Жаңалықтар

Қазақстанда Саха Республикасының күндері өтеді

Қазақстанда Саха Республикасының күндері өтеді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 13.02.2024 18:38 537

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Афанасий Ноевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында екі ел арасындағы мәдени бірлестікті нығайтуға ықпал ететін ынтымақтастықты дамытудың түрлі аспектілері талқыланды.

Атап айтқанда, тараптар 2024 жылдың сәуір айында Қазақстанда Саха Республикасының күндері аясында өтетін іс-шараларды талқылады. Іс-шаралар Астана мен Алматыда ұйымдастырылатын болады.

17 сәуірден бастап елорда тұрғындары мен қонақтары «Якутия қазынасы» көрмесінде көрсетілетін Якутияның бірегей мәдени мұрасымен таныса алады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік ұлттық қазақ музыкалық драма театрының камералық залында «Якутия виртуоздары» скрипкашылар ансамблінің концерті, «Ньургун Боотур» Олонхо операсы, Максим Горький атындағы орыс драма театрының залында «Кыыс Дэбилийэ» Олонхо спектаклі жоспарланған.

Сондай-ақ Алматыдағы мемлекеттік театр залдарында да концерттер мен спектакльдер ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға