Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мәселе Канададағы Монреаль қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) конференциясы аясында талқыланды.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ делегациясының жетекшісі Дэниел Дж. Эдвардспен кездесіп, екі ел арасындағы әуе рейстерін ашу мүмкіндіктерін сөз етті.
Тікелей рейс ашу үшін АҚШ-тың рұқсаты қажет
Қазақстан мен АҚШ арасында тұрақты әуе қатынасын жолға қоюдағы негізгі талаптардың бірі – АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) бірінші санаттағы рұқсатын алу.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Биыл қыркүйек айында америкалық мамандар Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесіне аудит жүргізіп, оның алдын ала қорытындысын ұсынған. Көлік министрлігінің мәліметінше, сарапшылар еліміздің көрсеткіштеріне оң баға берген.
Монреальдағы кездесуде екі ел арасында жасалған «Ашық аспан» келісімі де талқыланды. Талғат Ластаевтың айтуынша, бұл құжат Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады.
Біз Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екі ел арасында жасалған «Ашық аспан» келісімі бұл бастаманы жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қалайды. АҚШ-тың авиациялық органдарымен сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдер жақын арада аяқталады деп үміттенеміз, – деді вице-министр.
Air Astana үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын күтуде
АҚШ-қа тікелей рейстерді іске қосу үшін Air Astana әуе компаниясы 2026-2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын қабылдауды жоспарлап отыр. Мұндай алыс қашықтыққа ұшатын әуе кемелері екі ел арасында тоқтаусыз рейстер ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Көлік министрлігі Қазақстанның америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 әуе кемесін жеткізу жөнінде келісімдерге қол жеткізгенін хабарлады. Бұл уағдаластықтар Қазақстан президентінің 2026 жылғы ақпанда АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары кезінде бекітілген.
Кездесу барысында Қазақстан президентінің 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне шақырылғаны да айтылды.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейс мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді
Қазақстаннан АҚШ-қа, соның ішінде Нью-Йоркке тікелей рейс ашу мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұр.
2023 жылдың мамырында Астанада Үкімет кулуарында журналистер Air Astana компаниясының сол кездегі басшысы Питер Фостерден Нью-Йоркке тікелей рейс қашан ашылатынын сұраған еді. Ол кезде рейсті 2025 жылға қарай іске қосу жоспарланғаны айтылып, ұшақтарды Алматыдан жіберу мүмкіндігі қарастырылған.
2024 жылдың шілдесінде Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері Boeing компаниясымен кездесу өткізді. Қазақстан делегациясы АҚШ-тың Сиэтл қаласына барып, компанияның ұшақ құрастыру өндірісімен танысты.
Сол жылдың тамызында көлік вице-министрі Талғат Ластаев тікелей рейсті іске қосу мерзіміне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Air Astana компаниясы екі Boeing және екі Dreamliner ұшағын алу жөнінде келісімшарт жасасқан.
Ал 2024 жылдың қазанында АҚШ-қа тікелей рейс ашу үшін міндетті түрде екі ел арасындағы қашықтықты аралық аялдамасыз еңсере алатын ұшақ болуы керектігі айтылды. Сол кезде алғашқы Boeing 787 Dreamliner ұшағы Air Astana паркіне 2025 жылдың соңында қосылады деп күтілген.
2025 жылдың мамырында Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасын ашу жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланды. Екі ел үкіметі арасында «Ашық аспан» қағидаттарына негізделген келісімге қол қойылған. Бұл құжат әуе компанияларына рейстер санына, бағыттарға және тасымалдаушыларға қатысты шектеулерсіз ұшуға мүмкіндік береді.