Жаңалықтар

Қазақстанда ана мен баланы қолдау бағытында қандай әлеуметтік төлемдер бар?

Қазақстанда ана мен баланы қолдау бағытында қандай әлеуметтік төлемдер бар?
Фото: Коллаж El.kz 11.12.2023 17:36 4014

Бірнеше жылдан бері Қазақстанда Ана капиталын енгізу ұсынысы айтылып келеді. Мұндай жүйе 2007 жылдан бері Ресейде бар. Бала туғаны немесе асырап алғаны үшін ақшалай төлем түрінде ана капиталын енгізу туралы ұсыныс әзірге Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қолдау таппай келеді. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі еліміздегі ана мен баланы қолдау бағытындағы әлеуметтік төлемдерді Ресейдегі Ана капиталымен салыстырып көрді.

Елімізде ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік төлемдер

1. Бала тууға берілетін жәрдемақы:

1) Бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін жәрдемақы мөлшері қазір 131 100 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан да көп балаға – 217 350 теңгені (63 АЕК) құрайды;

2) Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақы: оның мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты болады.

- Бірінші балаға 19 872 теңге (5,76 АЕК);

- Екінші балаға 23 495 теңге( 6,81 АЕК);

- Үшінші балаға 27 083 теңге (7,85 АЕК);

- Төртінші және одан да көп – 30 705 теңге (8,90 АЕК).

- Жұмыс істейтін әйелдер жалақыға байланысты төлемдер алады;

2. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) кәмелетке толғанға дейін тағайындалатын жәрдемақы: 2023 жылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері 14,5 пайызға артып, 65 313 теңгені (1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейі) құрады;

3. Табысына қарамастан төленетін, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандар үшін оның мөлшері 22 080 теңгені (6,4 АЕК), «Алтын алқа» алқаларымен, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар үшін-25 530 теңгені (7,4 АЕК) құрайды;

4. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы: оның мөлшері төрт баласы бар отбасылар үшін – 55 304 теңгені (16,03 АЕК), бес баласы бар отбасылар үшін – 69 138 теңгені (20,04 АЕК), алты баласы бар отбасылар үшін – 82 973 теңгені (24,05 АЕК), жеті баласы бар отбасылар үшін – 96 807 теңгені құрайды теңге (28,06 АЕК), сегіз және одан да көп баласы бар – әр балаға 4 АЕК.

5. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтау шоттарына аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

«Әрбір отбасына, әрбір балаға тұрғын үй сатып алуға және баланың білім алуына жинақталған қаражатты пайдалану мүмкіндігімен елдің ұлттық байлығына нақты құқық берілетін болады. Жаңа бағдарлама іске қосылған кезде Қазақстанда тұратын барлық балаларды қамтиды», - деді министрлік.

Ресейдегі Ана капиталы қалай жұмыс істейді?

Ана капиталы — баланың дүниеге келгеніне немесе асырап алуға байланысты біржолғы төлем. Бұл Ресей Үкіметінің бала тууды арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі.

Ана капиталы 2007 жылдан 2026 жылға дейін бала дүниеге келген отбасыларға беріледі. Төлем сертификат түрінде жасалады, оны тек белгілі бір мақсаттарға жұмсауға болады:

- Тұрғын үй жағдайын жақсарту (тұрғын үй сатып алу немесе салу);

- Баланың білімі;

- Ананың жинақтаушы зейнетақысын қалыптастыру;

- Мүгедек балаға тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу;

- 3 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы төлем алу.

- 2024 жылдың 1 ақпаннан бастап Ана капиталының мөлшері:

- Бірінші балаға – 631 мың рубль, теңгеге шаққанда, 3 миллион 155 мың теңге;

- Екінші балаға – 834 мың рубль, теңгеге шаққанда, теңгеге шаққанда, 4 миллион 170 мың теңге.

Министрлік Ана капиталын тиімсіз деп санайды

Министрлік берген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда ана мен баланы қолдау бағытындағы әлеуметтік төлемдер өзінің оң әсерін көрсетіп отыр. Елімізде туудың жиынтық коэффициенті 2007 жылы 2,47-ні құрады және 2022 жылы 3,05-ке дейін өсті. Министрлік дерегінше, Ресей Федерациясындағы ана капиталы тууды ынталандыру және табиғи өсімнің төмендеуі сияқты құбылысқа қарсы енгізілген уақытша шара. Енгізілгеннен бастап Ресейде туудың жиынтық коэффициенті 1,4-тен (2007 жылы) 1,42-ге дейін (2022 жылы) өсті. Бұл оның тиімсіздігін көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға