Онлайн-марафон алаңында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов сұхбат берді. Ол елдегі көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары туралы баяндады.
Вице-министрдің айтуынша, көлік саласы экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Қазақстанда әуежайлар жаңғыртылып, халықаралық рейстердің географиясы кеңеюде. Сонымен қатар 11 мың шақырым автожол салынып, жөнделіп жатыр. Теміржол, вокзалдар мен өткізу пункттері де жаңартылуда.
Каспийдегі инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылуда. 2030 жылға қарай теңіз порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары туралы да баяндады.
Оның айтуынша, елімізде 70 теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді
Вице-министр көптеген вокзал ғимараты ондаған жыл бұрын салынғанын, сондықтан нысандарда жай ғана жөндеу емес, толық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Қауіпсіздік пен қолжетімділікке де ерекше көңіл бөлінген. Вокзалдарда пандустар, лифтілер, тактильді жолақтар, ана мен бала бөлмелері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар қарастырылған.
Тек маусымшілде айларында ел бойынша 70 жаңартылған вокзал пайдалануға берілді.