Қайрат Рысқұлбековтің сотынан тарихи фото түсірген Юрий Беккер өмірден өтті

Қайрат Рысқұлбековтің сотынан тарихи фото түсірген Юрий Беккер өмірден өтті
Фото: gov.kz

2026 жылғы 19 тамызда 68 жасында Қазақстанның белгілі фототілшісі Юрий Зельманович Беккер дүниеден өтті. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы ел тарихындағы маңызды оқиғаларды фотоға түсіріп, қазақ журналистикасы мен фотосурет өнерінде өшпес із қалдырды.

Фотографияға ғашық болған бала

Юрий Беккер 1958 жылғы 31 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Оның фотографияға қызығушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезінен басталды. Алғашқы фотоаппаратын оған әпкесі Полина сыйлаған. Баланың бұл іске шын ықыласпен берілгенін байқаған әкесі үй жағдайында сурет шығаруға қажетті үлкейткіш пен басқа да құралдарды алып берген.

Бір күні жас Юрийдің түсірген суреттерін белгілі фотосуретші Евгений Лещинский көріп, олардың бірін сол кездегі танымал балалар газеті «Пионерская правдаға» жіберуге кеңес береді. Фотосурет газетке жарияланады. Кейін Беккер бұл сәтті кәсіби жолының бастауы ретінде еске алған.

1975 жылы мектепті тәмамдаған соң Юрий Беккер фотосуретпен айналысуға мүмкіндік беретін жұмыс іздейді. Сол кезде әкесінің дүкенде кездейсоқ танысын жолықтыруы оның өмірін өзгертеді. Себебі танысы Қазақ КСР-індегі басты ақпарат агенттігі ҚазТАГ-та жұмыс істейтін.

Жас фотографтың жұмыстарын көргеннен кейін оны агенттікке жұмысқа қабылдайды. Осылайша Юрий Беккердің кәсіби журналистикадағы ұзақ жолы басталды.

Кейін ол әскер қатарында қызмет етіп, ҚазТАГ-қа қайта оралды. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітірді. Оның кәсіби шеберлігінің қалыптасуына белгілі фототілші Иосиф Будневич үлкен ықпал етті.

Әр жылдары ҚазТАГ-та, «Союзторгрекламада», «Медеу» спорт кешенінде, «Огни Алатау» газетінде қызмет атқарды. Ал 2003 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі болды.

Желтоқсан тарихын сақтап қалған сурет

Юрий Беккердің есімі Қазақстан тарихындағы ең маңызды фотосуреттердің бірімен тығыз байланысты. 1987 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Қайрат Рысқұлбеков және басқа да азаматтар сотталған жабық сот отырысына журналистердің көпшілігі кіргізілмеді. Алайда сол процеске Беккер қатыса алды.

Бұған кездейсоқ жағдай себеп болған. Ол бұған дейін басқа сот процесін түсіріп жүрген кезде прокурордың көзіне түскен еді. Сот залында түсірілген сурет кейін ТАСС арқылы таратылып, шетелдік басылымдарға да жетті. Оның ішінде Германияның Bild басылымында жарияланған материалда Беккердің фотосуреттері пайдаланылды.

Алайда бұл сурет билік тарапынан үлкен наразылық туғызды. Себебі сотталушылардың басын тік ұстап тұрғаны, ал үкім оқып отырған судьяның төмен қарап отырғаны назарға ілікті.

Фотосурет «антисоветтік» деп бағаланып, оның жариялануына байланысты бірқатар басылым басшылары мен редакторлар қызметінен босатылды. Юрий Беккер де жұмыстан шығарылды.

Ең өкініштісі суреттің негативтері мен клишелері архивтерден жойылған. Түпнұсқадан сақталған жалғыз нұсқа газет қиындыларының бірінде қалған.

Арада 35 жыл өткен соң Беккер сол тарихи кадрға өзінше жалғастық жасады. Алматыдағы Желтоқсан монументі маңында сол кездегі сот процесіне қатысқан азаматтарды дәл сол ретпен қайта суретке түсірді. Қайрат Рысқұлбековтің орнына оның портреті қойылды. Екі суреттің арасында ондаған жыл жатқанымен, олар Желтоқсан тарихының екі кезеңін байланыстырып тұр.

Қазақстан спортын елу жыл бойы таспалады

Юрий Беккердің шығармашылығында спорттың орны ерекше болды. Ол спортпен бала кезінен айналысып, кейін оны кәсіби фотографиядағы негізгі тақырыптарының біріне айналдырды.

Оның объективі «Медеудегі» конькишілерден бастап, халықаралық жарыстарға дейінгі Қазақстан спортының талай тарихи сәтін қамтыды.

1996 жылдың маусымында Алматыдағы «Динамо» стадионында болған футбол ойыны кезінде Беккер тағы бір тарихи кадр жасады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің құрамасы Еуропалық одақ дипломаттарымен кездесті. Қазақстан командасының капитаны қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еді.

Фотограф сол күні бұл кадрдың болашақта қаншалықты маңызды болатынын білмегенін айтқан. Бірнеше іс-шараға үлгеруі керек болғандықтан, стадионға аз уақытқа ғана кіріп, ойыншыларды бірге жинап, бірнеше сурет түсіріп кеткен. Жылдар өткен соң ғана бұл кадрдың тарихи маңызын түсінген.

Беккердің архивінде 2003 жылғы Қазақстан Кубогының финалы, «Қайраттың» еурокубоктағы ойындары және алматылық клубтың кейінгі халықаралық матчтары да бар. 2025 жылы ол «Қайраттың» мадридтік «Реалмен» кездесуін де түсірді.

Алматы – оның шығармашылығының ажырамас бөлігі

Юрий Беккер тек тарихи оқиғалар мен спорттық жарыстарды ғана түсірген жоқ. Оның объективіне мемлекет басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары, жұмысшылар, мәдениет пен ғылым қайраткерлері, балалар мен қарттар ілікті. Ал туған Алматысы оның шығармашылығында ерекше орын алды.

Қаланың даңғылдары мен көшелері, ескі ғимараттары, тарихи орындары мен қарапайым тұрғындары Беккердің суреттерінде сақталды. Бұл кадрлар – фотографтың туған қаласына деген өзіндік махаббатының көрінісі.

Уақыт өте келе оның қарапайым репортаждық суреттерінің өзі тарихи құжатқа айналды. Өйткені фотографтың жарты ғасыр бойы жинаған архивінен Қазақстанның бірнеше онжылдық тарихын көруге болады.

Фотосурет – уақыттың айнасы

Юрий Беккер фотографияның уақыт өте келе тарихи дерекке айналатынын жақсы түсінді. Өмірінің соңғы төрт жылында ол өзінің жеке архивін цифрландырумен айналысты. Мыңдаған суретті жылдар мен оқиғалар бойынша реттеп, болашақ ұрпаққа қалатын үлкен фотоқор қалыптастырды.

Оның еңбегі жоғары бағаланды. Юрий Беккер Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Ол пандемия кезіндегі еңбегі үшін «Халық алғысы» медалімен, ал көп жылғы кәсіби жолы үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Фотографтың жеке көрмелері бірнеше рет ұйымдастырылды. Олардың бірі кәсіби қызметінің 50 жылдығына арналды.

«Өз ісін тапқан бақытты адам»

Юрий Беккер фотографияға бала кезінен ғашық болып, өмірінің соңына дейін осы мамандығына адал болды. Бір кезде әпкесі сыйлаған фотоаппарат оның тағдырын өзгертті. Мектептегі әуесқойлық жарты ғасырлық кәсіби жолға ұласты. Соңғы сұхбаттарының бірінде Юрий Беккер:

Өткен өміріме көз жүгіртсем, өз ісімді таба алған бақытты адаммын деп есептеймін, – деген еді.

Оның артында жұбайы Ирина, ұлдары Станислав пен Роман, немерелері Виктория, София және Михаэль қалды. Ал Қазақстан тарихында тұтас бір дәуірдің фотошежіресі таспаланды.

Юрий Беккер түсірген әрбір кадр – белгілі бір уақыттың, адамның немесе оқиғаның куәсі. Оның суреттерінде Қазақстанның қуанышы мен қасіреті, спорттағы жеңістері, қоғамдағы өзгерістері мен қарапайым адамдарының өмірі сақталған.

Фотограф өмірден өтті. Бірақ оның объективі түсірген мыңдаған сурет енді Қазақстан тарихының үнсіз сөйлейтін шежіресіне айналды.

Оқи отырыңыз