Президент: Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын жалпыұлттық бірегей мереке

Президент: Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын жалпыұлттық бірегей мереке
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.

Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке. Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз. Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды. Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті. Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс. Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі. Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады, – деді Президент.

Оның айтуынша, қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталады.

Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады, – деді ол.

Оқи отырыңыз