Жаңалықтар

«Психология арқылы бақытты адамдар көбейеді»: маман жан әлемі жайлы

«Психология арқылы бақытты адамдар көбейеді»: маман жан әлемі жайлы
Фото: Жеке мұрағат 31.07.2023 14:35 1286

Қазір жан әлемін зерттеп, психолог маманына жүгінетіндер қатар көбейді. Барлығының көздегені бір – бақытты адам болу. Еl.kz ақпарат агенттігінің тілшісі адамның өзін танудағы алғышартын білу үшін психолог Сымбат Әбдірахманмен әңгімелесті.

El.kz: Сымбат, қазір екінің бірі психолог, коуч, таролог, нумеролог деп жатамыз. Өзіңіз психология саласына қалай аяқ бастыңыз?

Сымбат Әбдірахман: Мен психологияға кездейсоқ келген жоқпын. Барлығы өз-өзіммен жұмыстан басталды. Менің алғашқы мамандығым – журналист. Кәсіби тұрғыда бұл салада біраз жыл жұмыс істеп үлгердім. Телевизия саласында журналист болдым. Құрылыс саласында да жұмыс тәжірибем бар. Жеке құрылыс компаниям да болды. Бизнесте біраз уақыт болдым. Өз-өзіме тоқтау салмай, жанталасып жұмыс істей беретін едім. Мақсатқа жетсем, бақытты болатын сияқты көріндім. Бірақ әр мақсатқа жеткен сайын одан бетер өзімді бақытсыз сезінетінмін. Осыдан кейін өзіме біраз сұрақтар қойылды. Өзіме «Өмірдің мәні неде?», «Неге мен бақытсызбын?», «Неге мен тоқтай алмаймын?» деген сұрақтарды қоя бастадым. Маған тоқтап қалу өлімге тең болды. Дұрыс демалу да білмедім. Одан кейін ұйқысыздық басталды. Ол булимия және тамақтанудың бұзылуына алып келді. Жалпы ішкі конфликт пайда болды. Ішімде үлкен бір потенциал бар екенін сездім. Бірақ басқа салада жұмыс істейін десем, жұрттың сөзінен қорқып, өзіме деген сенімсіздік болды. Алайда  іштегі құлшыныс орасан болды. Осылайша, іште кереғар пікірлер «соғысты». Сол кезде өмірімде болып жатқан жайттардың себебін біліп, жұмыс істеуге ниетім ашылды. Ол-ұйқысыздық, сенімсіздік, булимия. Бақыт қайда? деген сұрақ туындады. Ол кезде менде бедел де, ақша да, шетелге бару мүмкіндігі де болды. Бірақ бақытты болу қандай екенін білмедім. Сыртынан барлығы «Сымбат күшті өмір сүріп жатыр» деп ойлар еді. Алайда ішімдне ондай сезім болмағандықтан психологқа жүгіндім. Әу баста психолог маман болып кетемін деген ой мүлдем болмады. Өзімнің жан-дүниемді танып, өзімнің жеке сұрақтарыммен келдім. Жеке жұмыстан бастап топтық терапияларға барып жүрдім. Сол топтардағы қыздар менімен сырласқысы келіп, кеңес сұрайтын еді. Кезеңдеп осындай келісілмеген консультациялар арқылы өзімнің жеке тәжірибеммен бөлісе бастадым. Қызығушылығым арта келе осы салаға бет бұрдым. Өзімді тану арқылы өзгені танып, қарым-қатынасты зерттегім келді. Көптеген кітап оқып, осы саладағы бағыттарды оқи бастадым. Осылайша, психологияға қызығушылық артқан сайын клиент те тартыла бастады.

El.kz: Сіз үшін психолог болу заман талабына қарай бейімделу ме, әлде,  шынымен, жаныңыздың қалауы ма?

Сымбат Әбдірахман: Мен үшін психология сұраныстан пайда болған мамандық емес. Психология ішкі жан-дүниемнің, өз қалауыммен келген мамандық. Достарымызбен отырғанда «Сенің шексіз ақшаң болып, ай сайын 10 млн ақша өздігінен түсіп тұрса немен айналысар едің?» деп сұраймыз. Мен өзімнің жауабыма риза болдым. Себебі осы ісімді жалғастыра беретін едім. Психология саласында көптеген курс, кітап оқып біліктілігімді үнемі арттырып отырамын. Соны жалғастырар едім. Адамдарға көмектесу үшін де курстар әзірлеп, дайындаймын. Ол да бір шығармашылықтың түрі ғой. Осы шаруаны жалғастыра беретін едім деген жауап келді. Басқа дүниемен айналыспайтын едім. Жанымның қалауы-осы. 

El.kz: Адамдармен жұмыс істеу-күрделі саланың бірі. Сізге келіп жатқан адамдардың жанайқайы мен ішкі «травмаларын» тыңдау  адам ретінде ауыр емес пе? Өзіңіз маман ретінде мұны қалай еңсересіз? Қалай жұмыс істейсіз?

Сымбат Әбдірахман: Жалпы психологияда медицинадағыдай кездейсоқ адам болмайды. Медицина саласына қаннан қорқатын немесе ішкі құрылыспен жұмыс істей алмайтын, қорқынышы көп адам келмейді. Сол сияқты адамның ауыр сезімдерімен, күйзелісімен және басқа сезімімен кездесе алмайтын адам психологияда ұзақ қала алмайды деп ойлаймын. Менің етім үйренді. Өзімнің және өзге адамның сезімін ажырата алмамын. Әрине, эмпатия бар. Кейде клиенттердің жанын түсініп, көзіңе жас та аласың. Өзіңе өзің қолдау білдіру  барған сайын біліктілікпен қалыптасады. Бірақ басында қиын болатын. Клиенттің оқиғасынан кейін 1-2 күн өзіңе келе алмай, басқа клиент қабылдай алмай, тіпті басыңды көтере алмай қалатын кездер болатын. Себебі барлығын өзімнен өткізе беретін едім. Клиенттің және өз оқиғамды ажырата алмадым. Кейін оның барлығын меңгердім. Маман ретінде барынша көмектесемін, бірақ өзімнің жүрегіме, жаныма өткізіп, қайғырмаймын. Сонымен қатар психологияда өте жақсы талаптардың бірі егер сен маман болсаң, өзің де міндетті түрде терапияда болуың керек. Ол экологиялық таза жұмыс істеп, өз травмаларыңды клиентке таңып бермеуге көмектеседі. Қандай да бір қиындық туындаса, өз психологыңмен талқылап, мәселені шеше аласың.

El.kz: Қазір бұрынғы уақытпен салыстырғанда адамның көбі психологқа жүгініп жатады. Бұл жақсы тенденция ма?

Сымбат Әбдірахман: Менің ойымша, иә. Адамдар бұрын конформизммен өмір сүрді. Яғни, жұрттың ойымен өмір сүрді, пікірімен санасты. Қоғам қалай айтады, қоғамның ағымымен жүре берді. Қазір адамдар фокусты өздеріне аударып жатыр. Менің қалауым қандай? Менің мақсатым не? Ол мақсат, шынымен, менікі ме? Біреуге еліктеп, дәлелдеу үшін істеп жатырмын ба? деген сұрақтарға жауап іздеп жатыр. Адам өзімен байланысты нығайтып жатыр. Яғни, адамның өзімен байланысы нығайған сайын өз қалауын оңай табады. Өз қалауын өзі жасайтын адамның өмірге деген ризашылығы да мол болады. Өзімізге не керек екенін нақты білетін болсақ, өмірден ләззат ала аламыз, қуана да аламыз. Психология арқылы бақытты адамдар көбейеді деп ойлаймын. Көп адам өзіне жауапкершілікті қайтарады. Оның өмірінде болып жатқан жағдайдың барлығы өзінің таңдауы, қалауы екенін біледі. Басқа адам арқылы ешкім бақытты болмайды. Психология арқылы адамдар бақыттырақ, еркінірек өмір сүреді. Өзінің потенциалын толық аша алады.

El.kz: Абай айтқан «толық» адам болу психологияда да бар. Сол «толық» адам, адам деген кім?

Сымбат Әбдірахман: Толық адам болу- өз-өзіңді табу. Өзіңді бір жерден таппайсың, өз ішіңнен ғана таба аласың. Біз ет пен теріден ғана жаратылған жоқпыз, біздің жан-дүниеміз бар. Сол ішкі жаныңмен байланыста болу – сенің толықтығың. Байланыс болмаса, өзіңді түсінбейсің, қай бағытқа бара жатқаныңды білмейсің. Өзіңмен байланыс болса, не ұнайтынын, не ұнамайтынын білесің. Қандай ортада жүргің келетінін білесің және сәйкесінше соған ұмтыласың.

El.kz: Адам жеке дара бақытты бола алады? Оның ішкі қажеттілігін өзінен басқа ешкім өтей алмайды. Осы жайлы айтып берсеңіз?

Сымбат Әбдірахман: Егер адам өз-өзіне қолдау көрсете алмаса, қандай қолдау керегін анық білмесе өте қиын. Қанша адам, қандай қолдау көрсетсе де, оның орнын толтыра алмайды. Адам өзін-өзі сөкпеуі керек, оны түсініп, қолдау көрсетуі маңызды. Басқа адамның бақыты бақытсыз адамға жұқпайды. Себебі олар бір-бірін түсінбейді. Өз қалауын нақты білмеген адам біреуге еріп, біреудің қалауын жасап, өмірін сүріп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан өзіңді бақытты қыла алатын дүниелерді табуың керек. Энергия қандай жағдайда толастайтынын білуің керек. Өзіңді танымасаң, адасқан адам боласың. Сондықитан өзіңді тану – жолдардың ұлысы. Дамуға жұмсалмаған энергия деградацияға ұшырайды. Адамның күйде үнемі жүремін дейтін тұрақты күйі болмайды. Сондықтан адам тоқырағысы келмесе, дамуы керек. Себебі әлем де, табиғат та өзгеріске ұшырайды. Табиғаттың циклденіп өзгеруі де қалыпты процесс. Балалардың өсіп, жетілуі де сондай үрдіс деп атауға болады. Себебі олар алдымен еңбектеп, артынан жүруді үйренеді. Кейін аяғында нық тұрып, оң-солын тани бастайды. Мектеп пен университет бітірген соң адамның дамуы тоқтайды деп айтуға болмайды. Адам баласы өмір бақи дамиды, оқиды. қазір әлеуметтік желіде барлығы жетістікке жеткен сияқты өз өмірін әсірелеп көрсетеді.

Қазір әлеуметтік желіде өмірді мінсіз көрсетіп, әсірелейді. Барлығы осылай істеп жатыр екен, менің қолымнан түк келмейді деген пікір туындауы мүмкін. Әрине, қазіргі ақпарат заманы бәсекеге қабілетті болуды талап етеді. Ол қара күштің емес, білімнің, ғылымның бәсекелестігі. Сондықтан да бір орында тұрып қалмау маңызды. Қазір бір істі бастамай тұрып, барлығы сондай істеп жатыр, нарықта орнымды таба алмай қаламын деп ойлайтындар да бар. Ол – дұрыс емес. Егер миыңызға бір істі бастау туралы сәулелі ой келсе, міндетті түрде оны жүзеге асыруға тырысыңыз. Себебі ол сіздің ісіңіз болуы мүмкін. Барлығы бір бастағанда керемет болып кету де шарт емес. Тәжірибе қателіктердің арқасында жинақталады. Олар есейтеді. Бұрын жіберген қателікті қайта қайталамауға үйретеді. Сондықтан да «нар тәуекелге» салып, істі бастап кеткен дұрыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға