Қазақстан балуандары әлем чемпионатында екі жүлде иеленді

Қазақстан балуандары әлем чемпионатында екі жүлде иеленді
Фото: ҰОК баспасөз қызметі

Қазақстандық балуан Исхар Курбаев пен Айдос Сұлтанғали Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.

Курбаев 55 келіде күресіп, жарыстан кейін берген сұхбатында қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтып, отбасында болған қайғылы оқиғаға тоқталды.

"Осындай қолдауды сезініп тұрып, жеңіліп қалу қиын екен. Сондықтан маған қолдау білдірген барша жанға алғысымды айтамын. 55 келіде күресу үшін салмақ тастадым. Алға қойған басты мақсатым - алтын медаль алу еді. Дегенмен қола медаль бұйырып тұр екен. Алғашында сегіз келі салмақты қалай тастаймын деп алаңдадым. Өйткені бұл бір-екі айда атқарылатын жұмыс емес. Жыл басынан бері көп еңбек еттік. Негізі, бұған дейін 60 келіде күресіп жүрдім. Алайда әлем чемпионаты өз елімізде өтетін болғандықтан, шынымды айтсам, 55 келіде мүмкіндік көп болды. Жартылай финалда тактикалық тұрғыдан қателік жіберіп, қарсыласыма есе жібердім. Өкінішке қарай, осы жарысқа аз уақыт қалғанда Жігер есімді бауырым, бөлем дүниеден өтті. Оның менің жеңісімді көре алмай кеткені өте өкінішті. Осы қола медалімді бауырыма арнаймын", - деді Курбаев

Қазақстан құрамасының өкілі Айдос Сұлтанғали 60 келіде үздіктер қатарына қосылған соң, жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, жартылай финалдағы белдесуі жайлы айтты.

"Артылған жауапкершілікті толық сезіндік. Қалай дегенмен де, өз еліңде өнер көрсеткен соң, белгілі бір деңгейде қысым болады. Өткен жылдағыдай өз мүмкіндігімді толық пайдаландым деп айта алмаймын. Әрине, ел алдында алтын медаль жеңіп алып, барша қазақстандыққа қуаныш сыйлағымыз келді. Өкінішке қарай, бұл жолы қола жүлдені қанағат тұттық. Дегенмен бұл да жаман нәтиже емес. Бұл менің ересектер арасында жеңіп алған үшінші қола медалім. Өз елімізде өтіп жатқан әлем чемпионатының атмосферасы ерекше. Басқа әлем чемпионаттарынан бір бас жоғары деп айта аламын. Жартылай финалда шабуылға қарағанда қорғанысқа көбірек көңіл бөліп қойған сияқтымын. Соның салдарынан әдеттегі күрес әдісім өзгеріп кетті. Бұл тек менің ғана жетістігім емес. Жанымда жүрген мамандар мен бапкерлердің де еңбегі зор. Осы нәтижеге сол кісілердің қолдауы мен көмегінің арқасында қол жеткіздім деп ойлаймын", - деді Айдос Сұлтанғали.

Оқи отырыңыз