Жаңалықтар

Қарағандыда заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендері сүрілуі мүмкін

Қарағандыда заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендері сүрілуі мүмкін
Фото: El.kz 01.07.2023 11:22 753

Қарағандыда 10 компанияның салып жатқан тұрғын үй кешендері заңсыз деп танылды. Құрылысшылар заң бұзушылықтарды жоймаса, жаңа ғимараттар қабылдау актісін ала алмайды. Оның үстіне сот шешімімен мұндай үйлер сүрілуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (МСҚБ) басшысы Сержан Аймақов жауапсыз құрылыс салушылар туралы айтты.

Барлығы салынып жатқан 60-қа жуық тұрғын үй жобасын бақылауға алдық. Өткен жылдан бері жүргізілген мониторинг барысында құрылыс тәртібі бұзылған 20-дан астам тұрғын үй кешені анықталды. Заң бойынша әрбір құрылыс салушы құрылыстың басталғаны туралы бізге хабарлауы керек. Бұл электронды үкімет веб-порталы арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылады. Негізгі олқылық сараптамалық қорытындының жоқтығымен байланысты, – деді спикер.

Ол барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен құрылыс тоқтатылғанын атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, 10-нан астам құрылыс салушы ескертпелерді жойып, хабарлама жібергендіктен, жосықсыз компаниялар тізімінен шығарылған. Бұл ретте рұқсат құжаттары жоқ 10 құрылыс салушы бақылауда қалып отыр.

Алдағы уақытта олар қабылдау актісін ала алмайды. Оның үстіне үйлерді бұзу үшін сотқа жүгінуге болады, – дейді Сержан Аймақов.

Сондай-ақ үлескерлерді заңсыз тартқан 18 құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуетті сатып алушылар ықтимал тәуекелдер туралы ескертіліп жатыр.

Мәлім етілгендей, кейбір компаниялар құрылысты уақытша тоқтату туралы сот шешімін елемейді. Сол себепті тұрақты заң бұзушыларға қатысты прокуратурамен бірлесіп жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның нәтижесімен ұйғарымдар берілді.

Сержан Аймақов рұқсат етілмеген құрылыс деп тану үшін экономикалық сотқа талап-арыз берілген тұрғын үй кешендерін атады. Олар Al-Farabi тұрғын үй кешені (құрылыс салушы «T-K Building» ЖШС), «Хан» тұрғын үй кешені (құрылыс салушы «TT-Инвест» ЖШС), «Нұра» тұрғын үй кешені (құрылыс салушы «Satti lux» ЖШС).

Айта кетейік, МСҚБ басқармасында сенім телефоны жұмыс істейді: (8-7212) 43-22-43. Сондай-ақ азаматтарды апта сайын жеке қабылдау жүргізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға