Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі.
Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына – 35 жыл. Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды. Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, алдымызда тұрған мақсат – шын мәнінде айбынды.
Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық, соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады. Біз жасампаз әрі жаңашыл ұлт ретінде түбегейлі жаңғыру жолына бет бұрдық. Реформаларымыздың ең басты бөлігі, бұл – Конституцияның қабылдануы. Азаматтарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Конституцияда еліміздің мақсат-мұраты мен болашақтағы бейнесі айқын көрініс тапты. Қазақстанның Егемендігі мен Тәуелсіздігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қастерлі құндылығы деп танылды. Қоғамда Заң мен Тәртіпті орнықтыру, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру бұлжымас қағидат ретінде бекітілді. Адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық міндет деп белгіленді, – деді Президент.