұлттық журналистиканың бай шежіресі мен ерекше қолтаңбасы бар екенін еске салды. Мемлекет басшысы бұл мұраны сақтау маңызды екенін атап өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Онда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Президенттің кеңесші-баспасөз хатшысы Берік Уәли журналистерге ведомстволық және мемлекеттік наградалар табыс етті.

БАҚ өкілдері - қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан осы мемлекетте тұратын әрбір азамат сіздердің жұмыстарыңызды бағалайды, өйткені сіздер арқылы қоғамның көптеген өзекті мәселелері айтылады және бұл мемлекеттік органдардың жұмысын жандандырып, жетілдіруге ықпал етеді, - деп атап өтті Аида Балаева.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын журналистика ардагері Құдайберген Тұрсын алды. «Құрмет» орденімен «Еуразия» телеарнасының бас тілшісі Абай Балажан марапатталды. Светлана Пенькова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. ҚР Президентінің алғыс хаты «Informburo.kz» тілшісі Әйгерім Үмматқа және басқаларға табысталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға