Жаңалықтар

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау шаралары кеңейтілмек

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау шаралары кеңейтілмек
Фото: primeminister.kz 20.06.2023 08:08 520

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңа шаралар қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин республикада тұтынушылардың құқықтары бұзылғаны туралы өтініштер саны жыл сайын өсіп бара жатқанын баяндады. Мәселен, 2022 жылдың өзінде СИМ 30,2 мыңнан астам өтініш қараған. Басқа мемлекеттік органдар бойынша да жағдай осындай.

Көбіне азаматтар медициналық қызметтердің сапасы, байланыс қызметтері, қалалық қоғамдық көліктер және қоғамдық тамақтану қызметтеріне шағымданады. Бұл ретте өткен жылы келіп түскен өтініштердің 44,8%-ы бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсетіліп, 43,7%-ы бойынша оң шешімдер қабылданды. Жалпы тұтынушыларға 786 млн теңге қайтарылды.

Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамаға тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер әзірленді. Мәселен, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Омбудсмен институтын енгізу, тұтынушылардың шағымдарын қарау рәсімін жеңілдету (4-тен 2 сатыға дейін), тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі қағидаттарын коммуналдық, көлік, медициналық, туристік қызметтер, байланыс қызметтері және өзге де салаларға міндеттеу көзделіп отыр.

Одан бөлек соттың шешімі бойынша айыппұл салу арқылы азаматтық жауапкершілікті енгізу жоспарланып отыр, бұл кәсіпкерлік нысандарын тұтынушының заңды талаптарын орындауға ынталандыратын болады. Сондай-ақ онлайн-сауда сегментінде заңды талаптардың орындалуын қадағалау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Жалпы түзетулер нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын мемлекеттік реттеу бойынша қанағаттану деңгейі 2025 жылға қарай 80%-ға жетуге тиіс.

Ұсынылған түзетулер бойынша Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы Светлана Романовская түсініктеме жасады.

Премьер-Министр шағымдардың басым бөлігі сапасы төмен тауарларды сату, тауар бағасының көрсетілмеуі және дұрыс көрсетілмеуі, интернет-дүкендерден ақшаның уақытылы қайтарылмауы бойынша екенін атап өтті.

«Тұтынушылар сондай-ақ денсаулық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс салаларындағы қызметтердің сапасына да жиі шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақытылы қарай бермейді. Көбінесе мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады. Осыған байланысты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, біртұтас жүйе құруға ықпал етті. Оған қоса нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Осы мақсатта қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленген еді.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуға тиіс. Бұл орайда тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Мұнда тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы ұсынылған заң жобаларын қолдау бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін олардың Парламент Мәжілісіне белгіленген мерзімде енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын қолданыстағы ұлттық стандарттарды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.

«Қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсарту бойынша бизнесті ынталандыру бағытында қосымша шаралар әзірлеу қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға