Қазақстан Әуе қорғанысы күштеріне 25 жыл толды
Оның құрамына Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштері кіреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қарулы күштердің бұл түрі Мемлекет басшысының 1997 жылғы 17 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін реформалау жөніндегі бұдан былайғы шаралар туралы» Жарлығы мен Қорғаныс министрінің 1998 жылғы 1 сәуірдегі директивасы негізінде құрылған болатын. Ал 18 тамыз Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұйрығымен айқындалған.
Оның құрамына Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштері кіреді. Олар Қазақстанның әуе шебін қорғауды, мемлекеттік, әкімшілік және әскери объектілердің әуе шабуылына қарсы қорғанысын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Қарулы күштердің басқа да түрлері мен әскер тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындайды.
Әскери-әуе күштерінің құрамына майдандық, әскери-көліктік және армиялық авиация кіреді. Майдандық авиация Су-30СМ, Су-27, Су-25, оқу-жауынгерлік Л-39 және Zlin-242 оқу-жаттығу ұшақтарымен жарақтанған. Әскери-көліктік авиация сапында Airbus, С-295, Ан-72, Ан-26 көліктік ұшақтары, сондай-ақ Ту-154 әуе командалық пункті мен Boeing 757 басқару пункттері бар. Армиялық авиация Ми-35М, Ми-24В жауынгерлік тікұшақтармен, Ми-8, Ми-17, Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен жабдықталған. Авиациялық қолдау көрсету мен жедел топтарды тасымалдау үшін американдық UH-IN-II және Eurocoupter-дің EC-145 тікұшақтары қолданылады. Бұдан өзге жыл сайын ұшқышсыз ұшу аппараттарымен де толығуда.
Жаңа техниканың келуімен жауынгерлік дайындықтың қарқындылығы тек авиацияда ғана емес, сонымен қатар әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде де артты. Әскери ұшқыштар күндізгі және түнгі уақытта, қарапайым және күрделі метеожағдайларда оқу-жаттығу ұшуларын жүзеге асырады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің есептоптары ұдайы жаттығулар өткізіп тұрады.
Әскери-әуе күштері үшін ұшқыштар мен жерүсті қамтамасыз ететін авиация мамандарын Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында, ал Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін кадрларды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында дайындайды.
Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы тәулік бойы елдің әуе шебін күзетіп, жауынгерлік кезекшілік атқарады. Әскери қызметшілер оқу-жаттығу барысында да, практикалық сабақтарда да өздерінің жоғары кәсіби шеберліктерін үнемі дәлелдеп келеді.