Қазақстан халық санағын жаңа форматта өткізбек: регистрлік жүйе деген не?

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Астанада халық санағын регистрлер негізінде жүргізуге дайындық мәселелеріне арналған үш күндік ұлттық техникалық семинар өз жұмысын бастады. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар мен статистика саласының сарапшылары қатысып, Қазақстанның халық санағын өткізудің жаңа моделіне көшу мүмкіндіктерін талқылауда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Регистрлік халық санағы деген не?

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Көпшілік халық санағын арнайы сауалнама толтыру немесе санақ жүргізушілердің үй-үйді аралауымен байланыстырады. Алайда әлемде халық туралы мәліметтерді жинаудың бұдан да заманауи тәсілі бар. Ол – регистрлік негіздегі халық санағы.

Бұл жүйеде халық туралы ақпарат арнайы сауалнама арқылы емес, мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларындағы деректер негізінде қалыптастырылады. Яғни азаматтардың тұрғылықты жері, туу және қайтыс болу деректері, көші-қон, неке, білім және жұмыспен қамту туралы мәліметтер түрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады.

Бүгінде мұндай тәжірибе Финляндия, Дания, Норвегия және Швеция сияқты елдерде сәтті қолданылып келеді.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Регистрлік халық санағы кезінде әртүрлі мемлекеттік дерекқорлардағы ақпарат бір жүйеге біріктіріледі. Мамандар алдымен деректердің сапасын тексеріп, қайталанатын немесе ескірген мәліметтерді анықтайды. Кейін сол ақпараттардың негізінде халықтың статистикалық регистрі қалыптастырылады.

Осылайша мемлекет халық саны, өңірлердегі тұрғындардың орналасуы, жас құрылымы, көші-қон үдерістері және басқа да маңызды көрсеткіштер туралы деректерді жедел ала алады.

БҰҰ-ның 2030 жылғы халық санағына дайындық жөніндегі ұсынымдарына сәйкес көптеген мемлекеттер дәстүрлі санақтан цифрлық және регистрлік жүйелерге көшіп жатыр. Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізуде.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылованың айтуынша, қазіргі таңда халықтың статистикалық регистрі жетілдіріліп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің халық санағы мақсатында пайдалануға дайындығы бағалануда.

Бұл семинар жұмысы практикалық шешімдер әзірлеуге және ұлттық статистикалық жүйені жетілдіру бойынша келесі қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Гүлмира Қарауылова.

Мамандардың пікірінше, регистрлік халық санағы бірнеше маңызды артықшылық береді.

  • Біріншіден, халыққа түсетін жүктеме азаяды, өйткені азаматтардан қайта-қайта ақпарат жинаудың қажеті болмайды.
  • Екіншіден, санақ өткізуге кететін шығын қысқарады.
  • Үшіншіден, статистикалық деректерді жиі жаңартып отыруға мүмкіндік туады.

Қазақстан халқы саны 20 миллионнан асады

Қазақстандағы соңғы ұлттық халық санағы 2021 жылы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша ел халқының саны 19,2 миллион адамнан асты.

Ал бүгінгі таңда халық саны 20 миллионнан асып, өсім жалғасып келеді. Бұл көрсеткіш табиғи өсім мен көші-қон процестерінің нәтижесінде артып отыр.

Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) мен БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстандағы ЮНФПА өкілі және Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директор Чинве Огбонна регистрлік халық санағына көшу тиімді әрі орнықты статистикалық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстың табысты болуы әкімшілік деректердің сапасына, цифрлық инфрақұрылымның дамуына және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылға тікелей байланысты.

 

Оқи отырыңыз