Жаңалықтар

Қазақстан шығыс бағыттағы сауда-саттық бойынша жол картасын әзірлейді

Қазақстан шығыс бағыттағы сауда-саттық бойынша жол картасын әзірлейді
Фото: Primeminister.kz 10.09.2023 00:18 685

Үкіметте ҚХР  бизнес капитандарымен өзара іс-қимыл алгоритмі және әлеуеті бар бірлескен инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-премьер Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшыларымен қазақстандық өнімді өткізудің жаңа нарықтарын және Қытай, Иран және Ауғанстанға елімізде заманауи өндірістер құру мүмкіндіктерін ашатын елдермен ынтымақтастықты күшейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шараларды талқылады.

Қытаймен арадағы ынтымақтастық – басты назарда. Вице-премьердің таяудағы Аспан асты еліне сапары Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер құру бойынша кең перспективалар ашады. Металдарды өңдеу, электрондық коммерция, құрылыс, жаңа материалдар мен технологиялар өндірісі, АӨК салаларындағы ірі әлемдік көшбасшы компаниялардың басшылары ынтымақтастықты нығайтуға ашық қызығушылық білдірді.

Мемлекет басшысының Жолдауда белгілеген өңдеуші секторды жедел дамыту және өнімді жоғары деңгейде өңдейтін кластерлерді құру туралы міндетін тиімді әріптестік пен үздік тәжірибелерді енгізу арқасында орындауға болады.

Қытай – біздің шығыстағы ең жақын көршіміз және өнімдерімізді өткізетін ең тартымды және қолжетімді нарықтардың бірі. Сапар барысында біз жеті ірі компаниямен кездесулер өткіздік, Шэньчжэньдегі дөңгелек үстелде тұқым, фосфор тыңайтқыштары, пестицидтер өндіретін қауымдастықтар, көлік, логистика, сертификаттау компаниялары өкілдерімен таныстық, олардың барлығы бірлесіп жұмыс істеуге және тәжірибе, технология, ғылыми әзірлемелермен алмасуға дайын екендерін білдірді. Енді біз ынтымақтастық бағытынан бастап жобаны Қазақстанда локализациялауға дейін әр компания бойынша өзара іс-қимыл алгоритмін пысықтау қажет. Алгоритмді пысықтау үшін Qaztrade, Kazakh Invest және “Атамекен” ҰКП өкілдерінен жұмыс тобын құруды және барлық мүдделі министрлік және ведомствомен жобалардың жол картасын құруды тапсырамын, - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ кеңесте Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар талқыланды. Құжат жобасы АӨК, көлік және логистика, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталған 30 іс-шарадан тұрады. Оны Иран тарапы қарап жатыр. ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге осы жылдың соңына дейін қол қойылады деп күтілуде, осыған орай бұл құжат аса өзекті болып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға