Жаңалықтар

Қазақстан СПЕКА елдеріне 2,3 млрд доллар болатын шикізаттық емес тауар жеткізуге дайын – Тоқаев

Қазақстан СПЕКА елдеріне  2,3 млрд доллар болатын шикізаттық емес тауар жеткізуге дайын – Тоқаев
Фото: Akorda.kz 24.11.2023 17:08 866

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.

Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болды. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Былтыр Қазақстанның төрағалығы аясында біз бағдарламаның негізгі бағыттары жөніндегі ықпалдастықты нығайтып, оны жүзеге асыру үшін маңызды шаралар қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.

Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады. Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. «Жасыл» дәліздер жасау, түрлі кедергілерді алып тастау сауда-саттық жөніндегі ынтымақтастығымызға, соның ішінде құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің тиісті ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға