Әлемдегі бейбітшілік деңгейі төмендеуін жалғастырып отыр. Жаһандық бейбітшілік индексі (GPI) – 2026 дерегіне сәйкес, соңғы бір жылда әлемдегі орташа көрсеткіш 0,7%-ға нашарлаған. Теріс динамика қатарынан 12 жыл бойы байқалып келеді. Ал соңғы 18 жылдың 15-інде жағдайдың нашарлағаны тіркелген. Бір жыл ішінде 163 ел мен аумақтың 99-ында көрсеткіш төмендесе, 62-сінде жақсарған. Қазір 119 елдегі бейбітшілік деңгейі 2008 жылмен салыстырғанда төмен.
Жағдайдың нашарлауына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – қарулы қақтығыстар санының өсуі. Қолжетімді соңғы деректерге сәйкес, 2024 жылы белсенді мемлекеттік қарулы қақтығыстардың саны 61-ге жетіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең жоғары көрсеткішке көтерілген. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың экономикалық салдары да артып отыр. Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics & Peace, IEP) 2025 жылы оның көлемін 21,8 триллион АҚШ долларына бағалады. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10,5%-ына тең.
GPI индексін халықаралық Экономика және бейбітшілік институты (IEP) жыл сайын жасайды. Индекс 2007 жылдан бері жарияланып келеді, ал 2026 жылы оның 20-шы шығарылымы жарық көрді. Зерттеу әлем халқының 99,7%-ы тұратын 163 ел мен аумақты қамтиды. Бағалау кезінде 23 сандық және сапалық көрсеткіш пайдаланылады. Олар үш негізгі блокқа біріктірілген: қоғам қауіпсіздігі, қазіргі ішкі және халықаралық қақтығыстар, милитаризация.
GPI есептеу кезінде елдің ішкі жағдайымен қатар сыртқы ахуалы да ескеріледі. Қорытынды бағаның 60%-ы ішкі көрсеткіштерге, 40%-ы сыртқы факторларға тиесілі. Бағалау өлшемдеріне кісі өлтіру және зорлық-зомбылық деңгейі, саяси тұрақсыздық, терроризм, ішкі және сыртқы қақтығыстар, көрші мемлекеттермен қарым-қатынас, әскери шығындар, қарулы күштердің саны, қару-жарақ импорты мен экспорты және басқа да көрсеткіштер кіреді.
GPI-дің қорытынды мәні 1-ден 5 балға дейінгі шкала бойынша өлшенеді. Индекс неғұрлым төмен болса, елдегі бейбітшілік деңгейі соғұрлым жоғары деген сөз. Сондықтан GPI көрсеткішінің төмендеуі жағдайдың жақсарғанын, ал өсуі нашарлағанын білдіреді. IEP рейтингінде бейбітшілік деңгейі бес санатқа бөлінеді: өте жоғары, жоғары, орташа, төмен және өте төмен.
Исландия 19 жыл қатарынан көш бастап келеді
2026 жылы әлемдегі ең бейбіт ел мәртебесін Исландия сақтап қалды. Оның көрсеткіші – 1,161 балл. Бұл ел 19 жыл қатарынан рейтингтің бірінші сатысында тұр.
Екінші орында – Жаңа Зеландия (1,343 балл), үшінші орында – Швейцария (1,363 балл). Одан кейін Словения (1,369 балл) мен Ирландия (1,371 балл) орналасқан. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Австрия, Португалия, Сингапур, Финляндия және Жапония кірді. Әлемдегі ең бейбіт он елдің жетеуі Еуропада орналасқан.
Рейтингтің төменгі бөлігінде негізінен ірі қарулы қақтығыстар жалғасып жатқан мемлекеттер орналасқан. 163-орынды Ресей иеленді. Оның көрсеткіші – 3,367 балл. Одан жоғары Судан (3,195 балл), Конго Демократиялық Республикасы (3,189 балл), Украина (3,184 балл) және Израиль (3,124 балл) тұр.
Бейбітшілік деңгейі ең төмен елдердің ондығына Оңтүстік Судан, Ауғанстан, Йемен, Сирия және Мали де кірді. Ресей GPI тарихында алғаш рет рейтингтің соңғы орнына түсті.
Орталық Азия әлемдік рейтингте жоғары орында
Жаһандық жағдай аясында Орталық Азия елдері салыстырмалы түрде жоғары нәтижелер көрсетті. Аймақтағы ең үздік көрсеткіш Өзбекстанға тиесілі. Ол 1,726 балл жинап, әлемде 37-орынға жайғасты.
Қазақстан 1,771 баллмен 44-орынға орналасты. Тәжікстан – 47-орында (1,799 балл), Қырғызстан – 61-орында (1,853 балл), Түрікменстан 66-орында (1,903 балл).
IEP Орталық Азиядағы бес мемлекеттің барлығын бейбітшілік деңгейі жоғары елдер санатына жатқызады. Оның үстіне өңірдің үш мемлекеті әлемдік рейтингтің алғашқы 50-дігіне кірді. Бес елдің барлығы рейтингтің жоғарғы жартысында орналасқан. Соңғы бір жылда көрсеткіш тек Өзбекстан мен Қазақстанда жақсарған.
Бір жыл бұрын олардың GPI көрсеткіші тиісінше 1,781 және 1,791 балл болған. Ал Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстанда жағдай керісінше нашарлаған. 2025 жылы бұл елдердің индексі тиісінше 1,749, 1,812 және 1,859 баллды құраған.
Қазақстан 2008 жылдан бергі ең жақсы нәтижесіне жетті
Әлемдік рейтингте Қазақстан Уругвай мен Румынияның арасында орналасқан. Сонымен қатар Қазақстан Солтүстік Македония, Босния және Герцеговина, Армения, Грекия және Оңтүстік Кореядан жоғары тұр.
Орталық Азияда бірінші орында тұрған Өзбекстан мен Қазақстанның арасында жеті позиция және 0,045 балл айырмашылық бар. Қазақстан үшін қазіргі 1,771 балдық көрсеткіш – 2008 жылдан бергі ең үздік нәтиже.
Ең маңыздысы – ел өзінің рекордын екінші жыл қатарынан жаңартып отыр. 2024 жылы Қазақстанның GPI көрсеткіші 1,867 балл болса, 2025 жылы 1,791 балға дейін төмендеген. 2026 жылы бұл көрсеткіш тағы да 1,771 балға түсті. GPI шкаласының ерекшелігіне сәйкес, көрсеткіштің төмендеуі елдегі бейбітшілік деңгейінің жақсарғанын білдіреді.
Орталық Азия жаһандық үрдіске қарсы бағытта
Қазақстандағы оң динамика өңірдегі жалпы жағдайға сәйкес келеді. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия GPI қамтитын сегіз өңірдің ішінде орташа бейбітшілік деңгейі жақсарған жалғыз аймақ болды. Қалған жеті өңірде көрсеткіштер нашарлаған. Ең елеулі төмендеу Оңтүстік Азияда тіркелді.
Ұзақ мерзімді көрсеткіштерге қарасақ, соңғы он жылда Орталық Азияның барлық бес елінде бейбітшілік деңгейі жақсарған.
2016 жылы GPI көрсеткіші Өзбекстанда 1,911 балл, Тәжікстанда 1,971 балл, Қырғызстанда 1,984 балл, Қазақстанда 1,883 балл, Түрікменстанда 1,979 балл болған.
Осы кезеңде ең елеулі жақсару Өзбекстан мен Тәжікстанда байқалды. Дегенмен динамика біркелкі болған жоқ. 2023 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда GPI айтарлықтай өсіп, тиісінше 1,964, 1,959 және 2,033 балға жетті. Ал 2024 және 2025 жылдары үш елдің де көрсеткіші қайта төмендеді.
Қазақстанның қазіргі нәтижесі осы тұрғыдан алғанда ерекше назар аудартады. Ел соңғы жиырма жылға жуық кезеңдегі ең жоғары бейбітшілік деңгейіне қол жеткізіп қана қоймай, қатарынан екінші жыл өзінің үздік нәтижесін жаңартып отыр.
Жалпы GPI нәтижелері Орталық Азияның әзірге әлемдегі жалпы үрдіске қарама-қайшы бағытта келе жатқанын көрсетеді. Әлемде қақтығыстар саны артып, бейбітшілік деңгейі төмендеп жатқанымен, өңір мемлекеттері рейтингте салыстырмалы түрде жоғары позицияларын сақтап отыр.
Сонымен бірге GPI көрсеткіштерінің жыл сайынғы өзгеруі Орталық Азиядағы оң динамиканың тұрақты әрі біркелкі сипатқа әлі ие болмағанын көрсетеді. Сондықтан өңір елдері үшін бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ғана емес, оны ұзақ мерзімді институционалдық негізде нығайту да маңызды болып қала береді.