Қазақстанда тағы бір тіл ресми мәртебе алуы мүмкін: Бұл қандай тіл?

 ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда қазақша ымдау тілін заңнамалық деңгейде мойындау мәселесі күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаттары ымдау тілін толыққанды тіл ретінде тануды ұсынып, бұл бастама Сенат тарапынан да қолдау тапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам тұрады. Алайда олардың негізгі қарым-қатынас құралы саналатын ымдау тілі әлі күнге дейін заң жүзінде ресми мәртебеге ие емес. Соның салдарынан бұл азаматтар қоғам өміріне толыққанды араласуда түрлі кедергілерге тап болып келеді.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, қазіргі заңнамада ымдау тілі тұлғааралық қарым-қатынас құралы ретінде де толық мойындалмаған.

Салдарынан ондаған мың азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толыққанды қол жеткізе алмай отыр. Қазақта: «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді» деген қанатты сөз бар. Өкінішке қарай, біз әлі күнге осы азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз, – дейді депутат.

Оның сөзінше, жоғары оқу орындарында есту және сөйлеу қабілетінде бұзылысы бар студенттердің саны небәрі 185 адамды құрайды. Бұл көрсеткіштің төмен болуы білім беру ортасының жеткілікті деңгейде бейімделмеуімен байланысты. Көптеген оқу орындарында ымдау тілін меңгерген оқытушылар мен кәсіби аудармашылар тапшы.

Әлемде ымдау тілі қалай мойындалған?

Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген мемлекеттер ұлттық ымдау тілдерін ресми немесе арнайы мәртебеге ие тіл ретінде мойындаған. Мәселен, Жаңа Зеландияда ымдау тілі ағылшын және маори тілдерімен қатар мемлекеттік тілдердің бірі саналады. Финляндия, Португалия, Уганда, Оңтүстік Африка Республикасы сияқты елдердің конституцияларында да ымдау тілін қорғау мен дамыту нормалары қарастырылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы да мемлекеттерді ымдау тілін дамытуға және оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге шақырады. Қазақстан бұл құжатқа қосылғандықтан, аталған бағыттағы реформалар халықаралық міндеттемелермен де үндеседі.

Сурдоаудармаға бөлінетін уақыт неге жеткіліксіз?

Қазіргі кезде Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына 60 сағат сурдоаударма қызметі ұсынылады. Алайда мамандардың айтуынша, бұл көлем көптеген адам үшін бірнеше айдың ішінде-ақ таусылып қалады.

Сондықтан депутаттар мен қоғамдық ұйымдар сурдоаударма қызметінің жылдық лимитін ұлғайтуды ұсынып отыр. Дегенмен Үкімет қосымша қаржы шығындарына байланысты бұл бастаманы әзірге қолдамаған. Себебі жаңа бюджет шығындарына қатысты белгілі бір шектеулер бар.

Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала тіркелген. Оның ішінде есту қабілеті бұзылған балалар саны 4 576-ны құрайды. Оның 851-і – мүлдем естімейтін, ал 3 825-і нашар еститін балалар.

Қазіргі таңда мұндай балалар 22 арнайы мектеп пен 3 арнайы балабақшада білім алады. Алайда сарапшылардың пікірінше, инклюзивті білім беру жүйесінде де ымдау тілін меңгерген мамандар мен оқу материалдары жеткіліксіз.

Ақпаратқа тең қолжетімділік мәселесі

Мәселенің тағы бір қыры – медиаконтенттің қолжетімділігі. Қазір телеарналар тек жаңалықтар бағдарламаларын сурдоаудармамен немесе субтитрмен ұсынуға міндетті.

Қазақстан саңыраулар қоғамының жетекшісі Сайлаугүл Омарханованың пікірінше, бұл жеткіліксіз.

Телеарналар сурдоаудармамен немесе субтитрмен тек жаңалықтар бағдарламасын көрсетуге міндеттелген. Бірақ адамға жалғыз жаңалық қарау жеткіліксіз ғой. Білім, мәдениет, кино, ойын-сауық және басқа бағдарламаларды тең тамашалағысы келеді, – дейді ол 24.kz арнасына берген сұхбатында.

Шынында да, ақпаратқа қолжетімділік тек жаңалықтармен шектелмейді. Қоғамның әр мүшесі мәдени, білім беру және ойын-сауық контентін де тең дәрежеде пайдалана алуы тиіс.

Заң қабылданса не өзгереді?

Мамандардың пікірінше, ымдау тіліне ресми мәртебе беру бірнеше маңызды өзгеріске жол ашуы мүмкін. Атап айтқанда:

  • білім беру ұйымдарында ымдау тілін қолдану мүмкіндігі кеңейеді;
  • медициналық мекемелерде сурдоаударма қызметін енгізу жеңілдейді;
  • сот жүйесі мен мемлекеттік қызметтерде қолжетімділік артады;
  • телеарналар мен интернет-платформалардағы бейімделген контент көлемі көбейеді;
  • кәсіби сурдоаудармашыларды даярлау жүйесі дамиды.

Қазіргі уақытта Үкімет халықаралық тәжірибені зерттеп, мәселені жан-жақты пысықтап жатыр. Заң жобасы қосымша талқылаудан өткеннен кейін Парламент қарауына қайта ұсынылуы мүмкін.

Егер бастама қолдау тапса, қазақша ымдау тілі Қазақстандағы ресми түрде мойындалған коммуникация құралдарының біріне айналып, мыңдаған азаматтың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жаңа мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз