Жаңалықтар

Қаржылық сауаттылық: жинақты қайда және қалай жақсы сақтау керек

Ең алғашқы қадам депозит ашудан басталады
Қаржылық сауаттылық: жинақты қайда және қалай жақсы сақтау керек
Фото: mknews.de 27.01.2023 18:00 2902

Белгілі бір уақытта адамдар жиі дүрбелеңге түсіп, қисынсыз қаржылық шешімдер қабылдайды. Бұл қарбалас уақыт болса да, сабырлы болу және адаспау өте маңызды. Кез келген адамның бір мақсаты болады. Яғни, мақсатты нақтылау бізге іс-қимыл жоспарын құруға және оларға қалай жетуге болатындығын анықтауға мүмкіндік береді.

Қаржылық мақсатты жоспарлауды бастау үшін қандай қадамдар маңызды және жинақты қайда, қалай жақсы сақтаудың жолын El.kz ақпараттық агенттігі анықтады. Бұл тақырыпқа сала мамандарын тарттық.

Экономист Мақсат Халық жинақтар туралы айтқан кезде, ең бірінші қауіпсіз қор деген ұғымды білу қажет деп есептейді.

«Қоғамда бұл ұғым өте көп қолданылмайды және танымал емес. Тұтастай алғанда, мемлекетімізде аталған сөз жиі айтылмайды. Оны көбінесе іскер не кәсіпкер азаматтар қолданады және жинағы бар инвесторлар айтады. Дегенмен де, еліміздің әр азаматы қауіпсіздік қорымен танысуы тиіс. Өзім қауіпсіздік қоры деп айтып жүрмін немесе сақтық қоры деп те атауға болады», – дейді.

Сондай-ақ, ол әр қажыргердің өзінің бір заңы бар деген пікірде.

Қаржылық сауаттылық: жинақты қайда және қалай жақсы сақтау керек

«Әлемдегі әр азамат соның ішінде, дамыған мемлекетте отбасылық бюджет құрарда міндетті түрде жанұяға кіретін кірістің 20 пайызын осы сақтық қорға аударып отырады. Үйге қандай кіріс кірсін тек қана еңбекақы емес, бонустар немесе сыйлық алса да соны қорға жинауды әдетке айналдырған. Біздің қоғамда 20 пайыз деп айту қиын. Себебі, табыс көзі елімізде өте төмен. Төмен табыстың 20 пайызын жинау былай тұрсын, 10 пайызын алып қалу қиынға соғады», – деген ойда.

Маман тым болғанда, алғашында 10 пайызын жинаудан бастау қажет деп санайды.

«Мәселен, үйге 100 мың көлемінде табыс келсе, оның 10 мыңын осы сақтық қорға аударып отырған абзал. Әрине, аталған қор үйде немесе жастық астында, кітап ішінде сақталмау керек. Өйткені, ақшаның құны деген бар. Экнономикада кешегі ақша бүгінгі ақша емес, ертеңгі ақша бүгінгі емес, ол құнсызданған ақша деген тұжырым бар. Егер оны үйде ұстайтын болсақ, қаржы құнсызданады. Ал қандай да банктен шот ашып депозитке сақтайтын болсақ, оның беретін сыйақы мөлшерлемесі бар. Соның есесінен тым болмағанда, инфляция жете алмайтындай және жаба алатындай сыйақы алатын боласыз. Бұл өте маңызды. Өткен жылдың өзінде инфляция 20,3 пайызды құрады. Банкте де сіз жинақ ұстаған болсаңыз, банктің ең үлкен өсімі 17 пайыз болды. Онда да сіз минус 3,3 пайызға шығынға ұшырадыңыз деген сөз. Егер ақша сіздің үйіңізде сейфте жатқан болса, қаражатыңыз 20,3 пайызға бірақ құнсызданды. Біздің нарықтағы бағаның өлшемі осылай жүргізіледі. Ең алғашқы қадам сол депозит ашудан басталады», – дейді.

Экономист депозитті қандай банкте ашу маңызды екенін айтты.

«Банктердің рейтингтері бар. Әлемдегі үлкен банктердің әлеуетін бағалайтын үш рейтинг үнемі алдыда жұмыс істейді. Олар әлем бойынша бүкіл елдің қаржылық әлеуетін бағамдайды. Әр қаржылық институт банктердің жекелеген рейтингтерін айқындайды. Ең жақсы банктер үш  «v» дәрежесімен көрсетіледі. Егер кейбір банктердің теріс іс-әрекеттері көрініп жатса, онда ақшаны тез шешіп алу қажет. Өзіңіздің жинақтарыңыздың біраз бөлігін жоғалтып алуыңыз мүмкін. Депозитті сақтандыру қоры елімізде 10 млн.теңгеге дейін қаражатты қайтарып беруге кепілдік береді. Қазір 20 млн-ге дейін өсіреміз деп жатыр. Сол себепті, сенімді банктерде ақша сақтаған дұрыс», – дейді сарапшы.

Егер шетелдік валютаны доллармен сақтаған жағдайда, 5 млн.теңгеге дейін банк қайтарып бере алады. Ал одан асқан жағдайда, жартысын жоғалтуға қауіп бар.

Маман жинақты қалай тез жинауға болатын сырымен бөлісті. Айтуынша, ақшаны тез жинау ол өте сирек және екінің бірінің қолынан келе қоймайтын көрінеді.

«Белгілі бір кәсібі бар адамның бизнесі сәтті болған жағдайда, тез жиналуы мүмкін. Ақша тиыннан құралады. Біріншіден, қаражат бірден көбейіп кетпейді. Егер сіз сол ақшаны жинауды әдетке айналдырсаңыз, онда бір үш-төрт жылдан кейін тез өсе бастайды. Бұл сондайснегізгі заңдылық. Алғашқы үш жылдың өзіндік қиындықтары болады. Жинағыңыз тез өспейді, қазіргі таңда депозиттердегі сыйақының көлемі үлкен емес. Десе де, 10-15 жылда тұрақты жинап жүрсеңіз, бір үй сатып алатындай қаражатты оп-оңай жинауға мүмкіндік бар», – деді ол.

Бұдан бөлек, жинақты үш жылдан кейін әртүрлендіруге болады. Депозиттегі қаражатты тек қана теңгемен емес, доллармен немесе евромен сақтап, ақшаны кем дегенде үш валютаға бөліп қойған абзал деп отыр.

«Кейбір азаматтар юань, швейцарияның франкін алып жатады. Осындай бағыт-бағдарлар бар. Сондай-ақ, артылып жатқан қаражат болған жағдайда, алтын алған дұрыс. Алтын ұзақ мерзімге дейін құнсызданбайды және баға төмендеп жатса да, қатты түсіп кетпейді. Кез келген жағдайда сіздің жинақтарыңызды сақтап қалатын бірден бір жолы валюта болып табылады. Өйткені, үйдің бағасы да дағдарыс кезінде екі есеге дейін қатты құлдырап кетуі мүмкін. Ал алтынның бағасы ешқашан төмендемейді, керісінше өсіп отырады. Сол себепті, алтынды баламалы құрал ретінде пайдаланған дұрыс», – дейді экономист Мақсат Халық.

Қаржы сарапшысы Сәбит Рысбаев болса, қазақстандықтар жинақты көбінесе жылжымайтын мүлікке жұмсайды. Пәтер алып, соны жалға беріп қояды. Бұл дұрыс емес деген пікірде.

Қаржылық сауаттылық: жинақты қайда және қалай жақсы сақтау керек

«Мәселен, пәтерді Барселонадан немесе Парижден, Дубайдан, әлемнің кез келген қаласынан 150 мың долларға алғаннан кейін, белгілі бір уақытта бұл үйді 250 мың долларға сатуыңыз мүмкін. Ал Қазақстанда ондай емес. Елімізде 150 мың долларға үй алсаңыз, 3-4 жылдан кейін сататын уақытта пәтер құны 90 мың долларға дейін түсіп қалуы әбден мүмкін. Пәтерақыдан 20 мың доллар табыс түсуі мүмкін. Алайда, келген ақшаның өзі үйді жөндеуге кетіп қалады. Теңгемен бізде үй қымбаттай береді», – деп тілге тиек етті.

Қаржыгердің сөзіне зер салып қарайтын болсақ, жылжымайтын мүліктің бағасы теңгемен өседі, бірақ доллармен өспейді. Сол себепті, жылжымайтын мүлікке ақша салатын болса, үйді мүмкін болса шетелден алған дұрыс деп есептейді.

«Шетелде жалға берсеңіз, ақша түседі. Одан бөлек, үйдің бағасы доллармен және евромен өсіп отырады», – дейді.

Қазір халықтың көбі ақшасын депозитте ұстайтыны жасырын емес. Сарапшының бұған көзқарасы қандай екенін сұрадық.

«Дәл қазіргі уақытта депозиттегі пайыз жоғары. Инфляцияға байланысты өсіріп тастады. Оны бәсеңдету үшін Ұлттық банк базалық мөлшерді көтерді. Депозиттің орташа пайызы 9-10 жарым болып тұрса да, соның өзінде банкке салған кезде мемлекет 10 млн.теңгеге дейін гарантия береді. Одан артық сомаға гарантия бере алмайды. Егер банк банкрот немесе басқа да жағдайға тап болған уақытта ақшаңызды мемлекет берген гарантия деңгейінде ғана ала аласыз», – деді ол.

Мәселен, Ресейдегі жағдайды алып қарасақ, адамдар долларлық депозиттерін де ала алмай қалды. Бірқатар шектеулер болғаны бәріңізге мәлім. Осындай жағдайда, сарапшы банк ұяшығы (банктегі жеке сейф) бағасы көлеміне қарай қатты қымбат емес, банктен оны жалға алып қаржыны сонда сақтаған дұрыс деп санайды.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға