Путин сыйлаған төрт жолбарыс: бір ғасырға жоғалып, қайта оралған жыртқыш жайлы

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында елге төрт жолбарыс сыйға берілгенін мәлімдеді. Бұл жануарлар Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жобасы аясында Іле-Балқаш резерватына жеткізілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ресейдің Хабаровск өлкесінде екі ересек жолбарыс пен екі марғау ұсталып, олардың денсаулығы толық тексерілген. Оның ішінде көбею қабілеті де бағаланған. Кейін жануарлар «Аэрофлот» ұшағымен Қазақстанға жеткізіліп, одан әрі Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшақтарымен арнайы резерватқа тасымалданған.

Тарихи мекеніне қайта оралды

Тұран жолбарысы бір кездері Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде кең таралған. Ол Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінің аңғарларындағы қалың тоғайларды мекендеген.

Ұзындығы 2,7-2,95 метрге жететін аталықтарының салмағы 170-240 келі болған. Кейбір дарақтар одан да ауыр тартқан. Дене тұрқы жағынан Тұран жолбарысы бенгал жолбарысынан ірі саналған.

Оның басқа жолбарыстардан ерекшелігі – қалың әрі ұзын жүні. Бұл қасиет оған Орталық Азияның қатаң қысына төтеп беруге мүмкіндік берген. Тіпті ауа температурасы минус 40-45 градусқа дейін төмендеген жағдайда да өмір сүре алған.

Тұран жолбарысының жолақтары бенгал жолбарысына қарағанда жіңішке әрі жиі орналасқан, ал түсі қою әрі қанық болған. Ол ерекше жасырыну қабілетімен танылып, жергілікті халық арасында тылсым күш иесі ретінде қабылданған.

Фото: ЖИ

Неліктен оны «жолбарыс» деп атаған?

Тұран жолбарысының ең таңғаларлық қасиеттерінің бірі – төзімділігі мен ұзақ қашықтыққа қозғалу қабілеті.

Бұл жыртқыш жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға дейін қоныс аудара алған. Бір тәулікте 100 шақырымға дейін жол жүретін болған. Зерттеушілердің пікірінше, қазақ тіліндегі «жолбарыс» атауы да осы ерекшеліктен шыққан. Яғни «жол кезген барыс», «кезбе жыртқыш» деген мағынаны білдіреді.

Қазақ дүниетанымындағы жолбарыс

Қазақ халқы жолбарысты күштің, батырлықтың және айбынның символы ретінде қабылдаған. Ол жануарлар әлеміндегі ең беделді аңдардың бірі саналып, арыстанмен қатар қойылған.

Сондықтан халық батырларды «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деп сипаттаған.

Қазақ арасында кейбір жануарлар киелі саналған. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, ақын Сүйінбай Аронұлын қызыл жолбарыс қорғап жүрген. Кейін бұл киелі серік оның шәкірті Жамбыл Жабаевқа қонған деседі. Бұл аңыз ұлы ақындар мен даналардың ең айбарлы аңның қамқорлығында болады деген халықтық түсінікті көрсетеді.

Жолбарыс Орталық Азия халықтарының ертегілері мен эпостарында да ерекше орын алады. Батырдың жолбарыспен шайқасуы ерліктің ең жоғарғы сынағы ретінде суреттелген.

Тарихи деректерге сәйкес, Тұран жолбарысы адамдарға себепсіз шабуыл жасаған жағдайлар өте сирек кездескен. Сондықтан ол жергілікті халық арасында қауіпті жыртқыш ретінде емес, табиғаттың айбарлы иесі ретінде қабылданған.

Фото: ЖИ

Генетикалық зерттеу қалай жүргізілді?

Түр жойылып кеткеннен кейін ғалымдар оны музейлерде сақталған тұлыптар мен сүйектер арқылы зерттей бастады.

XXI ғасырдың басында зерттеушілер Еуразиядағы музейлерде сақталған 23 Тұран жолбарысының үлгілерінен генетикалық материал жинады.

Самарқанд мемлекеттік университетінің зоология музейінде 1935 жылы әкелінген Тұран жолбарысының тұлыбы сақтаулы. Оның салмағы шамамен 270-280 келі болған. Тағы бір экспонат Түрікменстан мемлекеттік музейінде тұр.

Осы зерттеулер нәтижесінде Тұран және Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын екені анықталды. Бұл жаңалық Қазақстанда жолбарысты қайта жерсіндіру жобасының ғылыми негізіне айналды.

Әлемде қанша жолбарыс бар?

XX ғасырдың басында әлемде шамамен 100 мың жолбарыс болған. Алайда браконьерлік пен мекен ету ортасының жойылуы салдарынан 2010 жылы олардың саны небәрі 3200 басқа дейін азайды.

Кейін табиғатты қорғау шаралары нәтижесінде популяция қайта өсе бастады. 2024 жылға қарай әлемдегі жабайы жолбарыстар саны шамамен 5500-ге жетті.

Жолбарыстардың ең ірі популяциясы Үндістанда шоғырланған. Онда әлемдегі барлық жолбарыстың шамамен 75 пайызы немесе 3350-ге жуық дарағы тіршілік етеді.

Жолбарыс судан қорықпайды

Жолбарыс – судан қорықпайтын әрі жақсы жүзетін жалғыз ірі мысық тұқымдас жыртқыш.

Ол жалғыз аң аулайды және тек өз күшіне сүйенеді. Сондықтан аңшылық тәсілдері өте күрделі әрі тиімді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІ (@ptrk.kz)

Жолбарыстың жолақтарының өрнегі адам саусақ ізі секілді қайталанбайды. Екі жолбарыстың жолақтары бірдей болмайды.

Оның түнгі көру қабілеті адамнан алты есе жақсы. Бір секіргенде 10 метрге дейін қарғи алады, ал жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді.

Жолбарыс пен арыстан: қайсысы күшті?

Бұл сұрақ адамзатты ежелден қызықтырып келеді. Ғалымдардың пікірінше, ірі Амур немесе Тұран жолбарысы орташа арыстанмен айқасса, көбіне жолбарыс жеңіске жетуі мүмкін. Себебі ол салмағы жағынан ауырлау әрі жалғыз аңшы ретінде мол тәжірибе жинақтаған.

Дегенмен арыстанның да артықшылықтары бар. Оның қалың жалы мойнын қорғайды және ол табиғатынан соңына дейін күресуге бейім.

Сондықтан бенгал жолбарысы мен ірі арыстан арасындағы жекпе-жекте екі жақтың мүмкіндігі шамалас деп бағаланады.

Елімізде 2035 жылға қарай 50 жолбарыс болады

2024 жылдың күзінде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына Нидерландтағы жабайы мысықтар қорығынан екі Амур жолбарысы – Богдана мен Кума жеткізілді.

Олар Қазақстанға 70 жылдан астам уақыттан кейін ресми түрде қайта әкелінген алғашқы жолбарыстар болды.

Бүгінде Богдан мен Кума жаңа ортаға толық бейімделіп, көбеюге дайын екені анықталған. Бұл резерваттағы жағдайдың қолайлы екенін көрсетеді.

Жоспар бойынша, 2035 жылға қарай резерват аумағында 50 жолбарыс мекендеуі тиіс.

Жыртқыштарға радиомойынбаулар тағылған. Бұл резерват маңындағы төрт ауылдың шамамен 6 мың тұрғынын дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді.

«Домино әсері» немесе экожүйенің қалыптасуы

Жолбарыстың қайта келуі – тек бір жануарды қайтару емес, тұтас экожүйені қалпына келтіру жобасы.

Ірі жыртқыш тұяқты жануарлардың санын және олардың қозғалысын табиғи жолмен реттейді. Соның арқасында тоғайлы ормандар қайта қалпына келе бастайды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Іле-Балқаш Мемлекеттік Табиғи Резерваты (@ilebalkhash.kz)

Орманның көбеюі өзен жағалауларын шайылудан қорғайды, ылғалды сақтайды, құстар мен ұсақ жануарлардың қайта оралуына жағдай жасайды.

Ғалымдар мұны «домино әсері» деп атайды: бір ғана түрдің қайта оралуы ондаған басқа түрдің қалпына келуіне ықпал етеді.

Мамандардың болжамынша, алдағы 50 жыл ішінде Қазақстан аумағында 150-ге дейін жолбарыс мекендеуі мүмкін. Егер бұл жоспар жүзеге асса, ғасыр бұрын жоғалып кеткен Тұран жолбарысының айбаты қазақ даласына қайта оралады.

Оқи отырыңыз