Орталық Азиядағы қуаңшылық мәселесі алдағы жылдары одан әрі ушығуы мүмкін. Халықаралық сарапшы, эколог Абай Еркебалан мұның басты себебі ретінде климаттың жыл сайын тұрақсызданып бара жатқанын айтты. Оның пікірінше, бүгінгі таңда байқалып отырған табиғи құбылыстар кездейсоқ емес, адамзаттың табиғатқа ұзақ жылдар бойы жасаған ықпалының салдары.
Климаттың тұрақсыздануына адамзаттың өзі себеп
Сарапшы соңғы жылдары климаттың «турбуленттілігі» туралы мәселені жиі көтеріп жүргенін айтады. Яғни табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуына ең алдымен адамның тұтынушылық көзқарасы әсер еткен.
Біз табиғатты тек пайдаланып келеміз. Қаншама қоқыс шығардық, бірақ оны толық өңдеп жатқан жоқпыз. Лас суды өзен-көлдерге жіберіп жатырмыз, оны тазарту мәселесі де әлі толық шешілген жоқ. Соның бәрі айналып келгенде табиғатқа кері әсерін тигізеді. Табиғат та, жер де – тірі организм. Менің ойымша, табиғат өзінің реакциясын көрсетіп жатыр, – дейді эколог.
Оның айтуынша, экологиялық дағдарыстың алдын алу үшін ең алдымен қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасуы қажет. Бұл тек табиғатты қорғау туралы ұрандармен шектелмей, күнделікті өмір салтынан басталуы тиіс.
Қоршаған ортаға мәдениетті қарауды үйренуіміз керек. Қоқыс тастамау, табиғатты ластамау, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру маңызды. Бұған қоса нақты іске көшу қажет, – дейді ол.
Экологтың мәліметінше, соңғы 30-40 жыл ішінде Қазақстанда шамамен 27 миллион тонна коммуналдық қалдық жиналған. Жыл сайын оған тағы 2-3 миллион тонна қоқыс қосылады. Соның 60-70 пайызы қайта өңделмей, жерге көміледі. Бұл қоршаған ортаға ғана емес, барлық тірі ағзаларға кері әсерін тигізіп, климаттың тұрақсыздануына ықпал етеді.
Су тапшылығы – кейінге қалдыруға болмайтын мәселе
Абай Еркебаланның пікірінше, Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі – су қауіпсіздігі.
Су проблемасын шешу еліміздің ең бірінші кезектегі міндеті болуы керек. Апокалипсис табалдырығымызға таяп қалды деуге болады, – дейді ол.
Сарапшы соңғы жылдардағы табиғи апаттарды мысалға келтіреді. Бір жылы жойқын су тасқыны болса, оған дейін орман өрттері жиілеген. Ал былтыр оңтүстік өңірлерде көктемде жауын-шашын болмағандықтан, жаз бойы қуаңшылық жалғасып, тек қараша айында ғана аздаған жаңбыр жауған.
Сонымен қатар Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында қыс мезгілінде қардың сирек жаууы жиілеп келеді. Соның салдарынан егістік пен бау-бақша өнімдері азайып, ауыл шаруашылығына шығын келген.
Экологтың айтуынша, жағдайды күрделендіріп отырған тағы бір мәселе – көрші Қырғызстаннан келетін судың азаюы.
Қырғызстан бізге суды әдейі ұстап отырған жоқ. Өздерінің де суы жетіспей жатыр. Сондықтан мәселе өңірлік деңгейде ушығып келеді, – дейді ол.
Қазақстан трансшекаралық суға тәуелді
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы су айдындарының шамамен 60 пайызы Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Қытай аумағынан келетін трансшекаралық өзендер арқылы толығады. Сондықтан көрші елдердегі су тұтынудың артуы мен климаттық өзгерістер Қазақстанның су қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Оның пікірінше, климаттың жаһандық сипатын ескерсек, бұл мәселені бір мемлекет жеке шеше алмайды. Сондықтан халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған ортақ шаралар қабылдау қажет.
Арал мәселесі және судың «қара нарығы»
Абай Еркебалан 2024 жылы Арал өңіріне барған сапарында жергілікті қоғам өкілдерімен өткен форумда маңызды мәселелер көтерілгенін айтады. Оның сөзінше, Аралды құтқаруға бөлінген миллиардтаған қаржының жұмсалу тиімділігіне қатысты ашық ақпарат жеткіліксіз.
Сонымен бірге сарапшы Сырдария суын заңсыз пайдалану фактілеріне де назар аударады. Оның айтуынша, трансшекаралық судың «қара нарығы» қалыптасып, кейбір қылмыстық топтар суды заңсыз иемденіп, пайда табу схемаларын ұйымдастырған.
Эколог мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше нақты шара ұсынады:
- судың заңсыз айналымын толық тоқтату;
- су ресурстарын цифрландыру және ғарыштық мониторинг арқылы әрбір текше метр суды бақылау;
- бірыңғай су кадастрын қалыптастыру.
Су үнемдеу саясатын түбегейлі өзгерту қажет
Сарапшы ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді ұсынады. Оның пікірінше, тамшылатып суару жүйесін кеңейтіп, пайдаланылған суды қайта қолдану тәжірибесін дамыту қажет.
Сонымен бірге су нормаларын бұзғандарға әкімшілік және азаматтық жауапкершілікті күшейтіп, ірі залал келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастыруды қолдайды.
Экологтың айтуынша, күріш пен мақта ең көп су қажет ететін дақылдардың қатарына жатады. Мәселен, бір гектар күріш алқабына 20-30 мың текше метрге дейін су жұмсалады. Сондықтан ол суды аз қажет ететін әрі нарықтық құны жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарына кезең-кезеңімен көшуді ұсынады.
Иранның тәжірибесі – Қазақстанға сабақ
Абай Еркебалан қазіргі Ирандағы су тапшылығын табиғатқа шамадан тыс араласудың салдары ретінде бағалайды. Оның айтуынша, өзендерді толық бетондау, табиғи ағыстарды өзгерту және жер асты суларын шектен тыс пайдалану ақырында су қорын көбейтпей, керісінше азайтқан.
Сарапшы кеңестік кезеңнен қалған «табиғатты толық игереміз» деген ұстанымның бүгінгі жағдайда өзектілігін жоғалтқанын айтады.
Табиғат мыңдаған жыл бойы қалыптасқан тепе-теңдікпен өмір сүреді. Сол тепе-теңдікті бұзу климаттық апаттарға алып келетінін қазір анық көріп отырмыз, – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде Еуропа, АҚШ пен Канада табиғи өзендерді толық бөгеп, бетондау тәжірибесінен біртіндеп бас тартып жатыр. Ғалымдар көптеген гидроқұрылыстың экожүйеге тигізетін зиянын дәлелдей бастаған.
Ал Қазақстанда керісінше су арналары мен ирригациялық жүйелерді бетондауға бағытталған ауқымды жобалар жоспарланып отыр. Сарапшы мұндай тәсілдің ұзақ мерзімді экологиялық салдарын жан-жақты бағалау қажет екенін ескертеді.
«Табиғатпен күресу емес, үйлесімде өмір сүру қажет»
Экологтың пайымдауынша, климаттың өзгеруімен күресте басты қағида табиғатты бағындыру емес, онымен үйлесімде өмір сүру болуы тиіс. Ол үшін экологиялық мәдениетті қалыптастыру, су ресурстарын тиімді басқару, заманауи технологияларды енгізу және мемлекет аралық ынтымақтастықты күшейту шешуші рөл атқарады.
Климаттық өзгерістерге қарсы тұруға болады. Ол үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдап, Үкімет, жергілікті билік, өндіріс пен аграрлық сектор бірлесіп әрекет етуі қажет, – деп түйіндейді Абай Еркебалан.