Қазақстанда алғашқы Құрылтайға сайлау басталды

Қазақстанда алғашқы Құрылтайға сайлау басталды
Фото: El.kz/Артем Чурсинов

Қазақстан аумағындағы барлық сайлау учаскесі дауыс беру үшін ашылды. Олар жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сонымен қатар 107 сайлау учаскесінде дауыс беру бір сағат ерте, яғни таңғы сағат 06:00-де басталды. Оның 79-ы Қазақстанның 61 елдегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған шетелдік сайлау учаскелері. Соның ішінде Жапония мен Оңтүстік Кореядағы учаскелер Астана уақытымен сағат 03:00-де жұмысын бастады.

Ең соңғы болып Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жанындағы сайлау учаскесі ашылады. Онда дауыс беру Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.

Ал әскери бөлімдерде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында, вахталық елді мекендерде, демалыс үйлерінде, санаторийлер мен ауруханаларда және басқа да нысандарда құрылған кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Егер сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың барлығы дауыс беріп үлгерсе, учаскелік сайлау комиссиясы дауыс берудің аяқталғанын кез келген уақытта жариялай алады.

Бүгін қазақстандықтар сайлауға қатысып жатқан жеті саяси партияның біріне дауыс береді. Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайдағы депутаттық мандаттар заңда белгіленген межеден өткен партиялар арасында бөлінеді.

Оқи отырыңыз