Қазақстанда риелторлық қызметті реттейтін жаңа талаптар әзірленіп жатыр. Соның аясында риелтордың қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия алуға тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Министрлік Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидаларын талқылап жатыр. Бастаманың негізгі мақсаты – қызмет сапасын арттыру, риелторлар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
Комиссияны кім төлеуі керек?
Ұсынылып отырған басты өзгерістердің бірі – риелтор қызметіне жүгінбеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу. Яғни маманның көмегіне тапсырыс бермеген үй сатып алушы немесе жалға алушы қызмет ақысын төлеуге міндетті болмауы керек. Сондай-ақ клиент риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін ақы алып отырғанын алдын ала білуге тиіс.
Келісімшартта не көрсетіледі?
Жаңа талаптар қабылданса, риелтор мен клиент арасындағы келісімшартта көрсетілетін қызметтердің тізімі мен құны, комиссия мөлшері және оны төлеу тәртібі нақты жазылуы керек. Құжатта екі тараптың құқықтары мен міндеттері де белгіленбек. Осылайша, азамат келісімшартқа қол қоймас бұрын қандай қызмет алатынын және оған қанша төлейтінін біле алады.
Риелторлардың біліктілігі расталмақ
Қазір риелторлардың кәсіби стандарты әзірленіп жатыр. Онда мамандарға қажетті білім, дағды және біліктілік деңгейі айқындалады. Сонымен қатар олардың кәсіби даярлығын аккредиттелген ұйымдар арқылы растау тетігі қарастырылуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қаралады. Бұл риелторлардың кәсіби даярлығына нақты талаптар қоюға және олардың біліктілігін растау тәртібін белгілеуге негіз болмақ. Нәтижесінде азаматтар қызметіне жүгінетін риелторлардың кәсіби біліктілігі туралы көбірек ақпарат ала алады. Сондай-ақ азаматтарға қажетсіз қызметтерді мәжбүрлі түрде ұсынуға, келісімшартқа тұтынушы үшін тиімсіз талаптар енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермеу үшін қосымша заңнамалық шаралар талқыланып жатыр, – делінген министрліктің ресми сайтында.
Азаматтардың шағымы қалай қаралады?
Риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылды. Бұл жүйе енгізілсе, кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар белгілеп, олардың жұмысын бақылайды. Сондай-ақ азаматтардың шағымдарын қарап, талапты бұзған мамандарға қатысты шара қолдануға қатыса алады.
Министрлік қажетсіз қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға, келісімшартқа тұтынушыға тиімсіз талаптар енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермейтін қосымша заңнамалық шараларды да қарастырып жатыр. Әзірге аталған өзгерістер ұсыныс ретінде талқылануда. Оларды енгізу мерзімі мен нақты тәртібі кейін белгілі болады.