Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады.
Ол бүгінгі саяси науқанды ел тарихындағы маңызды оқиға деп атап, Жаңа Конституцияға сәйкес Тәуелсіз Қазақстан тарихында Құрылтай депутаттарының сайлауы алғаш рет өтіп отырғанына назар аударды.
«Бұл сайлау – қатардағы саяси оқиға емес. Жаңа Құрылтайдың жасақталуымен Президент бастамашы болған ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңі басталады», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Партия төрағасы сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, елдің болашағына бейжай қарамау – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші.
«Сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел болашағына деген жауапкершіліктеріңіз – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші», – деді ол.
Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясына қолдау білдірген сайлаушыларға да ризашылығын жеткізді. Алдын ала экзитпол нәтижесі бойынша партияға сайлаушылардың кемінде 3 пайызы дауыс берген. Дегенмен ол бұл түпкілікті көрсеткіш емес екенін атап өтті.
«Сіздердің сенімдеріңізді біз үлкен жауапкершілік әрі алдымызға қойылған міндет деп қабылдаймыз. Халқымыздың үмітін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді партия төрағасы.
Ол биылғы сайлау науқанының белсенді әрі жаңа форматта өткенін де атап өтті. Саяси партиялардың өкілдері төрт республикалық телеарнаның тікелей эфирінде пікірталасқа түсіп, өз ұстанымдарын ашық білдірген.
«Миллиондаған қазақстандық тікелей эфирдегі, өңделмеген пікірталасты көріп, тараптардың нақты ұстанымдарын естіді», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Сондай-ақ сайлау науқаны кезінде жүздеген халықаралық және мыңдаған қазақстандық байқаушы жұмыс істеген. Партия төрағасының пікірінше, бұл сайлау үдерісінің ашықтығын көрсетеді.
Нұрсұлтан Шоқанов Президент жүргізіп жатқан реформалардың партия идеологиясымен үндесетінін айтып, Қазақстан Халық партиясы оларды жүзеге асыруда сенімді серіктес болуға дайын екенін жеткізді.
«Құрылтай жұмысының басталуымен еліміздің жаңарған саяси институттарын қалыптастыру үдерісі басталады. Сайлау қорытындысынан бүкіл ел және барша қазақстандықтар ұтады», – деді ол.
Партия төрағасы сайлауға қатысқан барлық кандидат пен саяси партияға бәсекелі әрі мазмұнды науқан үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, мұндай саяси бәсеке елдегі саяси жүйенің кемелденгенін аңғартады.
Қазақстан Халық партиясы дауыс беру қорытындысын объективті деп танитынын және өзге партиялармен конструктивті жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан Халық партиясы бүгінгі дауыс беру қорытындысын объективті деп таниды және басқа партиялардағы әріптестерімізбен бірге конструктивті жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді. Басты мақсатымыз – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру, Әділетті Қазақстанның тұрақтылығы мен сенімді дамуын қамтамасыз ету», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.